- Advertisement -

Егесін «жоғалтқан» жылқы

94

- Advertisement -

«Тылсым» дегенде ең алдымен ойымызға ерекше бір қабілетке ие адам немесе киелі бір орын көз алдымызға елестейтіні рас. Дегенмен, адамдардың ғана емес, жануарлардың ішінде де ерекшесі, қасиеттісі болады екен. Мен оған өзім куә болдым.
Көршіміздің жақсы бір жылқысы болатын. Әлгі жануар момын әрі есті. Сондықтан үй егесі оны әрдайым ер-тоқым, жүгенсіз-ақ жайдақ мініп жүре беретін. Кейде ауылдастардың бірінің үйінен ішімдік ішіп, мас болып қалса да әлгі жылқы егесін құлатпай, қай үйден болмасын, өз үйіне тура жеткізетін. Көршімізді жылқысыз, жылқыны көршімізсіз елестете алмайтынбыз тіпті.
Тағдырдың жазуымен қаншама жыл іргелес тұрған көршіміз бір-ақ күнде о дүниеге аттанып кете барды. Артынан ақкөңіл, жайдары жанды жоқтап туыстары қала берді. Жылқыны көрген сайын отағасы естеріне түсіп жүректері ауырғандықтан ба, бірер күннен соң марқұмның жылқысы сатылатынын естідік. Есті жануар екендігін білетін мен, ойланбастан сатып алдым. Бірақ үйге алып келген соң жылқының алдына шөп саламын, жемейді. Жем беремін, аузын да апармайды. Тіпті су ішуден де бас тартты. Екінші күні де солай. Сосын жануардың егесін іздеп тұрғанын сездім де, жағынан сипалайын деп қолымды апара бергенім сол, жарықтықтың екі көзінен жас парлап ағып тұрғанын көрдім. Жүрегім ауырып, жылқының жанында әрі қарай тұра алмадым. Жануар осылай нәр сызбай, көзінен жасы ағып, егесін үш күн бойы жоқтап тұрды. Тек төртінші күнінде ғана аздап су ішіп, бір аптадан соң ғана жайлап өз-өзіне келе бастағандай болды.
Саналы делінетін адамдардың өзі тасбауыр болып бара жатқан қазіргі қоғамда санасыз саналатын жануардың осындай мейірімділігін мен Алланың тылсым жаратылысы деп қабылдадым.

Нұрсұлтан РАЙҚҰЛОВ.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support