ЖАЙРАҢДАП ЖҮРГЕН ЖАЙСАҢ ЕДІ
ЖАЙРАҢДАП ЖҮРГЕН ЖАЙСАҢ ЕДІ
Қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасымен енген талантты жазушы Мұрат СЫЗДЫҚ 1956 жылы Шу ауданында дүниеге келген. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналист мамандығы бойынша бітіргеннен кейін «Шу өңірі» аудандық газетінің тілшісі, Жамбыл облыстық «Еңбек туы», қазіргі «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. Облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, республикалық «Социалистік Қазақстан», қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі, Баспасөз министрлігінің баспа бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы болды. Облыстық газетте жүргенде оның «Әйбәт бала» деген алғашқы әңгімелер жинағына өзімен бірге қуанған сәтімізді де қимастықпен еске аламыз. Кейін «Қуатым менің» атты көркемдік қуаты да мықты кітабының қуанышын бөлістік. Бірақ... Бірақ, айтып келмейтін ажал осындай ақкөңіл, кішіпейіл, кісілігі мол, дарынды азаматты арамыздан небары қырық жасында алды да кетті. Оқырмандары да жайраңдап жүретін жайсаң мінезді қаламгерінен қапияда айырылып қалды. Мұрат Сыздық еліміз бен облысымыздағы әдеби, мәдени іс-шаралардың басы-қасында жүретін. Облыстық, республикалық газет, журналдарға әңгіме, повестері дүркін-дүркін жарияланып тұрса, театр сахналарында спектакльдері бірінен кейін бірі қойылып жататын. Соңынан ілескен ақын, жазушы іні, қарындастарына да қамқор болатын. Әлі есімде, 1988 жылы ертегі-повесть жазып, «Жалын» баспасының балалар мен жасөспірімдерге арналған жабық бәйгесіне қатысқым келді. Сондықтан көркемдік деңгейінің қаншалықты дәрежеде екенін білу үшін Мұрат ағама барып, қолжазбамды имене ұсындым. Мүкеңнің бір әдеті оқып шыққан дүниесінің жауабын беруге асықпайтын, бірақ сәлемдескенде «оқыдым, дұрыс екен» дегенді көзімен білдіріп өтетін. Маған да ә дегенде осылай қарады. Көп кешікпей, «жақсы» деген пікірін де, «Жалын» баспасына қалай жолдау керек екенін де айтып, тіпті, әдірісіне дейін жазып берді. Одан кейін бір жолы облысымызға белгілі жазушы, драматург Баққожа Мұқаев келіп, Мұрат ағамыз алматылық қаламгерді үйіне қонаққа шақырды. Мені де ұмытқан жоқ. Елге жазушы тұрмақ, журналист ретінде таныла қоймаған мен сөйтіп Баққожадай Лениндік сыйлықтың лауреатымен Мүкеңнің арқасында жақын таныстым. Кейде Мұрат ағамыз екеуміз Қарасудағы терең сайдың ішіндегі салқын сазда отырып, әдебиет жайлы өзімізге ғана түсінікті, өзімізге ғана қызықты әңгімеге кірісетінбіз. Айтушы, әрине, Мұрат, тыңдаушы – мен. Өндіріп, көп жазатыны сияқты Мүкең көп оқитын. Василий Шукшині бар, Фазиль Искандері бар – менің қолайыма келетін бірнеше классиктердің кітаптарының ішкі бетіне ағалық ақ тілегін жазып, сыйға тартқанын да ұмытқам жоқ. Ол кітаптары кітапханамда әлі күнге дейін сары майдай сақтаулы тұр. Анда-санда қолыма алып, Мүкеңнің өзіне ғана тән ерекше қолтаңбасын оқып, аяулы ағаны сағынышпен есіме алып қоямын. Еһ, сол талантты қаламгер Мұрат Сыздық ортамызда ойнап-күліп жүргенде биыл өзінің 60 жылдығын тойлап, қуанышын облыс оқырмандарымен бірге бөлісетін еді-ау, шіркін! Бірақ, амал қанша, осындай аяулы азамат, қарымды қаламгер бүгін арамызда жоқ. Дегенмен, жазушының көзін көріп, сырласқан, пікірлескен достары аз емес екен. Олар барда, оқырмандары барда Мұраттың өзі де, сөзі де өлмек емес.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
МҰРАТТЫҢ МҰРАТЫ
Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ, жазушы, драматург.
Жас кезімізден бірге жүріп, сырлас болған, ойнап-күліп, талай-талай қызықты шақтарды бірге өткізген досың туралы енді бүгін өткен шақта сөйлеу өте қиын, өте ауыр! Бірақ амал қанша! Бақиға озғандардың зар сөзі деп «тірілермен тіріміз» дегенді айтып та, жазып та жүрген – біздерміз. Фәниліктерміз! Ендеше, менің Мұрат досым да мына біздер жер басып жүрген шақта – тірі, жанымызда, жүрегімізде! Ойлайсың! Ойға қаласың! Осынау жарық дүние қас қағым сәт екенін еске аласың. Өткіншілігін ойлағанда көкірегің қарс айырылады. Оның тағдыры бұлайша ерте түйінделер деп кім ойлаған?! ...Әлі есімде! 1996 жылдың орта шені болатын. Жұмыстағы телефоным безілдеп қоя берді. Көтердім. Арғы жағынан Мұрат досымның қоңыр үні естілді. Сол баяғы үн! Жайдары. Жағымды. – Қал қалай, Жолтай? Қаладасың ба? – Әрине. – Ешқайда жол жүргелі жатқан жоқсың ба? – Жоқ, жұмыста болам. Қайда кетуші ем! – Ендеше, күте бер. Екі күннен соң мен де Алматыға шаң берем. – Е, не боп қалды? – деппін түкке түсіне алмай. – Оу, сен де қызықсың! Жазушылардың бас жиыны өткелі жатқан жоқ па?! Соған шақырту алдым. Облыс әкіміне кіріп, рұқсат сұрап қойдым. Құдай қаласа, екеуміз жүздесеміз. Әй, бір баяғы студенттік күндерді еске түсіріп, бой жазайықшы. Әңгімелеріңді сағындым... – Жазушылар жиынына келетінің дұрыс болыпты. Мен де қатысам ғой. Өзіңді асыға күтем. Қалған әңгімені келген соң айта жатармыз. Бұл онымен соңғы сөйлесуім екенін ол шақта қайдан білейін. Екеуміз сөйлескеннен кейін екі түн өткен соң, Мұрат досым Тараздан Алматыға жеңіл көлікпен келе жатып жол апатынан көз жұмды. Менің төбемнен жай түскендей болған. Еш сене алар емеспін. Күні кеше ғана телефон арқылы сөйлесіп, емен-жарқын әңгіме айтып, кездесер күнімізді де белгілеп қойған едік. Ал енді... сол аңқылдаған, ақжүрек досым мына фәниде жоқ дегенге қалай сенерсің? Сенбедім. Көпке дейін сене алмай жүрдім...
* * * Содан бері де, міне, 20 жылға жуық уақыт зу етіп өте шығыпты. Уақыт деген – осы! Сынаптай сырғиды-ау, тәйірі... Оның мінезі өте жайдары болды. Ешкімді жау санаған жоқ. Ешкіммен жаға жыртысып, ұрыс-керіске барған емес. Міне, осындай жұмсақ, жайлы мінезінің арқасында қызмет баспалдақтарында да жолы ашыла түсті. Ең соңғы жұмыс орны – Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы болатын-ды. Ол тірі болғанда қызметтік лауазымының біршама биігіне көтеріліп, қаламдас достарға ақ ниетпен қамқор қолын созып жүрген болар ма еді, қайтер еді! Ол тірі болғанда мына біздерге мүлтіксіз қызмет істеудің әдемі де үйлесімді үлгісін көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырар ма еді, қайтер еді... Ол тірі болғанда, әсіресе, қаншама тамаша туындылар жазып, әдебиетке қомақты олжа салып, оқырмандарын қайта-қайта таңғалдыра берер ме еді, қайтер еді! Ол тірі болғанда... Иә, ол тірі болса, мен де тап бүгін бұлайша зіл батпан ойға ерік беріп, санам сан саққа жүгіріп отырып, осындай жан ауыртар жолдарды жазар ма ем, қайтер ем?.. Мұрат-дос біздің айрандай ұйыған тату тобымызға бір жылдан соң, екінші курста келіп қосылды. Сырттай оқып жүреді екен. Ұмытпасам, Серік Пірназар екеуі тобымызды толықтырды. Келген күннен бастап-ақ емен-жарқын араласып, тіпті жақын дос болып кеттік. Екеуі де ашық, ақжарқын. Дос құшағыңды ашсаң, «бұл қалай» деп ойланып тұрмайды. «Достық пейілге әрқашан разымыз» десіп, өзіңді өзіне ыстық ниетімен тарта түседі. Жақындастырып бағады. Бірде... лекциядан соң Мұрат мені оңашалай беріп: – Әңгіме жазушы ем... – дегені. – Қандай әңгіме? – Балаларға арналған әңгімелер. Соларды әуелі өзіңе көрсетіп, пікіріңді біліп алсам деген ойым бар. – Онда оқиық. Көрейік, қане! Екеуміз парк ішіндегі скамейкада отырып алып, қып-қысқа екі әңгімесін оқып тастадық. О, шып-шымыр! Ойлары терең, тілі жатық. Айтары салмақты. Дап-дайын әңгімелер. – Мынаны «Қазақстан пионері» газетіне берсек қайтеді? – Әзірше қоя тұрайын. Шикілігі бар сияқты. Қайта қарасам деймін. Қысқасы, Мұрат-достың шағын дүниелері келер жылдан бастап пионер газетіне де, жастар газетіне де дүркін-дүркін жариялана бастаған. Әңгімелері ауызға ілінді. Өзінің жазушы бола алатынын әп дегеннен-ақ дәлелдеді. Шегелей түсті. Сөйтіп жүргенде университеттегі оқуды да аяқтадық. Диплом алдық. Мен Қызылордаға, ол өзінің Таразына жол тартты. Арада екі-үш жыл өткенде оның баспадан «Әйбат бала» деген алғашқы әңгімелер жинағы басылып шықты. Бір кездескенімізде маған қолтаңба жазып, сыйлап тұрып: – Өзің әнебір жылы мақтаған екі әңгіме де осының ішінде, – деп жымия күлгені әлі есімде. Тұңғыш кітаптың қаламгер адам үшін қуанышы қандай! Шаттығы қандай! Досымның сол шақтағы бал-бұл жанған түр-түсі осы күнге дейін ұмытылмайды. Әрдайым есіме түсіріп қоямын. Оны сағынған сәттерде... Мұрат қай тақырыпқа болмасын жылы жазатын, тауып жазатын, төгілдіріп жазатын. Тапқыр, байқампаз қаламгер еді. Балалардың тілін шебер меңгергені соншалық, әңгімелерін оқып отырғанда өзің де сонау алыста қалған бала күндерге еріксіз саяхат жасап кете баратынсың. – Сен осы Бердібек Соқпақбаев сияқтысың, – дедім бір жолы. – Жазуың ұқсаңқырайды. Ол басын алып қашты. – Айтасың-ау! – деді қипақтай сөйлеп. – Соқпақбаев қайда, біз қайда! Ол кісі балалар әдебиетінің классигі емес пе?! Балалар тақырыбынан бастаған ол келе-келе тамаша, ойлы, терең көптеген әңгіме-повестер жазып тастады. Менің аузыма біртуар қаламгеріміз Б.Соқпақбаев бекер түспеген болар, расында да Мұраттың көркем туындылары жылдан-жылға барынша танылып, елдің құлағын елеңдете бастаған. Бір жолы «Жалын» баспасының жабық бәйгесінде жазушы Мұрат Сыздықовтың «Күміс сақал арыстан» деген повесі жүлделі орынды иеленді. Телефон шаламын. Құттықтаймын. – Міне, қаламгерлігіңді мойындады деген – осы! – деймін алқына сөйлеп. Ол – Таразда, мен – Қызылордада. Сонда Мұрат: – Әй, бізді толық мәніндегі жазушы деп танығанша әлі қанша уақыт керек. Жүр ғой бес-алты кітап шығарса да осы күнге дейін ел аузына ілінбеген талай аға буын қаламгерлер... – дейді. – Сен бәйге алдың! Жүлдегерсің! Ол аз ба? – Мықтылықты мойындатуға бәйге алу аз. Ең бастысы – ел кітабыңды іздеп жүріп оқыса, сол – жетістік! Сол – танылудың басы... Ол кезде Мұраттың бұл сөзіне аса мән бермеген екем. Осы күні ойлаймын ғой. Рас, бәйгеден озып келу – ол алғашқы баспалдақ. Енді артыңда қара орман оқырман тұр. Олар не дейді? Қабылдай ма жазғаныңды? Мақтай ма шығармаңды? Міне, бар түйткіл сонда.
* * * Мұрат досым көзі тірісінде бірнеше кітап шығарды. Жазушылар одағының мүшесі болды. Әр кітабы жарыққа шыға сала әдеби ортада жап-жақсы бағаланып, ерекше аталып та жататын. Алайда, өзінің жазғандарына барынша көңілі толмай жүретін бір жазушы болса – ол осы Мұрат. Өзі үнемі ізденіс үстінде. Талмай ізденетін. Табандап жаза беретін. Тағы бір жақсы қасиеті – бірге жүрген қатарластарына ілтипатпен қарап, жазған-сызғандарын көп оқитын. Пікірін де ашық білдіре білетін. Көңілінде кірі жоқ жандар ғана барлық уақытта солай. Онымен әдебиет жайлы пікірлесу аса қызғылықты. Тартымды әңгіме өзінен-өзі өрбіп жүре беретін-ді. Таусылмайтын. Жалғаса түсетін. – Студенттік өмір туралы көлемді роман жазып жүрмін, – дедім бір жолы оған өз құпиямды ашып. – Ауыр жазылып жатыр. Қаламым жүретін емес. Ол айтты: – Студенттік өмір туралы ескі, таптаурын әдіспен жазу қазір ешкімге де керек емес. Бүгінгі жастар – мүлде басқаша ойлайтын ұрпақ. Ойы ояу ұрпақ! Олардың ойымен қанаттаса, жарыса отырып жазбасаң, босқа арамтер болғаның! Өзің ойланып көр... Алдын ала айтқан пікірі – осы. Онсыз да кібіртіктеп, жазыла көсіліп кете алмай жүрген маған бұл пікір тағы да ой салды. Жастар нені оқиды, қалай баяндағаным оңтайлы, қайтсем оларды өзіме тарта алам – күндіз-түні осы ойдан шыға алмай, әбден сілеледім. Роман жарты жолда тоқтап қалды. Әрі қарай жүрмеді. Бәрін де қайтадан, басынан бастап жазсам ба екен деп қиялдап қоям. Қысқасы, жастар туралы романыма «Оянған ұрпақ» деп бадырайтып ат қоюыма Мұрат Сыздықов досымның бір ауыз сөзі себеп болған-ды. Роман жарыққа шыққан сәттен бастап Мұратты іздедім... Көп іздедім оны...
* * * Мұрат Сыздықов өзінің қысқа ғұмырында бірқатар жауапты қызметтерге қол жеткізіп қана қойған жоқ, жақсы жар, өнегелі әке де атанды. Райхандай асыл жар сүйіп, ұл-қызды дүниеге әкелді. Оларға өз өмірімен де үлгі көрсете білетін өнегелі жолы, өскелең талабы да бар болатын. Бірақ сол пенделік бақыттың тәтті дәмін ұзақ тата алмағаны өкінішті-ақ! Қаламгерлігіне келер болсақ – әлбетте, үлгергенінен үлгермегені көп. Тым қысқа қайырылған ән сияқты... Мұрат-достың тағы бір елеулі қыры – өмірге өте құштар жан-ды. Үнемі алға ұмтылып, жаңа істің бастауында болуға талпынып жүретін. «Біз екеуміз өзімізге дейінгі жазармандарға ұқсамай, мүлде бөлек, жаңаша жазайықшы», – дейтін Мұрат. «Сөйтсек сөйтейік» дейтінмін мен де оған ілесе. «Бірақ, қалай жазармыз? Қайтсек, басқаға ұқсамаймыз, а?». «Міне, мәселе сонда!» дейтін Мұрат. «Кімнің жаңа леппен, бөлек бүлкілмен жазғысы келмей жүр дейсің! Ол енді ұза-а-қ ізденісті, талмай еңбектенуді талап етеді...». Ол әдебиетке ғашық еді. Табиғаты жазушы болып туған жан десек те, артық емес. Ішкі әлемі, бүкіл болмысы көркем шығарма сияқты сыңғырлап, бөлекше сыр айтып тұратын. Нағыз жазатын, өзін-өзі көрсететін жаста көз жұмғаны өзек өртейді.
* * * ...Ол тірі болғанда бүгінгі қазақ әдебиеті дейтін қара орманның қақ ортасында дара шынардай болып бой көрсетіп, сіз бен бізді таңғалдырар қаншама көркем дүниелер берген болар еді-ау дейсің іштей күрсініп!..
Астана.