Колледж көшбасшылар қатарынан көрінді

67

Болашақта мемлекетіміздің индустриялық-инновациялық бағдарламасын жүзеге асыратын мамандар даярлайтын Жамбыл политехникалық колледжі экономикалық көрсеткіштері бойынша Ұлттық бизнес рейтингісінде өзінің лайықты бағасын алып отыр. Аталған оқу орны республикадағы 10 үздік колледждер қатарына енгенін айта кету керек.
Астана қаласында өткен «Сала көшбасшысы – 2015» көшбасшы-кәсіпорындарды марапаттау салтанатында политехникалық колледж «Жеке табыс салығы» рейтингісі бойынша алтын, «Жинақ номинациясы» рейтингісінде күміс жүлдені иеленді. Жалпы, 2015 жылғы жетістіктері, білім жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін аталмыш оқу орны «Сала көшбасшысы» атағына ие болып, Қазақстандағы көшбасшылар тізіміне енді. Ал колледж директоры Жанар Орынбаева «Экономика мақтанышы» орденімен марапатталса, бас есепші Бекболат Иманбековке «Кәсіптік қызметі үшін» медалі табыс етілді. Экономист Нұржамал Қоскелова, есеп айыру бухгалтері Галина Губина, есепші Динара Түребаева «Жыл маманы» атанды.
Жалпы, Ұлттық бизнес рейтингісі – кәсіпорындар қызметінің тиімділігін бағалау және Қазақстан экономикасының көшбасшы кәсіпорындарын анықтауға арналған жалпы мемлекеттік бағдарлама. Мұндай бағдарлама ТМД елдерінде 2002 жылдан бастап қолданысқа енгізілген. Ал біздің мемлекетімізде кәсіпорындар қызметін бағалау жүйесі 2013 жылдан бастап жүргізіле бастады. Рейтинг арқылы 50-ден аса қаржылық көрсеткіштерді зерттеудің нәтижесі бойынша өтемпаздықтың, несие өтеу қабілеттілігінің, ресурстарды пайдалану тиімділігінің және басқа да сараптамалық талдауларға тәуелсіз баға беріледі. Әрі жаңа жұмыс орындарын ашатын, жұмысқа қабылдаған қызметкерлерін лайықты жалақымен қамтамасыз етіп, әлеуметтік қорларға түрлі салықтар мен аударымдар төлейтін, өз қызметіне жаңа технологиялар енгізетін кәсіпорындардың дамуын ынталандырады.

«Ақ жол-Ақпарат».

Comments are closed.