- Advertisement -

«Мен шындықты жақсы көремін»

311

- Advertisement -

9_42дейді «Бүкпесіз әңгіменің» бүгінгі қонағы жазушы, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Мархабат Байғұт

– Мархабат аға, сізді ізбасар інілеріңіз қазақ әдебиетіндегі проза жанры бойынша еліміздегі үздік ондыққа кіреді деп бағалап жүр. Әңгімемізді балалығыңыздан бастасақ. Әдебиетке келуіңізге балауса, бал дәурен шақтың әсері бар шығар?
– Мен мына Жуалы ауданына іргелес жатқан Түлкібастың Пістелі ауылында туылғанмын. Ол жер ертеректе Таупістелі аталған, бертін келе «тау» деген алғашқы буыны түсіп қалғанға ұқсайды. Таупісте дегеніміз – жаңғақ тұқымдас, биіктігі 5-6 метр келетін жеміс ағашы. Пістелідегі бастауыш мектепті тауысқан соң бесінші сыныпта Жуалы ауданындағы Кеңес орта мектебінде сол ауылдағы Базаркүл әпкемнің үйінде оқыдым. Сыныбымызда Өмірзақ деген бұзықтау бала бар еді. Сол бір үзілісте 3-сыныпта оқитын Хадиша дейтін қызды жерге құлатып, жылатып қойды. Қыздың беті жырылып, жарақат алып, жәбірленді. Мен осы жағдайды республикалық «Қазақстан пионері» (кейіннен «Ұлан» газеті болып өзгерді) газетіне жазып жібердім. Көп ұзамай-ақ әлгі басылымға мақалам жарық көрді. Ол кезде «Қазақстан пионері» газеті әр үйге барады. Мақала шыққан күні мектебіміздің бүкіл баласы «шу» ете қалсын. Мектеп директоры Мұраталиев мені шақырып алып: «Оңбаған, Түлкібастан тентіреп келіп оқып жүрсің. Бізді бүкіл республикаға масқараладың ғой», – деп, жерден алып, жерге салды. Басым салбырап, көзім жасқа толып шығып келе жатыр едім, алдымнан әдебиетші Жадыра Әбдірашев ағай кездесе кетті. ҚазМУ-ды бітірген, өте білімді ұстаз еді. Ол сыртқа шығарып алды да: «Тілің жақсы екен, сен жылама, қорықпа, жаза бер! Жаз!» – деп, басымнан сипады. Далада жапалақтап қар жауып тұр еді. Сол аппақ қар менің аппақ армандарымдай еді. Арада екі күн өткенде ауыл шетіндегі мұз үстінде екі шешен балаға қосылып, Өмірзақ мені ұрмақшы болды. Бірақ, дәл сол жерде ол шешімін аяқ астынан өзгертті. Қасындағылары маған қол жұмсай бергенде, Өмірзақ: «Қойыңдар, тоқтатыңдар!» – деді. «Неге, неге?» деп жатыр шешеннің балалары. «Біз мұны ұрсақ, ертең газетке тағы жазады ғой», – деп әлгі үш дос мені жөніме жіберді. Жазудың күші барын, қаламның қуаты талай қиындықтан құтқаратын қалқан екенін алғаш рет сонда сезіндім. Сөйттім де жаза бердім. Жазуымды үдетіп, аудандық «Жаңа өмірге», облыстық «Еңбек туына» (қазіргі «Ақ жол») газетіне хатпен жөнелтуді жиілеттім. Әдебиетке келуіме, міне, осы жағдай себеп болды. Арада 20 жыл өткенде облыстық газеттің тілшісі ретінде Алғабас ауданына барғанмын. Сол жерде Өмірзақпен кездестім, бір кеңшардың бас агрономы екен. Оның жұбайы Гүлсараны аудандық газетте жүргенімде озат ұстаз деп мақтап жазған екенмін. Сол кездесуден соң екі отбасы достасып кеттік. Қазір олардың қызы Маржан Арапбаева – елімізге белгілі әнші.
– Студенттік сәттеріңізден сыр шерте отырсаңыз. Көңілдің бір қиырында қалған сол жылдарды еске аласыз ба?
– Менің студенттік жылдарым әсерге, кедергілерге, тосын жағдайларға толы болды. Кім біледі, сонысымен де маңызды шығар. Менің жалпы үш толқын курстастарым бар. Әуелі 1964 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне күндізгі бөлімге түстім. Жұрт қатарлы. Қазіргі таңда ТарМПИ-дің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматова 16 жасар студент еді сонда. Бізбен бірге оқыды. Жамал, Майра деген қыздар оқыды. Бірінші курста жүргенде әскерге кеттім де, университеттегі оқуым үзілді. Отандық борышымды өтеп келген соң басқа толқынмен оқуға тура келді. Алғашқы курстастарым ол кезде 4-курсқа барып қалды. Дегенмен, анамның науқастануына байланысты елге оралуыма тура келді. Оқуымды одан әрі қарай сырттай бөлімде жалғастырдым.
IMG_2070– Сіздің «Бір дорба диплом» деген әңгімеңізде университеттің сырттай білім алатын бір топ түлектері жоғары білімін растайтын құжатты старостаның қолынан алады. Бұл өзіңіздің басыңыздан кешкен жағдай ма?
– Бұл әңгімеде өзімнің және курстастарымның басынан өткерген оқиғалары жазылған. Шынында, бізге диплом беретін кезде ректордың да, проректордың да, тіпті сырттай бөлімнің деканының да қолы тимеді. Сырттай оқыған соң белгілі ғой. Кейбір группалас қыздар тұрмысқа шығып кеткен. Арасында айы-күні жетіп отырғандары да бар. Мезгіл – жаз айы. Күн күйіп тұр. Әлгі қыздар ыстыққа шыдай алмай, партаның үстінде теңселеді. Бір кезде «Университет басшыларының екі-үш күнсіз қолы тимейді» деген хабар алдық. Жігіттер-қыздар бұл жағдайға түсіне алмай, ызадан жарылардай болды. Алыс облыстан үш-төрт күн пойызда жүріп әрең келгендері бар. Мұндайға қалай төзсін?! Мен тобымыздың старостасы едім. Замандастардың, қарындастардың осынша қиналғанына шыдай алмай, ақтөбелік Ханшайым деген белсенді студент екеуміз сырттай бөлімнің деканатына барып, дауласып жүріп, сол күні дипломдарды алған едік. Сөйтіп, сол Ханшайым екеуміз әлгі дипломдарды тобымыздың барлық қыз-жігіттеріне өз қолымызбен табыстағанымыз бар. Сырттай оқитын студенттің жағдайы үнемі осы жағдайға ұқсас болады ғой.
– Қазіргі әдебиетті қалай бағалайсыз? Осы күні қазақ әдебиетінде ірі дүниелер жазылмай жатыр дегенге келісесіз бе?
– Тәуелсіздіктің әдебиеті жасалмай жатыр, нағыз шығармалар, мықты романдар жоқ деген пікірлер бар, әрине. Тәуелсіздік тудырған тұлғалардың болмысы көрсетілмей жатыр деуге келісуге болар. Биыл, мәселен, ең қастерлі ұғым еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Осындай қастерлі құндылыққа үлес қосқан қайраткерлер қашанда құрметтелуі тиіс. Әдебиетте де олардың еңбегі көрініс тапқаны жөн. Алайда, ақын-жазушылар ештеңе жазбай кетті, қол қусырып қарап отыр деген шындыққа сай келмейді. Дәуірлер алмасуына байланысты әдебиетте кішкене кідіріс бар шығар. Мұндай жағдай осыдан жүз жыл бұрын Америка әдебиетінде болған. Қазір бізде жаңадан жазылған жақсы, көркем дүниелер бар. Әкім Таразидың «Жаза», Төлен Әбдіковтің «Парасат майданы» романдары, Таласбек Әсемқұловтың тарихи роман, повестері жаңа сапада жаңадан жазылды. Кейінгі жылдары қазақ әдебиетін Тынымбай Нұрмаханбетов, Қалихан Ысқақ, Нұрғали Ораз, Қуандық Түменбай, Жүсіпбек Қорғасбек, Қуаныш Жиенбай, Роза Мұханова, Көсемәлі Сәттібайұлы жаңа шығармаларымен толықтырды. Өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен жазушылары қазақ әдебиетіне қызығады. Біздің прозамыз да, поэзиямыз да жаңашыл бағыт алып, өркендеп келеді. Соңғы жылдардың өзінде қазақ әдебиетінің өкілдері әлемдік деңгейдегі повесть, әңгіме, романдарын жаза білді. Тек соны талдау өз деңгейінде емес. Бізде жаңа кітап шықса, авторын мақтай жөнеледі. Мен бұл тұрғыда ойымды білдірсем, кітаптың авторын мақтамасын да, даттамасын да, жазылған шығарманы талдасын дер едім. Сосын қазір тапсырыспен шыққан кітаптардың өзі бір-екі мың данадан аспайды. Мәселен, Таразда шыққан кітап Алматыға, Астанада шыққан кітап Шымкентке, Атырау, Арқа, Алатауға жетпейді. Оған бір мысал, Шығыс Қазақстан облысында тұратын Нұржан Қуантайұлы деген жазушы жаңа роман жазып бітіріпті деп естіп жатырмын. Нұржан Қуантайұлы – жақсы қаламгер. Егер оның жаңа романы қолыма түссе, қуана-қуана оқитын едім. Қазір кітап шығарудың да мәні кетті. Мерейтойларға, біреуді мақтап жазуға арналған кітаптардан аяқ алып жүре алмайсыз. Шын шырылдап, көркем әдебиетте жүргендерге қаламақы төленбейді. Таралым мәселесі төмен. Бұл жағдайларға бас ауыртып, жаны ашып жүрген ешкім жоқ сияқты. Жегенге, шашқанға қаражат табылады. Көркем әдебиетпен айналысушыларға табылмайды, бұл қалай? Жаңадан кітаптары жарық көрген қаламгерлердің қаламақысын төлеуге жылына 500-600 миллион теңге қаражат жетеді екен. Бірақ, қазір ақы төленбесе де жақсы шығармалар жазылып жатыр. Жастардың шығармашылығында да жаңашылдық, өрлеу бар.
– Жас қаламгерлердің шығармашылығы туралы айтып қалдыңыз. Сіз бір сұхбатыңызда «Жас қаламгерлерден Бейбіт Сарыбайдың, Лира Қоныстың, Аягүл Мантаеваның шығармашылық ізденісін құптаймын» депсіз. Жас жазушылардың кейбір қателіктерін жіпке тізетіндер де бар…
– Олар жайлы әлі сол пікірімдемін. Жас болған соң албырттық болады. Ондай мінез, жастық, әсіресе әдебиет өкілдерінде болуы да керек. Жас қаламгерлердің қателіктеріне кешірім қажет. Әдебиетшіге, ақынға түп-түзу жүру, өте тәртіпті болу дұрыс емес. Бір мәрте сынға ілікті деп, жас жазушыларға деген құрметімді өзгертпеймін. Олардың қателесе жүріп түзелетініне, түбі озық әдебиетші болатынына сенемін. Бұл үздік топта жоғарыдағы аты аталған аз ғана қаламгер емес, бірнеше талантты жастар бар. Мәселен, Мәлік Отаралиев, Қанат Әбілқайыр, Дархан Бейсенбек бар. Мен осындай дарынды жастар үшін қуанамын.
– Жақында Түркияның астанасы Анкарада, Қазақстан елшілігінде Сіздің «Дауыстың түсі» атты әңгімелер жинағыңыздың тұсаукесері өтіпті. Құтты болсын!
– Рахмет. Менің бірнеше шығармаларым жинақталған бұл кітап Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қаржыландыруымен, Еуразия Жазушылар одағының «Бенгу» баспасынан басылып шықты. Баспаға дайындап, ұсынған – Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Мәлік Отарбаев. Жинақты түрік тіліне аударған – Эльмира Қалжанова. Тұсаукесер рәсімінде Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, жақсы пікірін білдірді. Әрине, біздің еңбегіміз түрік ағайындарымыздың жүрегіне жетіп жатса, бұл да үлкен қуаныш. Осы кітаптың жарық көруіне, аударылуына, тұсаукесерінің өтуіне себепкер болған барлық жанашыр азаматтарға алғысымды білдіремін. Азаматтардың бұл құрметін қазақ әдебиетіне көрсетілген жанашырлық деп бағалаймын.
– Бір шығармаңызда «Киікоты үркіп, тауға шығып кетіпті» деп жазасыз. «Киік оты» деген шығармаңызға тоқталып өтсеңіз…
– Бұл «Киікоты» деген шығармамды талдап, классик жазушы, қазақ әдебиетінің ақсақалы Шерхан Мұртаза «Киікотын көксеу» деген пікір жазды. Бұл жерде тауға шығып кеткен киікоты, экологияны, табиғаттың тазалығын ойламаған адамдар психологиясы бар. Жалпы, ой тастау үшін жазылды. Киікотының емдік қасиеті, керемет қажеттіліктері көңілімді тербеді.
– Сіздің шығармаларыңызда дала, ауыл, туған жер көбірек көрініс табады. Ауыл өмірін суреттейсіз. Ауыл мінезінің мына жерін қамти алмадым дегендей өкінішіңіз жоқ па?
– Мен ең бастысы ауылды, кеңшардағы тіршілікті бала кезімнен біліп, көріп өстім. Колхоздың тұсында өмір сүрдік, ғұмыр кештік. Әке-шешеміз өмір бойы колхозшы болды ғой. Осы күні кейбір әдебиет зерттеушілері колхоз деген сөзден шошынатын болып жүр. Шошынатын түгі жоқ. Колхоз – біздің балалық өткен жер. Колхоз деген – қызыл дән, молшылыққа толы қырман. Қырманды керемет жақсы көремін. Дәннің иісіне не жетсін?! Ферма өмірі, ондағы малшы, сауыншы, жұмысшылардың тіршілігі, сол дала төсіндегі қарапайым адамдардың, жастардың бір-біріне деген достық сезімі, құрметі, махаббат сезімі – мұның барлығы сұранып тұрған шығарма. Жаза білгенге. Сайын Мұратбековтің әңгімесіндей шығармалар сирек. Ол ауыл өмірін, тіршілігін, мінезін тап басып, бұлжытпай көрсете білді.
Менің «Қозапая» деген әңгімем бар. Оңтүстік Қазақстан облысында мақтаны қоза деп те атайды. Пая деген сабағы деген мағынада. Сонда «Қозапаяңыз» «Мақтаның сабағы» деген ұғымды білдіреді ғой. Осы шығармада басты кейіпкерім Ерсәліп өзін-өзі өртейді. Ал бұған кім кінәлі? Ерсәліп қозапаяны үйіп жинап, «ұштым» дейді де, әлгі үйіндіге от қойып жібереді. Жанып кетті. Әңгіме осылай аяқталады. Арғы жағында қалай ой түйетіні оқырмандар еншісінде.
– Қазір қаласақ та, қаламасақ та, әлеуметтік желі жанданып, дамып кетті. Көптеген маңызды кітаптардың электрондық нұсқасы бар. Қазір баспадан тасқа басылып шығатын кітаптар оқылады деп ойлайсыз ба?
– Менің «Кітаптан алыстаған ұрпақтың болашағы күңгірт» деген мақалам республикалық басылымдарда жарық көрді. Чикагода 7 миллион халық тұрады екен. Сол елде бір кәсіпкер әйел бір ғана кітапты оқып, миллионерлердің қатарына қосылған. Біздің елде де кітаптың орнын ештеңе алмастыра алмайды. Кем дегенде әр қазақстандық Абайдың қарасөзін оқып, біліп жүргендері жөн. Елімізде «Бір ел – бір кітап» акциясы өтіп жүр. Былтыр сол акция аясында Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерін» оқу үрдіс болды. Бұл – жақсы қадам. Өткен ғасырдың 80-жылдары университетте бір топта білім алатын 25 студенттің 23-і кітап оқитын. Жастанып оқитын. Қазір бір топтағы 25 студенттің 1-еуі ғана кітапқұмар болуы мүмкін. Дегенмен, соңғы жылдары кітап оқуға деген қозғалыс аздап жақсарды. Себебі, көркем әдебиетсіз ешқандай мемлекет алға жылжи алмайды.
– «Мәңгілік Ел» идеясы, осы жоба жайлы ойыңыз қалай?
– Ұлттық құндылыққа, тарихымызға, мәдени мұраға, салт-дәстүрге тереңдеуіміз қажет. Байлықтың тұнығы сонда жатыр. Сонда біз Мәңгілік Ел бола аламыз. Көркем әдебиет – ешқашан тозбайтын бағдарымыз, шамшырағымыз. Жас ұрпақ кітап оқу арқылы ғана жақсы болып қалыптасады.
Біздің қазаққа Абай Құнанбаев көп еңбек сіңірді. Мекемтас Мырзахметұлы Абай, Баласағұн, Ясауи даналықтарын біріктіріп, тұтастыққа негіздеді. Бұл – толық, кемел адам болуға апаратын жол. «Мәңгілік Ел» идеясын ұстанған мемлекетіміздің жастары осындай кемел, толық адам саналатын тұлғалардың даналығынан үлгі алса, адаспайды.
– Бүгінгі таңда қоғамда сирек болса да орын алып отырған екі әйел алу мәселесіне қалай қарайсыз?
– Біздің облыста облыстық мәслихаттың бір депутаты екі әйелі бар екенін ашық айтты. Ел алдында. Ең бастысы, әлгі жігіттің әйелдері бір-бірін құрметтеп, сыйласады екен. Бәйбіше тоқалдың баласын жақсы көреді. «Балаларымды еркелетпеймін. Кәсіп үйретем, шаруаға бейімдеймін. Өз жолдарын тапсын деймін», – дейді әлгі халық қалаулысы. Ең бастысы, кітапты көп оқитын жігіт ол. Маған сол жігіттің ойын ашық айтатыны, отбасын тату-тәтті ұстай білгені өте ұнады. Осындай мықты азаматтар көбейсе, екі әйел алу мәселесінен шошынудың қажеті жоқ секілді.
– Бір жылдары Қазақстан Жазушылар одағының оңтүстік үш облысқа ортақ бөлімшесінде бар болғаны 8 ғана мүше болғаны рас па?
– Әрине, рас. Қазақстан Жазушылар одағының үш облысқа ортақ бөлімшесін Қалаубек Тұрсынқұлов басқаратын. Сол бөлімшеге 8 жазушы ғана мүше едік. Бірақ, ол кезде жұрттың әдебиетке құмарлығы жоғары еді. Әлгі бөлімше жемісті еңбек етті. Әр облыс, аудандарда оқырмандармен әдеби кездесулер жиі өтетін. Насредин Сералиев, Әбжаппар Жылқышиев, Омарбай Малқаров секілді белгілі жазушылар сол кезде белсенді еңбек етті.
– Соңғы жылдары халықаралық «Шабыт» байқауынан «Проза» аталымын алып тастады. Бұл жөнінде ойыңыз қандай?
– «Шабыт» байқауынан «Проза» аталымын алып тастау қатыгездік десем, артық кетермін, үлкен ойсыздық болды. Осыдан бес-алты жыл бұрын «Шабыт» халықаралық байқауынан «Поэзия» аталымы бойынша біздің Оңтүстік Қазақстан облысынан Батырхан Сәрсенхан бас жүлде алды. Ол қазір жақсы ақын болып қалыптасу үстінде. Ал проза жағы Шымкентте қиындау. Ең жас прозашымыз Гүлдария Әшірбаеваның өзі 40 жастан асып қалды. Себебі, прозамен шұғылдану – қиын. Өзіңді орындыққа байлап тастауың қажет. Азап. Оған шыдау қиын. Қаламақы төленбейтіні тағы бар. Сондықтан, прозаға дәл бүгін ынталандыру керек деп айтар едім.
– Рухани серпілу үшін не қажет?
– Әлихан Бөкейханов айтқандай, ұлттың он пайызы ояу болуы тиіс. Кемінде он пайызы!
– Бір кездері Ахмет Байтұрсынов «Ұлтқа қызмет ету мінезден» деді. Сіздіңше, қазір ұлтын сүйетін мінезді тұлғалар бар ма, бар болса, кімдер?
– Сол Ахмет Байтұрсынов «Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деді. Қарашы, қандай сөз! Олар өздері өте білімді болды. Кейінгі ұрпақтың өте білімді болатынын білді. Кейінгі ұрпақ білімді бола тұра, олардың өз ұлтына қалтқысыз қызмет ететін мінезі бола ма, болмай ма? Міне, Ахмет Байтұрсынұлы, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов және тағы басқа тұлғаларды осы жағы алаңдатты.
Қазір де ұлтын сүйетін тұлғалар бар. Елбасымыздың патриоттық болмысына, елі үшін тәуекелге барған орасан зор жұмысына, ерлігіне риза болуға болады. Патриоттар келешекте де болады. Солардың табандылығымен еліміз алға жылжи береді, өркендей береді деп сенемін.
Дегенмен, Астананың төрінде отырған кейбір билік басындағы азаматтарға ұлттың қамы үшін бәйгеге басын тігу жетіспейді. Ұл-қыздарын да сондай патриоттыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелей алмай отыр. Көпшілігі «ақша-құдайға» сыйынып кеткен. Қолы қызметке жетсе, жақындарын жарылқап, өрен-жаранын өсіруге бейім тұрады. Ұлттың ертеңін ойлау жоқ оларда. Әкім болғандарға халыққа жақын болу жағы жетіспейді. Ұлтына, қазаққа жақын болу жағы жоғары болса.
Баяғыда хандар нашар киіммен ауылды, шаһарларды аралаған ғой. Елдің шын жағдайын білмекке тиіс біздің әкімдерге осы жағы жетіспейді. Негізі ат үстіндегі азаматтар жолы нашар, жарығы төмен көшелерге, газы жоқ, суы ащы ауылдарға жиі барғаны жөн ғой. Еліміз көркейді, десек те, қамқорлықты, көңіл бөлуді қажет ететін ондай елді мекендер, көшелер, ауылдар қазір де жоқ емес. Алысқа бармай-ақ қояйын, Шымкент қаласының кейбір көшелері, шағын аудандары ыбырсып жатады. Облыс түгілі, қала мен аудан басшыларының өздері ыбырсып жатқан жерге бармайды. Таза жерлерде жүргілері келеді. Жоғарыдан келгендерге де тек жақсы жерлерді көрсетеді. Айтуға тиіспіз. Мен шындықты жақсы көремін.
– Сіз Оңтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасын біраз жыл басқардыңыз. Не түзелді, нені түзей алмадыңыз?
– Жеті жыл бойы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасын басқарғанымда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге мейілінше кірістік. Мәселен, мен басқарма басшылығына келгенде қазақы деген біздің облыстың үш-ақ ауданында іс-қағаздары төл тілімізде жүрді. Шымкентте де мемлекеттік тіл шала-жансар еді. Қолымыздан келгенше тілімізді өркендетуге күш салдық. Сол кезде ғой Бақытжан Алдияр деген ақын інімнің «Тілім, тілім деп, тілім, тілім болып жүрсіз» деп маған әзілдейтіні. Соған қарағанда, жұмысым жаман болмаған шығар. Бәрібір тіл жүз пайыз түзелді деп айта алмаймын. Барлық аймақта солай. Қазір жақсы жағына өзгерістер бар, бірақ ол өзгерістер бізді қанағаттандырмайды. Кейбір жұртқа, кейбір жазушыларға жақпай жүрген Мұхтар Шаханов тіл, тіл деп бекер шырылдамайды. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ғылым біл» деген бар. Ағылшын, орыс тілін білген дұрыс шығар, бірақ басты құндылық өз тіліміз болуы тиіс. Өзге тіл күміс, қола болғанда, біз үшін мемлекеттік тіл алтынға тең болуы қажет. Қазір бастауыш сыныпта оқитын немерем ағылшынша санайды, сөйлейді. Мен қазақ мектебіне бергенмін, соның өзінде бірінші сыныптан бастап ағылшын пәнін енгізді. Мен бірінші сыныптан бастап ағылшын пәнін енгізгенге қарсымын. Келіспеймін. 5-6-сыныптан үйретсе, бір жөн. Өз тілінде уызына жарымаған балаға өзге тілді есін білер-білместен тықпалаудың қажеті қанша? Осыны мен түсінбеймін. Қазіргі таңда мектеп оқулығында қате деген өріп жүр. Әсіресе, Қамбар батырды ішкіш, кешегі арлы қыздарымызды жаман қылықтарға үйір етіп көрсеткен өлең жолдарын естігенде, жүрегің ауырады. Мұндайды түзейтін, мұндайға жол бермейтін кез келді.
Әуежайға барсаң, шымқай костюм киіп шіреніп, шетелге ұшайын деп тұрған қазақ жігіті орысша сөйлеп мәз-мейрам. Қымбат тон киген қазақ келіншек мемлекеттік тілде емес, өзге тілде сайрайды. Петербургта француздардың французша сөйлегеніне куә болдық. Ал біз өз жерімізде тілімізді менсінбейміз. Ойланатын жағдай бұл. Жақында естіп, жағамды ұстадым. Елімізге белгілі, бүкіл қазақ өте құрметтейтін әдебиетші-академик ағамыздың қыздары мүлдем қазақша білмейді екен, өзге тілде сөйлейді, өзге тілде ойлайды. Қазақ тіліне жаны ашуға тиіс әдебиетшінің отбасы орысша сөйлесе, онда басқамыз қайда барамыз?!
– Сізді республикалық айтыстарда қазылар алқасынан көріп қаламыз. Қазіргі айтысты қалай бағалайсыз? Оңтүстіктен Бекарыс Шойбековтен басқа айтыс жүйріктерін үлкен аламаннан көре алмай жүрміз. Ақмарал, Маржан, Карима, Анарлардың топ жарған кезін талай көргенбіз, олар қазір қайда жүр?
– 1980 жылдан айтыстың төңірегінде жүрмін. Облыстық айтыстардың өтуіне талай рет ұйытқы болдық. Мәдениет жағында қызметте жүрдім. Айтыскерлер жазып айтысатын, қағазға қарап айтысатын кезеңдер болды. Ауыл, аудандарда іріктеу өткізіп, талантты ақындарды іздедік. Бұл ретте халық ақыны Әселхан Қалыбекованың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Жаңағы аты аталған ақындардың бәрі сол кездерде жарқырап шықты, ерекше болып өнерге құлаш жайды. Жарқынбек Наушабеков, Біржан Байтуовтар да ел құрметіне бөленіп жүр. Ақмарал, Маржан, Карима, Анардың қазір республикалық айтыстардан көп көрінбей жүргені рас. Бірақ, бұл олар тоқырады деген сөз емес. Көрерменді біраз сағындырып барып өздерінің дайындығын күшейтіп, үлкен деңгеймен шығуға дайындалып жүрген болар. Қырғызда бар деп ептеп айтқанымызбен, айтыс – негізі қазаққа ғана тән ғажайып, айрықша өнер. Қазақтың шешендік өнері – айрықша биік деңгейде. Мәселен, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің шешендігін Грекиядағы ораторлықпен салыстыруға болмайды. Ораторлық шешендік өнерден көп төмен жатыр. Шешендік өнерде әдебиет, көркемдік құнар, философия – бәрі бар. Өз басым айтыста көркемдік құнарды жоғары бағалаймын. 2000 жылдары Бәйдібек ауданында өткен республикалық айтыста қазылар алқасының төрағасы болдым. Сол кезде бас жүлдеге Бекарыс Шойбеков пен Оразалы Досбосынов таласып тұрды. Ақтық сында екеуі айтысты. Қазылар екі жарылды. Жеті қазының төртеуі Бекарысты қолдаса, үшеуміз Оразалыны жоғары бағаладық. Негізі өткірлік, мәселені ойып айту жағынан Бекарыс, көркемдік құнар жағынан Оразалы басым болды. Төрағалығымды пайдаланып, Оразалыға бас жүлдені бердім де жібердім. Оразалы айтыста көлік мінбеген деген әңгімелер айтылады. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Оразалы ең алғашқы көлігін біздің облыста өткен әлгі айтыста мінген. Айтыс шындықтың мінбері болуы тиіс. Айтыс аламанын тұсаулап, тыйым салып, шідерлеп ұстаймын деу бекершілік. Айтыста айтылған нәрсе атылған оқпен тең. Айтыскерлер атқан оқтай сөз айтқаны үшін бағалы. Сол үшін жақпайды, сол үшін жағады. Қазіргі айтысқа Мұхамеджан Тазабеков пен Оразалы Досбосыновтың көркемдік құнары жетіспейді. Қазіргі жас айтыскерлердің ішінде Жандарбек Бұлғақовтың тереңдігі ұнайды.
– Жамбыл жеріне жиі жолыңыз түсе ме?
– Жамбыл аймағы мен үшін өте ыстық, қымбат. Жуалы жерінде қайта оралмас балалығым қалды. Нұрлыкенттегі мектепте оқып жүргенімде 50 күн ауырып, аман-есен жазылғаным есіме түседі. Тоқсан алты жасқа келген Базаркүл және Қамбаркүл, Құттықыз әпкелерім сол Жуалыда тұрады әлі де. Жамбыл жері – қазақтың үлкен тұлғасы Шерхан Мұртаза туып-өскен өлке. Жақында өмірден озған ғажайып адам, дарынды жазушы Әлдихан Қалдыбаевтың биік шығармашылығын бағалаймын. Белгілі жазушы, драматург Елен Әлімжанмен кездескен сайын әзіліміз жарасып, қалжыңдасамыз. Ол жақта рухани сырлас інім, талантты жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы бар. Қоғам қайраткері Баттал Жаңабайұлы, Арғынбай Бекбосын, Мейрамбек Төлепберген – өз алдына бөлек тұлғалар. Айша Көпжасарова, Шырын Мамасерікова бастаған ақын қыздар – Жамбыл облысының мақтаныштары. Осы аталған әдебиет өкілдерінің барлығы да менің достарым. Сондықтан, Жамбыл жеріне көбірек барғым келіп тұрады. Әсіресе, Жуалыға жиі жолым түседі. Сіздердің облыста кейінгі толқын жас ақындар мен прозашылардың, айтыскерлердің болашағы жарқын деп білемін.
– Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
– Ауылда саяжайым бар. Қолым босай қалса, сонда кетіп қаламын. Ағаштарды күтіп, баптаймын. Жалғыздықты жаным қалаған кезде. Көкбұлақ өзенін бойлай өскен таупісте, жалбыз, доланамен сырласамын.
– Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз…
– Жұбайым Қыздаркүл – кітапханашы. Үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Қызым Ақлима – проректор. Нұрлан мемлекеттік қызметте болса, Дулатым – дәрігер.
– Перзенттеріңіздің ішінде жолыңызды қуғаны бар ма?
– Баубегім әдебиетші еді. Өмірден озды. Артында үш перзенті қалды. Ал қазір қызым – тілші, әдебиетші. Немерелерімнің болашағынан үміт күтемін.
– Бүкпесіз әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Есет Досалы,

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support