Шырмауықтан қалай құтыламыз?
Шырмауықтан қалай құтыламыз?
Редакциямызға Қордай ауылының тұрғыны Ермекбай Нәбиден хат келді. Онда ол: «Ақ жолдың» 2015 жылғы 26 желтоқсандағы санында Байзақ ауданынан Әбдіғали Жаңабековтің «Шырмауық – аса қауіпті арамшөп» атты мақаласын оқып, өздеріңізге қайырылып отырмын. Осы арамшөптен қалай құтылуға болатынын хабарласаңыздар» деп өтініш айтыпты. Біз оқырманның тілегін қабыл алып, облыстық өсімдіктер карантині жөніндегі бас инспекциясына хабарласқан едік. Біздің сауалымызға аталған инспекцияның бас инспекторы Серіжан Бексұлтанов былай деп жауап берді: «Арамшөптер – мәдени дақылдармен бірге өсуге бейімделген өсімдіктер. Олардың ішінде өте зияндылары – карантиндік арамшөптер. Арамсояу осы карантиндік арамшөптің қатарына жатқызылған. Ол Қазақстанның барлық облыстарында кездеседі. Арамсояудың 19 түрі бар. Ол зақымдаған дақыл көбінесе тіршілігін жояды. Бұл шөп 200-ден астам ауыл шаруашылық дақылына зиянын тигізеді. Сонымен қатар, ол зақымдаған дақылға у тарағандықтан, мал азығына да жарамсыз болады. Арамсояудың уы гүлденген, тұқым пайда болған кезде күшейеді. Ол көбіне тұқым арқылы тарайтын болғандықтан, егілетін дақылдардың тұқымы таза болуына баса назар аударған жөн. Басқа жақтан сатып алынған тұқымдық материалдарды өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторға ұсынып, арнайы зертхана арқылы тексертіп алу керек. Басқа елдерден ел аумағына және бір облыстан екінші облысқа арамсояудың және басқа да карантиндік арамшөптердің тұқымдары мен зиянкестердің, аурулардың таралуын қорғау үшін ҚР «Өсімдіктер карантині туралы» Заңының 9-бабында жеке және заңды тұлғалардың міндеті атап көрсетілген. Карантиндік шөптер анықталған жағдайда, өсімдіктер карантині жөніндегі инспектордың нұсқамасымен жойылуға жатады. Нұсқаманы орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, қандай да бір меншік түріне қарамастан жеке және заңды тұлғалар әкімшілік жазаға тартылады. Жоғарыда аталған арамсояуды гүлдемей тұрып, механикалық жолмен шөпті тақырлап шабу арқылы және жеке үйлердің ауласында, суару арықтарының жағасында өсіп шыққан арамшөп гүлдегенге дейін 10 литр суға 2 литрлік бір банка аммиак селитрасын ерітіп, шашу арқылы күйдіріп те жоюға болады. Химиялық жолмен мынадай гербицидтер қолдануға болады: жоңышқалықтарда – Керб W (4-5 кг/га) гербицидімен жоңышқа 3-4 жапырақ өскін кезінде, пивот(1 литр/га) және Раундап (0,6-0,8 литр/га) жоңышқа бірінші шабылған соң».
«Ақ жол - Ақпарат».