Жұмыссыздар азайып келеді
Жұмыссыздар азайып келеді
Елбасының 5 реформаны жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының негізгі мақсаты – еліміздегі жұмыссыздықты мейлінше азайту арқылы әлеуетті мемлекет құру екені белгілі. Осы ретте былтыр ауданда бекітілген жоспарға сәйкес 1232 азамат жұмыспен қамтылуы тиіс болатын. Жыл қорытындысында жұмысқа жолданғандар саны 1996 азаматты құрап, бұл көрсеткіш 162 пайызды көрсетті. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағыты – инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша мәдениет, білім, спорт салаларында барлығы 11 жобаға тиісінше ақша қаражаттары бөлініп, жергілікті жердегі бірқатар азаматтар жұмысқа жолданды. Бағдарламаның екінші бағытына сай 29 азамат кәсібін дамыту үшін несие алып, 8 шаруа қожалығын, 20 жеке кәсіпкерлік нысанын ашты және өздеріне 24 азаматты жұмысқа алды. Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша былтыр жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде азаматтардың қайта даярлау, біліктілігін арттыру және кәсіби даярлау курстарында оқытылуы қарастырылған жоқ. Алайда, бұған дейінгі үш-төрт жылда 108 азамат осындай курсты оқып бітіргенін атап өткеніміз жөн. Олардың ішінен тұрақты жұмыс орындарына – 47, жастар тәжірибесіне – 32 азамат жолданған. Төрт білімгер алдағы уақытта жұмыспен қамтамасыз етілетін болады. Қалғандары қоныс аударуына, әскер қатарына шақырылуына, ауруханада емделуіне, бала күтіміне және жоғары оқу орнына қабылдануына байланысты себептермен жұмысқа орналастыруды қажет етпеді. Әлеуметтік жұмыс орындарына тарту, жастар тәжірибесі бойынша да тиісінше жұмыстар атқарылып, жоспарланған қаражат сомасы толығымен игерілді. Былтыр, сондай-ақ, «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы «Жамбыл-Недр» ЖШС мекемесіне 18 азамат, ал «Talas investment company» ЖШС мекемесіне барлығы 272 азамат жолданды. Биыл аталған бағдарламаның бірінші бағыты бойынша білім саласында 2 жобаға 64842,0 мың теңге жоспарланып, 22 жұмыс орны қарастырылып отыр. Сондай-ақ, екінші, үшінші бағыттар мен жұмыссыз азаматтарды, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік және қоғамдық жұмыс орындарына тарту бойынша қаражат қарастырылып, тиісінше жұмыстар жүргізілмек. Қорыта айтқанда, мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін жұмыс орны да, қаражат та жеткілікті. Биыл, әсіресе, қайта даярлау мәселесіне ерекше мән берілмек. Сондықтан жұмыссыздардың жұмыс табылмайды деп алаңдауына еш негіз жоқ. Бүкіл елімізде, оның ішінде облысымызда да Елбасы бастамалары мен тапсырмаларына сәйкес қаншама ауқымды жоба жұмыстары жүзеге асырылып жатқандығын ел-жұрт көріп, біліп те отыр. Алға қойылған, міне, осы міндеттерді ауызбіршілікпен жұмыла атқарар болсақ, дағдарыстың елге түсірер салмағының ешқандай ауырлығы болмайды деген ойдамыз.
Роман ҚЫРЫҚБАЕВ, аудан әкімдігінің тұрғындарды жұмыспен қамту орталығының директоры. Талас ауданы.