Саясат

Ынтымақ пен бірлік айқындалар кезең

Ынтымақ пен бірлік айқындалар кезең

Ербол Айманбетов, аудан әкімдігінің аппарат жетекшісі.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев бесінші сайланған Парламент Мәжілісінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Енді, елімізде алдағы уақытта ауқымды сайлау науқаны өтпек. Бұл – елдің ертеңі, ұлттың болашағы жолындағы маңызды қадам. Бес институционалдық реформаны, Елбасы Жолдауын тиімді іске асыру үшін депутаттардың жаңа құрамының айтарлықтай рөлі болатынына сенімдімін. Алдыңғы құрам өздерінің тарихи міндеттерін орындап шықты. Ұлттық заңнамаға ел тарихында болмаған кең көлемді өзгерістер енгізді. Әлем елдерінде қалыптасқан ахуал бәрімізге таныс. Оның салқыны бізге де сезілуде. Осы күрделі кезеңнен біздің еліміз қалай өтеді? Бұл – бірлігі бекем, тәуелсіздіктің аз уақытында қуатты мемлекетке айналған еліміз үшін үлкен сынақ. Осындай тағдырлы кезеңмен бетпе-бет келген екенбіз, енді босаңсуға қақымыз жоқ. Сондықтан, дер кезінде елдігімізді таныта білдік деп ойлаймын. Күрделі жағдайда Заң үстемдігін қамтамасыз ету, ашық үкіметті қалыптастыру, Қазақстан экономикасының әрі қарай өсуіне жағдай жасау жөніндегі терең реформалардың тиімділігі үшін Заң шығару органының мандатын жаңарту – орынды бастама. Халыққа мемлекет тағдырын сеніп тапсыра алатын Парламент керек. Мандат білімі мен біліктілігі келіскен, ұлтжанды, сергек, жаңаша ойлай білетін депутаттардың қолына берілсе, ел бағының еселенгені. Ендігі мақсат – сайлауды абыроймен өткізу. Бұл науқанда әрбір қазақстандық өзінің патриоттығын танытып, азаматтық міндетін белсенді атқара білуі керек. Шынайы ынтымақ пен бірлік осындайда айқындалады. Бәріміздің ортақ мақсатымыз – мемлекетіміздің игілігі.

Шу ауданы.