- Advertisement -

Елді мекендер ертеңіне сенеді

121

- Advertisement -

Өткен жыл еліміз үшін елеулі оқиғаларға толы болды. Бірлігімізді, елдігімізді танытатын мерейлі даталарды лайықты деңгейде атап өттік, мемлекет дамуына негіз болатын Ұлт жоспарын қабылдадық. Оны жүзеге асыруға кепілдік беретін заңдық құжаттар әзірленді. 

Бұл – елдік тұрғыда атқарылған ауқымды шаралар. Одан бөлек, өңірлерде, аудандарда, ауылдық округтерде әлеуметтік-экономикалық мәселелер оң шешімін тауып, жоспарлы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатты. Оның бәріне тұрғындар куә болды. Және кімнің қалай жұмыс істегені белгілі. Себебі, жыл ішінде атқарылған жұмыстардың қорытындысы ауылдық округ әкімдерінің есебінде жан-жақты айтылады.
Ауданда биыл алғашқы болып Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Серік Баймұратов есеп берді. Қызылшаруа ауылында өткен есепті жиынға қатысуда тұрғындар белсенділік танытты. Ауыл әкімі округте жыл ішінде атқарылған жұмыстарды саралап, көкейкесті мәселелерге тоқталды. Әлеуметтік мәселелерге кеңірек тоқталып, ауыл шаруашылығы саласында мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі жайлы кеңірек түсінік берді.
Есепті жиында ауыл тұрғындары өздерін толғандыратын жайттарды қозғады. Ауыл азаматтарының сөзінен қызылшаруалықтарды ауыз су мен жол жайы алаңдататынын түсіндік. Ауыл тұрғыны Әлен Баймұратов жоғарыда айтып өткен екі мәселеге тоқталса, ауылдың ақсақалдар алқасының төрағасы Өксікбай Көшкінбаев көше жолдарын ретке келтіруді өтінді. Ал Бәйтелі ауылында өткен есепті жиында мал өтетін көпірдің мәселесі сөз болды. Ауылдың ақсақалдар алқасының төрағасы Бекмаханбет Байхожаев көпірді жөндеуді кешеуілдетуге болмайтынын баса айтты.

* * *
Абай ауылының тұрғындары округ әкімі Сауытбек Иманбаевтың жұмысына оң бағасын беруде. Дегенмен, Көкарық бөлімшесінің тұрғындары ауылда көкейкесті мәселелердің барын жасырмады. Атап айтқанда, Амангелді көшесіндегі көпірдің көміліп қалуына байланысты көктем, жаз мезгілдерінде шарбаққа су әкелу қиындық тудыратынын, Қ.Сәтбаев көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының тозып кеткенін, ауыл мешіті имамсыз қалғанын қозғады. Ауыл әкімі аталған мәселелердің бәрі ағымдағы жылы шешімін табуға күш салатынын айтты. Ақсақалдар алқасының төрағасы Рысқұлбек Секербеков жыл ішінде атқарылған жұмыстарға көңілі толатынын жеткізіп, өз пікірін ортаға салды. «Мемлекет қолдауымен ауыл ажарланып келеді. Орталық көшелерге асфальт төселді. Балаларымыз білім алып жатқан білім ошағы аудандағы ең сәулетті мектептердің бірі саналады. Түнгі уақытта көше жарықтары жанып тұр», – дейді қария.

Нұрболат Әлдибек,
«Ақ жол».

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support