Елеске айналған қыз
Елеске айналған қыз
Алматы мен Қапшағай арасындағы жол бойында белгісіз бір қыздың елесі такси тоқтатып тұратынын жолаушылар жарыса айтуда. Бұл туралы «Қамшы» порталы «Экспрес К» газетіне сілтеме жасап хабарлайды. Жалпы мұндай әңгімелер бұған дейін де шыққан. Тіпті, Қазақстанның әр облысында осындай сарындағы әңгімелер бар. Мысалы, бұдан біраз жыл бұрын Ақтөбе облысында жол бойында тұяқты қыздар кездесті деген аңызға бергісіз әңгіме шыққан еді. Астана, Қарағанды маңынан да осындай елестер көрінген.
Осы өңірлердің кей тұрғындары бұл елестерді жол бойында таксишілердің қолынан қаза тапқан қыздардың аруақтары екенін айтқан болатын. Жол торыған, жүріс-тұрысы жұмбақ бұл қыздар туралы әр өңірде айтылып жүрген әңгімелердің негізгі мазмұны ұқсас. Тек оқиға орны мен бірді-екілі жағдайлар ғана өзгертіліп айтылады. Мына Алматы–Қапшағай тас жолында такси тоқтатып жүрген қыз туралы сыбыс та сондай. Кей жүргізушілер оның да тұяғы барын байқаған. Тоқтаған көліктерге отырған ол қыз жүргізушіге нөмірін айтып, үйіне хабарласуын, қыздарының келе жатқанын айтуын сұрайтын көрінеді. Телефон шалған адамдар қыздарының ертеректе қаза болғанын айтқанда таңғалған жүргізушілер салонда отырған қыздың жоқ болып кеткенін байқаған. «Елес туралы аңыз кең тарағаны сонша, көп жүргізушілер Қапшағай тас жолында такси тоқтатқан қыздардың барлығынан қорқып, тоқтамай кетіп жатыр. Бұл мәселені біршама зерттедім. Мұндай әңгімелердің тарап жүргеніне 20 жылдан асыпты және бұл әңгімелер негізсіз емес. Мен жол бойында қайтыс болған қыздың ата-анасын таптым. Олар әлі Алматы қаласында тұрады. Оларға такси жүргізушілері бірнеше рет қоңырау шалып, қыздарын әкеле жатқанын айтқан. Ол кісілер тіпті, жол бойына молда апарып, Құран да оқытқан екен», – депті Алматы қаласының бір тұрғыны.