Құқық

Тікұшақ апатқа ұшырады

Тікұшақ апатқа ұшырады

23 қаңтар күні облыс аумағында тікұшақ апатқа ұшыраған еді. Кейін ұшқыштың зардап шеккені, оның Тараздағы №1 ауруханада екендігі анықталды. Оқиға Тұрар Рысқұлов ауданындағы Садыхан қыстауынан үш шақырым қашықтықта болған. Төтенше оқиға жайлы хабарлама 112 телефонына 23 қаңтарда кешкі уақытта келіп түскен. – Апатқа ұшыраған тікұшақтың ұшқышы жансақтау бөліміне жеткізілген. 62 жастағы Валерий Михин Тараздағы №1 ауруханаға 24 қаңтарда бетінің, басының, аяқ-қолдарының І-ІІ-ІІІ дәрежеде күйікке ұшырағаны туралы диагнозбен түскен. Оның тыныс алу жолдарын да ІІ дәрежедегі күйік шалған. Науқастың жалпы жағдайы ауыр. 25 қаңтарда 09.00-де дәрігерлер консилиумы оның жағдайын қарады, жансақтау бөлімінде жатыр, – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің өкілдері. – Оқиға орнына Тұрар Рысқұлов ауданының ТЖ жөніндегі аудандық бөлімінің және облыстық ТЖ жөніндегі департаментінің қызметкерлері апаттық-құтқару және іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін дереу жіберілді. 20.30-да оқиға орнына медициналық қызмет көрсету үшін жедел жәрдем бригадасы жөнелтілді, – деп хабарлады төтенше жағдайлар қызметі. Апаттың себебін арнайы құрылған комиссия анықтайды.

«Ақ жол-Ақпарат».