Жаңалықтар

Бәрі өзімдікі

Бәрі өзімдікі

Жемқорлардың да түр-түрі болады екен. Мәселен, өзім дегенде өзгені пысқырмайтындар, бекерден-бекер ысқырмайтындар туралы айтқым келіп отыр. Кішкентай балалар болады ғой. Әкесі базардан үш баласына үш ойыншық сатып әкеледі. Соны үлкені әлімжеттік қылып, үш ойыншықты да өзі иемденіп алады. Әкесі: – Балам-ау, саған да әкелдім ғой! – Бәрі өзімдікі! – Мынау ғана сенікі! – Жоқ, бәрі өзімдікі! Әкесі келесі жолы базардан тек екі баласына ғана ойыншықтар сатып әкелсе керек. Әдейі. Сол арада-ақ үлкені екі ойыншықты да иемденіп шыға келеді. – Балам-ау, сен үлкенсің ғой. Бұл өте кішкентайларға арналған ойыншық! – Бәрі өзімдікі! – Бере ғой енді... – Жоқ, бәрі өзімдікі! – Оның бәрін неғыласың? – Бермеймін! Өзімдікі! Әкесінің жыны келіп, басына шапалақпен салып қалып: – А, иттің ғана баласы десе! Кейін өскенде шенеунік боларсың, жемқор боларсың, сонда бір өзің ғана жей бермей, ұстайтындарға да қалдырсаң болады ғой! – деп ұрысса керек. «Өй, өзімдікі!» деп өскен бала кейін шынында өлермен болады ғой деймін? Таразда парамен ұсталған шенеунік ақшаны бермей, «өй,өзімдікі!» деп қиғылық салыпты. Тараз қаласының бас экологы мен оның орынбасары, сондай-ақ, осы департаменттің бөлім басшысы бизнесменді кабинетке кіргізіп алып, пара алып жатқан жерінде «құдай ұрып» қалған. – Бұл ақшаны қайдан алғаныңызды түсіндіріңіз? – дейді ғой тергеуші. – Өй, өзімнің ақшам. – Шын ба? – Өй, өзімнің ақшам дедім ғой! – Қанша еді ақшаңыз? – 100 мың... – Осы қазір ғана сізді ұстап алдық қой? –Менің ақшамды ұстап алдыңыздар. – Ұялмайсыз ба? – Менде бет жоқ... – Не, ашсыз ба, пара алатындай? – Үйде ет жоқ... Облыстық экология департаменті басшысы мен орынбасары және бөлім бастығы осылай өздеріне шаң жуытатын емес. Аты-жөндерін кейінірек айғақтай жатармыз. Олар 100 мың теңге парамен ұсталып отыр. Бұл «үш ноян» ұзақ уақыттан бері аймақтағы бизнес өкілдерінен жас емес, қан ағызса керек. Қалай дейсіз бе? Атқарылған жұмыстың қабылдау актісіне қол қою үшін кемі 45 мың мен 400 мың теңге аралығында ақша сұрап, алақан жайған. Жүйелі түрде. Өйтпесе, қол қоймай күйдіреді. Мұндай «схема» Қазақстанның өзге өңірлерінде де сызылып қойылған. Әсіресе, Шымкентте... Тараздық шенеунік «Өй, өзімдікі!» деді ме? Қап, Жаңа жылға қарсы осы сөзді айтпай-ақ, «Менікі емес, бұл ақша қайдан жүр өзі?» дей салмады ма? Әй, күйдіргі-ай!

Жебе САДАҚҰЛЫ.

(«Ара», 15 қаңтар 2016 жыл).