Әдебиет

Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ

Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы жайлы жаңа жинақ тың деректерге толы

Биыл ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманына айналған ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толғалы отыр. Осынау азаттықтың ширек ғасырлық мерейтойы мерейлі де маңызды сәт екені даусыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та ұлан байтақ даланы жайлаған қазақ елі үшін Тәуелсіздіктен асқан байлық, қастерлі ұғым жоқтығын үнемі жеткізіп келеді. Ендеше, осындай мәртебеге ие Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында түрлі тағылымды шаралар ұйымдастырылып, парасат көзімен өткенге ой тастап, келер күнге деген сенімімізді бір нықтап алғанымыз абзал.

Жуырда Алматы қаласындағы «Тоғанай Т» баспасынан жарыққа шыққан «Алматы. 1986. Желтоқсан» атты айғақ-кітабының сегізінші томы да азаттық мерекесіне тарту болды десек қателеспейміз. Белгілі публицист-жазушы Талғат Айтбайұлының құрастыруымен жарық көрген жинақтың сауатты оқырмандардан оң бағасын алатыны сөзсіз. Олай дейтініміз, тың мәліметтерге толы кітап авторларының шұрайлы тілімен баурап алады. Жинақтың кіріспесінде айтылғандай, Желтоқсан оқиғасы – таусылып, сарқылмайтын тақырып. Жинаққа енген жазушылар Ғаббас Қабышұлының «Шындықтың шырайын сақталық», Көсемәлі Сәттібайұлының «Аты шулы» офицер Дәукенов», журналист Көлбай Адырбекұлының «Сергелдең күндердің сызы» атты шығармалары мен өзге де қаламгерлердің, желтоқсаншылардың жырлары, естеліктері, әңгімелері кітап мазмұнын байытып тұр.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».