- Advertisement -

Игерілмеген жер мемлекетке қайтарылады

99

- Advertisement -

Ағымдағы жылдың бірінші қаңтарынан Елбасы жариялаған бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Мемлекетті, экономиканы және қоғамды тұтастай дамыту үшін жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне еніп отыр. 

Ұлт жоспарында экономиканың аграрлы секторын дамытуға үлкен мән беріліп, ішкі сұраныстарымызды қамтамасыз етіп қана қоймай, елімізді әлемдік азық-түлік нарығының басты ойыншыларының біріне айналдыру міндеті қойылған. Ал ауыл шаруашылығының негізі жер болып табылатындықтан алға қойылған мақсатқа жету үшін жоспардың 35 және 36 қадамдарында қолда бар жер ресустарын пайдалану тиімділігін арттыру көзделген.
Бұл туралы Жер қатынастарын реттеу саласы бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар және алда тұрған міндеттерді саралауға негізделген жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев жан-жақты қаузады. Сондай-ақ, есеп беру жиынында баяндама жасаған облыс әкімдігі жер қатынастар басқармасының басшысы Ілияс Тортаев басқарма тарапынан жүргізілген жұмыстарға тоқталып өтті.
– Өздеріңізге белгілі, облысымыз жер ресурстарынан кенде емес. Облыс республика аумағының 5,3 пайызын немесе 14 миллион 426 мың гектардан астам аумақты алып жатыр. Бұл халық санына шаққанда облыстың әрбір тұрғынына 13,5 гектардан айналады. Өңір аумағының 72 пайызы тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге қолайлы жерлер болып табылады,-дей келе, басқарма басшысы қолда бар байлықтың қай деңгейде пайдаға асып жатқандығын тіліне тиек етті. Оның айтуынша, 2014 жылмен салыстырғанда өткен жылы егістік жерлердің игерілу көлемі 7 мың гектарға ұлғайған. Алайда, облыс аудандарында 62,3 мың гектар егістік жер пайдаланусыз қалған. Мониторинг қорытындысы егістік жерлерді пайдалану көрсеткіші Мойынқұм, Сарысу, Талас аудандарында 71-84 пайыздан аспай отырғандығын көрсеткен. Егін шаруашылығы жақсы дамыған аудандар ішінде жердің ең төменгі игерілу көрсеткіші Шу ауданында қалыптасып отыр. Аталмыш ауданда өткен жылы 32 мың гектардан астам егістік жер пайдаланусыз қалған. Баяндамашы бұл көрсеткіштер жерді пайдалану мен қорғауды бақылау деңгейінің талаптарына сай еместігін алдыға тартады. Сонымен қатар, Абдалы Тоқбергенұлының сауалына жауап қатқан Ілияс Тортаев жер қорын түгендеу жұмыстарының қорытындысы бойынша бос жатқан жерлерді мемлекет иелігіне қайтару шаралары үздіксіз жүргізіліп жатқандығын айтты. Бүгінгі таңға анықталған жердің 547 мың гектары яғни 93 пайызы қайтарылған. Десек те, алдыңғы жылы жүргізілген түгендеу барысында мәлім болған 43 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет иелігіне қайтарылмай отыр. Атап айтар болсақ, Қордай ауданында – 3, Шу ауданында 40 мың гектар жер мемлекет иелігіне өтуі керек. Абдалы Тоқбергенұлы қайтарылған жер экономикалық айналымға тартылуы тиіс екендігін айтып, бұл бағытта жерді оны игеруге мүмкіндігі бар және аграрлық салаға инвестициялар салатын тұлғаларға беру туралы мәселені облыс әкімінің өзі назарға алып отырғандығын жеткізді.
Ол ғана емес, басқарма басшысы басқарма тарапынан 2013-2015 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы мақсатында жерді ұтымды пайдалануға бағытталған облыстық бағдарламаның жүзеге асырылғаны туралы да тоқталып өтті.
– Бағдарлама аясында жергілікті бюджет есебінен көп жылдық екпелер және саяжай алқаптары орналасқан жерлер түгендеуден өткізілді. Сол сияқты, бүлінген жерлердің есебін нақтылау жұмыстары да жүргізілді.
Аталған шаралардың қорытындысы облыс аумағында 6278 гектар бүлінген жердің бар екендігін көрсетті. Атап айтқанда, ең көп бүлінген Сарысу ауданында – 2,5 мың, Талас ауданында – 1,6 мың, Мойынқұм ауданында – 721, ал Жамбыл және Қордай аудандарында 300 гектардан астам жер қалпына келтіруді талап етеді. Бұрың саяжайлар үшін бөлінген 438 гектар алқап бүгінде бос қалған. Бұл жер Байзақ, Жамбыл, Меркі, Сарысу, Т.Рысқұлов, Талас және Шу аудандарына тиесілі. Көп жылдық екпелерді түгендеуден өткізуді де өткен жылы толық аяқтау көзделгенімен бұл шара Шу ауданында атқарылмаған, – деді І. Тортаев. Сондай-ақ, ол пайдаланусыз жатқан ауыл шаруашылығы алқабын экономикалық айналымға тартудың бірден бір жолы – жердің сауда саттығын өткізу екеніне тоқталды. Оның айтуына сүйенсек, есепті мерзім аралығында облыс аудандарында жерге құқықтарды табыстау мақсатында 24 аукцион және 22 конкурс өткізіліпті. Нәтижесінде конкурстық жүйе бойынша 300 мың гектар жер жалға беріліп, өткізілген аукциондар арқылы жергілікті бюджетке 124 миллион теңге кіріс түскен. Әлбетте, қазіргі экономикалық және қаржылық қиыншылықтар кезеңінде жердің сауда-саттығын өткізіп тұру жергілікті бюджеттің кірісіне оң әсерін тигізері сөзсіз. Осыған байланысты конкурстар мен аукциондар өткізу арқылы жылына аудандар 40-50 миллион, Тараз қаласы 100-120 миллион теңге көлемінде кіріс келтіру міндеті қойылған.
Жер қатынастарын реттеу саласы сыбайлас жемқорлық фактілері орын алу қаупі жоғары сала болып табылады. Осыны ескерген басқарма басшысы жұмыстар барысында заң бұзушылықтардың тоқтамай отырғандығын алға тартты. Өткен жылы Байзақ, Жуалы, Шу аудандарында сала мамандарының және ауыл әкімдерінің тәртіптік жауапкершілікке тартылғаның жеткізген ол заңды бұзу фактілері мамандардың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларын білмеуден туындап отырғаның жасырмады. Өз баяндамасын қорытындылай келе басқарманы өткен жылға қаржыландыру жоспары 1 миллиарл 72 миллион 108 мың теңгені құрап, оның игерілуі 100 пайызға орындалғаның жеткізді.
Бұдан кейін аудан әкімі орынбасарлары мен Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы баяндама жасап, сала бойынша өз тараптарынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, туындаған сауалдарға жауап берді. Соңыра ұсыныстар қабылданып, пікірлер тыңдалды.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support