Саясат

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Парламент Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауын кезектен тыс өткізу туралы» Жарлыққа байланысты мәлімдемесі

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Парламент Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауын кезектен тыс өткізу туралы» Жарлыққа байланысты мәлімдемесі

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы депутаттардың маңызды бастамасына қатысты Президентіміздің оң шешім қабылдағанын аса зор ықыласпен қабыл алды. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлау­ларын кезектен тыс өткізу ұлттың Мәңгілік Елге айналу мұратына жетуде аса маңызды әрі тағдырлы қадам деп санаймыз. Сайлауды әлемдік дағдарыстың кезекті толқынына дейін өткізіп үлгерсек, сыртқы сын-қатердің салмағы жеңіл болары сөзсіз. 5 институттық реформаны жүзеге асыруда ешнәрсеге алаңдамай, билік, мемлекеттік құрылым және азаматтық қоғам болып ұйымдасып жұмыс істеу аса маңызды. Осы орайда, жаңадан жасақталатын Парламент осынау мемлекет құраушы үш қуатты бір мақсатқа жұмылдыра алады деген ойдамыз. Тәуелсіздігіміздің ақ таңы атқан тұста құшақ жайып, төрден орын ұсынған Елбасының жанашырлығы жырақта жүрген миллиондаған қандасымыздың тарихи Отанына оралуына мүмкіндік берді. Бүгінде олар қоғамның түрлі салаларында жемісті еңбек етіп, қастерлі Қазақстанымыздың дамуына сүбелі үлес қосып жүр. Сонымен бірге, Ұлы Дала елінен тысқары жердегі әрбір бауырласымызбен тығыз рухани байланыс орнатылып, туған өлкенің қамқорын сыртта жүрген әрбір қазақ сезінуде. Осыған орай, жаһан қазақтарының ұйытқысы болған ұйым ретінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Елбасының депутаттар ұсынған бастамаға оң шешім білдіріп, тиісті Жарлыққа қол қойғанын жоғары бағалайды және осы істе үзеңгілес болуға әзір екенін мәлімдейді.