Бәрі де ел игілігі үшін
Бәрі де ел игілігі үшін
Сағынбек БЕГЕЕВ, аудандық аурухананың бас дәрігері.
Мемлекет басшысының халыққа үндеуі тұрғындар арасында тиісінше қолдау мен терең түсіністік тауып отыр. Елбасы үндеуінде Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауын өткізудің қажеттілігі турасында жан-жақты түсіндірме жасады. Әлемде қалыптасып отырған экономикалық-саяси ахуал, сөз жоқ, жаңаша, батыл жоспарларды жүзеге асыруға итермелейді. Әсіресе, жаһанды жайлаған дағдарысқа қарсы нақты іс-қимыл қажет. Дағдарысты еңсеру жолдары «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында да нақтыланып, 5 институттық реформаны жедел жүзеге асыруға байланысты алға асқаралы міндеттер қойылып отыр. Бесінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаттары реформаны жүзеге асырудың заңдық негіздерін қаласа, енді соны нәтижелі ететін жаңа күш, жаңа толқын керек екендігін бәріміз де түсініп отырмыз. Ал уақыт күтіп тұрмайды ғой. Оған күнделікті өмірімізде айқын көз жеткізудеміз. Ең бастысы, еліміз индустрияландыру ісін тереңдете жүзеге асыру арқылы өз өнімдерін әлемдік нарыққа шығара алатын қуатты мемлекетке айналуы тиіс. Әрине, бұл бағытта Үкімет жұмыс жасап жатыр. Алайда, 5 институттық реформаға қосымша жаңа заңдар қажеттілігі де туындауы мүмкін. Ол үшін Парламент Мәжілісіне іскер, білімді депутаттарды ұсыну мемлекеттің абыройын асқақтатады деп ойлаймын. Жергілікті мәслихат депутаттарының құрамы да іскер де ойлы азаматтармен толықтырылғаны жөн. Ал сайлаушылардың дұрыс таңдау жасайтынына сенімім мол.
Сарысу ауданы.