- Advertisement -

Білікті маман жетістікке жетеді

218

- Advertisement -

АҚШ-тың бұрынғы басшыларының бірі – Джон Кеннедиден мектептің жоғары сыныбында оқитын ұлы: «Қандай мамандықты таңдағаным дұрыс» деп кеңес сұрапты. Сонда алпауыт елдің басшысы: «Етікші болсаң да, өз ісіңнің шебері бол. Өз мамандығының майталманына елдің ықыласы ерекше болады» деген екен. Мұны мысалға келтіріп отырған себебіміз, соңғы жылдары ел жастарының басым көпшілігі заңгер, банк ісі секілді «мәртебелі мамандықтарды» таңдап, жұмысшы мамандықтарын меңгергендер күрт кеміп кеткен. Осы орайда, Елбасы Н.Назарбаевтың 2017 жылдан бастап жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы басталатынын жариялағаны ол олқылықтың орны толатынының бірден-бір кепілі болмақ. Халық ерекше қуанышпен қабылдаған бағдарламаның басты мақсаты – ел жастарының студент кезінен бағытын айқындап, өзіне жұмыс табатын мүмкіндікке жетуіне жол көрсету.


Бүгінгі нарықта бәсекелесе алатын жас мамандар даярлауда Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан ауыл шаруашылық колледжінің де алар орны ерекше. Еліміздің білім беру саласында өзіндік орны бар, ауыл шаруашылық саласының кәсіби мамандарын даярлауда облысымыздағы «қара шаңырақ» атанған оқу орнының басшысы Жұмакүл Бүкіроваға жолығып, әңгімелестік.
– Елбасының халыққа арнаған қай құжатында болсын жастардың мерейін өсіріп, өскелең ұрпаққа тың серпіліс берген тұстары көп. Жуықтағы Жолдауында да келер жылдан бастап елімізде орта техникалық жұмысшы кадрлар даярлайтын оқу тегін болатынын және олардың шетелдерде де даярланатынын атап көрсетті. Бұл – әсіресе ауыл жастарына көрсетілген үлкен қолдау.
Негізі, қаланың да, даланың да өркендеуіне сүбелі үлес қосатын – қарапайым еңбек адамы, яғни жұмысшы. Сондықтан жастарымыз ең алдымен алған білім, біліктіліктерімен өмір жолдарында еңбектің ауыр да жеңіл, қиын да қызық баспалдақтарынан өтіп, қоғамда алар орны бар, абыройы асқақ еңбек адамы атанулары қажет.
Қазір де мамандардың сапасы кәсіби біліктілігімен өлшенеді. Бәсекелестікке төтеп беретін мамандар мемлекеттің қуатын арттырады. Елбасы Жолдауында атап көрсеткен жұмысшы мамандығы өмірдің қай саласына да керек.
Бүгінгі таңда білім ордамыз Түркия, Германия, Ресей, Беларуссия мемлекеттерінде Қазақстан педагогтарының біліктілігін арттыру және ғылыми орталықтарында дуальді оқыту жүйесі, құзыреттіліктерге негізделген модульдік бағдарламалар және жаңа педагогикалық технологиялар бойынша білімін көтеруде. Олардың озық іс-тәжірибелерін өзіміздің оқу үрдісімізге енгізудеміз, – дейді Жұмакүл Оңғарбайқызы.
Сонымен қатар, бұл колледжде өндірістік тәжірибені ұйымдастыруға және өткізуге ерекше көңіл бөлінеді. Білім алушылар таңдаған мамандықтарына байланысты оны тәжірибе жүзінде іске асырып, үнемі әлеуметтік серіктестік мекемелерімен бірге, кәсіби білімдерін шыңдай түсуге бейімделеді. Айталық, қазіргі уақытта колледж алдыңғы қатардағы 60-тан астам кәсіпорындармен студенттерді тәжірибеден өткізу үшін келісімшарттар жасасқан. 2014 жылдан ветеринария мамандығы бойынша эксперименталды алаң мәртебесі берілген. Дуальді оқыту жүйесін техникалық-кәсіптік білім беру мекемесіне енгізу бағытында эксперименттік жұмыстар атқарылып келеді. Бұл ретте эксперименттік алаңға 3 кәсіпорында 3 топтан 70 білімгер қамтылған. Сонымен қатар, ветеринария мамандығы бойынша құзыреттілікке негізделген оқытудың модульдік бағдарламасы Білім және ғылым министрлігі техникалық және кәсіптік білім берудің республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің шешімімен 2015 жылдың 1 қыркүйегінен оқу үрдісіне тәжірибе ретінде енгізуге ұсынылыпты.
Колледж директоры Ж.Бүкірова: «Білім саласында өзінің педагогикалық стилін іздеу, білім мазмұны мен формаларын жаңарту, облыстық, республикалық байқаулар мен халықаралық жобаларға қатысу колледждің тұрақты түрде өсуі мен дамуын қамтамасыз етіп келеді. Жалпы, мұндағы түлектердің жұмыспен қамтылуы 66 пайызды құрап отыр. Мақсатымыз – білім ордамызды бітіретін жас мамандарымыздың қай-қайсысы болсын бәсекеге қабілетті, болашақтың талабына сай еңбекқор тұлға болып қалыптасуы үшін еңбек ету, – дейді.
Иә, колледж директорының ұстанымы Елбасы Жолдауында жастарға қарата айтқан: «Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады» деген сөзімен сәйкес шыққанына біз де риза болдық. Расында, өз мамандығын терең меңгерген майталман маманның мақсатына жетпеуі мүмкін емес.

Нұрболат Әлдибеков,
«Ақ жол».

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support