Әлеумет

Ауылдың ахуалы жақсарып келеді

Ауылдың ахуалы жақсарып келеді

Қамқалы ауылдық округіне қарасты Жайлаукөл, Қамқалы ауылдарында өткен есеп беру жиналысында округ әкімі Жанғозы Жаркенов өткен жылы атқарған жұмыстарды қорытындылап, алдағы міндеттерімен бөлісті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Д.Асанова, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Әукенов, ауданның мекеме басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.

– Ауылдық округтің экономикалық, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарын дамытуға бағытталған мәселелерді шешу бағытында өткен жылы біраз жұмыстар атқарылды. Мал басы өсті, ауылдардың әлеуметтік жағдайы жылдан-жылға жақсару үстінде. Мысалы, Шығанақ ауылына көше аңдатпаларын орнатуға, көшелерде түнгі жарықты тұрақты қамтамасыз етуге, тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын полигон құрылысын салуға қаражат бөлдіруге ұсыныстар жасадық. Үш ауылдың ортасындағы көлік жолдарын ағымдағы жөндеуге тиісті ұйымдарға сұраныс жасалынды. Алдағы уақытта Қамқалы ауылындағы медициналық пунктті жаңа заманауи қондырғылармен қамтамасыз ету мәселесін шешуді аудандық орталық аурухана басшылығынан сұрап отырмыз. Кәсіпкерлермен бірлесе отырып, тұрғындарды отын-сумен, оның ішінде, көмір тасымалдаумен көрсетілетін қызметтерді ұйымдастыру және әлеуметтік азық-түліктерді шекті бағада ұстау басты назарымызда бола бермек. Ауыл әкімі шаруа қожалықтарын ірілендірудің тиімділігін тілге тиек етіп, оның несие алуға ықпалы болатынын жеткізді. Есеп беру жиынында сөз алған округ тұрғындары Досбол-Шығанақ бағытындағы тасжолының ойылуынан шұңқырлар пайда болып, екі араға қатынайтын қоғамдық көліктерге қолайсыздық туғызып отырғанын бұған жұртшылықтың наразы екендігін еске салды. Әсіресе, Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл ауылдары ұялы байланысқа қол жеткізе алмай келе жатқандығы, көпір жанындағы дамбыны жөндеудің сөз жүзінде қалып отырғандығын қынжыла сөз етті. Есеп беру жиынында өңірге қатысты өзге де мәселелер көтеріліп, оларды шешу үшін арнайы іс-шара жасалынып, тиісті органдарға жіберілетін болды.  

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Қамқалы ауылы, Сарысу ауданы.