Мойынқұмда мал күйлі
Мойынқұмда мал күйлі
Сәні мен әні жарасқан Мойынқұм жұртының төскейдегі төрт түлігінің төртеуі де түгел. Малды бағып-қағудың жай-жапсарын, аурудың алдын алу жұмыстарын ыңғайлауды ауыл жұрты жақсы түсінеді. Қасиет тұнған даланың шүйгін шөбі, мал азығы ғана емес, оның жалпы тіршілік иесіне берер емдік қасиеті де мол. Өйткені, дәрі шөптен жасалынатыны жалпыға аян. Дегенмен, Мойынқұм мал шаруашылығы дамыған аудан болғандықтан, ауыл тұрғындары әр мал басының амандығын тілейді. Ал мал ауруын алдын алумен айналысатын аудандағы ветеринария саласы, расында, салғырттықты көтере бермейтіні рас.
Аудандағы ветеринария саласына 2015 жылы эпизотияға қарсы іс-шараларды қаржыландыру мақсатында республикалық бюджеттен 69,8 миллион теңге бөлініпті. Бөлінген қаржыға малдың инфекциялық ауруы, сібір жарасына қарсы аудан бойынша 28 мың бас мүйізді ірі қара, 200 мың бас уақ мал, 7 мың бас жылқы және мың бас түйеге дәрі егіліпті. Бұдан бөлек, аусыл ауруы бойынша 57 мың бас мүйізді ірі қараға, 412 500 бас қой-ешкіге егу жұмыстары жүргізілген. Ауданда мал жиі ұшырайтын оба, лептоспироз және қарасан ауруларына алдын алу жұмыстары да жүргізіледі. Қарасан ауруына күзде және көктемде 20 мың бас ірі қараға дәрі егілсе, оба ауруына қарсы 980 бас түйеге және 130 мың бас уақ малға дәрі егілген. Сонымен қатар, аудандағы төлімен қосқанда, бруцеллез ауруына 36 592 бас ірі қара, 43 927 бас уақ мал, 560 бас жылқы, 773 бас түйе және 617 бас ит тексеруден өтіпті. Тексеру барысында 25 бас мүйізді ірі қара және 483 бас уақ мал бруцеллез ауруына шалдыққаны анықталған. Анықталған бруцеллез мал сою алаңдарында бауыздалған. Ал 483 бас уақ мал еті Тараз қаласындағы «Золотовский и К» ЖШС-на тереңдетіп өңдеуге жіберіліпті. Сөйтіп, мал иелеріне аудан бойынша 3 920 000 теңге өтемақы төленген. Осындай еңбектің арқасында ауданда малдың бруцеллез ауруы өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда төмендеген. – Аудандық ветеринария саласының бүгінгі жай-күйі жаман емес. Дәрі-дәрмек жеткілікті. Сондықтан, 2016 жылғы жоспарды жүйелі түрде орындау керек, – дейді ветеринария саласының бөлім басшысы Мақсат Малбағаров. Бүгінде ауданда мал ауруының алдын алумен айналысатын 16 ауылдық округте ветеринариялық пункттер жұмыс істеуде. Олардың барлығы көлік, компьютер және білімді мамандармен толықтай қамтылған. Ауылдық округтерде 62 ветеринар маманы жұмыс істейді. Оның ішінде жоғары білімді – 10, ал қалған 52-сі – орта білімді мамандар. Ауданда эпизотиялық жағдай тұрақты. Алайда, аудандық ветеринария саласының бөлім басшысын «облыс көлемінде санитарлық мал союмен айналысатын, яғни ауру мал соятын алаңдар ашылса, тереңдетіп өңдеу бізде ғана емес, облыс көлемінде де жоқтың қасы. (Тереңдетіп өңдеу дегеніміз ауру малдарды сойып, оның етіндегі бактерияларды қайнату арқылы жойып, залалсыздандыру болып табылады). Соны орталықтандырып, екі-үш жерден ауру малдарды соятын кәсіпорындар ашылса» деген ой мазалайды. Сонымен қатар, аудан аумағында 100 жыл шамасында 10 сібір жарасы ошағының орны анықталып, санитарлық жағдайы бұл күнде жақсарып келеді. Бұдан бөлек, Мойынқұм және Бірлік ауылында мал өлекселерін сақтайтын биотермиялық шұңқырлар – тіршілік қауіпсіздігінің кепілі. Алдағы уақытта Құмөзек, А. Назарбеков және Кеңес ауылдарына қаржы тапшылығы оң шешілсе, осындай шұңқырлар салынбақшы. Ауданда облыстық бюджеттің есебінен салынған екі мал сою алаңы жұмыс істеуде. «Өзге жерде мал жұтаса да, Мойынқұмда мал жұтамайды» деген сөз ел ішінде текке айтылмаса керек.
Уалихан ЖАЙЛАУ, «Ақ жол».
Мойынқұм ауданы.