Мемлекет пен қоғам бірлесе күрес жүргізуі керек
Мемлекет пен қоғам бірлесе күрес жүргізуі керек
Сыбайлас жемқорлық – қоғам үшін қауіпті әрі жағымсыз әлеуметтік көріністің бірі. Ол мемлекеттің әлемдік қоғамдастық алдындағы беделін төмендетеді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде атап көрсетуі де сондықтан. Елімізде тәуелсіздік алған жылдардан бастап, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қатаң мемлекеттік саясат қалыптасты. 1998 жылы қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңға бірнеше рет өзгерту мен толықтырулар енгізіліп, күресудің жаңа жолдары қарастырылып келеді. Соның бірі – Елбасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылдаған стратегиялық бағдарламасы. Онда мемлекетті іштен ірітетін жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттарын көрсетумен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын, оны тудыратын себептер мен жағдайларды және қоғамды кеулеген жегі құрт – жемқорлық деңгейін едәуір қысқартуға ықпал ететін кешенді шаралар қамтылған. Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнама мен салалық бағдарламаның талаптарын орындау мақсатында жоспарлы жұмыс атқаруда. Мекемеде Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшiлерiнiң Ар-намыс кодексінің мәтіні және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес - әр мемлекеттік қызметшінің ортақ міндеті» атты стенд, жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiне арналған жәшік пен басқарма басшыларының қабылдау кестесі қолайлы жерлерге орналастырылған. Сондай-ақ, онда мемлекеттік қызметшілердің этикасын бақылау кітабы қойылған. 45-63-53 «Сенім телефоны» жұмыс істейді. Осы ақпараттарды басқарманың (www.economica-zhambyl.gov.kz) ресми сайтынан да табуға болады. Бүгінгі күнге дейін басқармадағы мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекетіне қатысты сенім жәшігіне түскен шағымдар, мемлекеттік қызметшілердің этикасын бақылау кітабына жазбаша тіркелген немесе сенім телефоны арқылы ауызша айтылған айғақтар тіркелген жоқ. Бұл – басқармада жемқорлықпен күрестің жүйелі жолға жүргізілетінін көрсетеді. Сонымен қатар, басқарма жанындағы құқықтық оқытудың жұмыс жоспарына сәйкес былтыр 12 мамырда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша Департаменті өкілінің қатысуымен құқықтық оқу ұйымдастырылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде есеп беру кестелеріне сәйкес басқарма басшысы алдын ала белгіленген елді мекендердегі тұрғындар алдында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде есеп берді. Аталған басқарманың мемлекеттік қызметшілеріне қатысты сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық бойынша тәртіптік және қылмыстық жазаға тартылу туралы фактілер орын алған жоқ. Елбасымыз айқандай, мемлекет пен қоғам біртұтас майдан құрып, жемқорлыққа қарсы аянбай күресуі қажет. Яғни, азаматтардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, берік иммунитет қалыптаспай, жағымсыз әрекеттен жұртшылық жиіркенетіндей жағдайға жетпей, қалаған нәтижеге қол жеткізуіміз мүмкін емес. Сондықтан, барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар өз құзыреттері шегінде және азаматтық тұрғыда қоғамдағы қауіпті індет – сыбайлас жемқорлықпен көп болып күрес жүргізуге міндетті.
Жомарт Әмірханов, облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.