Татулық кілті – имандылықта
Татулық кілті – имандылықта
Еуропа Қауіпсіздік Ынтымақтастық Ұйымындағы төрағалық мерзімінде Елбасымыз : «Біздегі этносаралық және дінаралық келісімнің моделі – бүкіл әлемдегі түрлі конфессиялар арасындағы қарым-қатынас ісіне Қазақстанның қосқан қомақты үлесі», – деген болатын. Сонымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннан кезінде Қазақстанды: «Әлемнің өзге мемлекеттері үшін этносаралық келісімнің тұрлаулы әрі тұрақты дамуының үлгісі», – деп бағалаған-ды. Ел Президентінің бастамасымен 2003 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті 5 съезі түрлі діни конфессияларды ашық үнқатысуға шақырған жиынға айналып, дүниенің төрт бұрышындағы 42 елден келген 80-нен астам делегация этносаралық және конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету тетіктерін қарастырып, бүгінгі сын-қатерлерден сақтану жолдарын іздеді. Осыдан 9 жыл бұрын, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ съезінде Елбасы: «Жаратушы – жалғыз, дүние – ортақ, аспан асты – кең, ендеше, біз бір атаның баласы, бір ананың перзенті ретінде бір-бірімізбен береке-бірлік пен ынтымақта өмір сүруіміз керек», – деп, әлем халықтарын бейбітшілікке шақырды. Уақыт Елбасының Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу туралы бастамасының өміршең екендігін дәлелдеді. Қазақстандағы әртүрлі этностар мен конфессия өкілдері арасындағы келісім мен бейбітшілік Мәңгілік Ел құруға деген талпынысты жандандыра түсуде. Бұл үрдіс облысымызда да көрініс тауып, 11 конфессиядан құралған 326 діни бірлестік пен филиал мемлекеттік тіркеуден өтіп, 281 мешіт пен 44 шіркеу және 1 орыс-православ шіркеуінің өкілдігі халықтың рухани сұраныстарын қанағаттандыру бағытында қызмет көрсетуде. Облыс әкімдігі дін істері басқармасы жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдармен, қоғамдық институттармен бірлесе отырып, мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асыру барысында облыс аумағында конфессияаралық келісімді нығайту, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, тұрғындардың діни сауаттылығын көтеру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізуде. Былтыр елімізде аталып өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, облыс әкімдігі дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақстан тарихындағы ислам дінінің рөлі» тақырыбында аймақтық конференция өткізілді. Конференцияға Астана және Алматы қалалары мен Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарынан арнайы қонақтар мен зиялы қауым өкілдері, елімізге танымал дінтанушы, тарихшы ғалымдар шақырылып, қазақ елінің тарихындағы ислам дінінің алар орны мен ұлт болып қалыптасудағы ықпалы туралы жан-жақты ғылыми баяндамалар жасалып, талқылау алаңдары ұйымдастырылды. Конференцияның басты мақсаты – қазақ ұлтының тарихындағы ислам дінінің рөлі, оның ұлтты ұйыта отырып, сан ғасырлар бойы ата-бабамызды әртүрлі діндер мен діни ағымдарға бөлмей, мемлекет болып қалыптасуға өз ықпалын тигізе отырып, өзге дін өкілдерімен өзара түсіністікте өмір сүре білгендігін бүгінгі өскелең ұрпақтың санасына сіңіру болды. Облыста мемлекеттің дін саласындағы саясатын іске асыруда атқарылатын шаралар негізгі үш бағытта жүргізілуде: Біріншіден, тұрғындардың діни сауаттылығын көтеру, әсіресе, жастар арасында дін туралы дұрыс таным-түсінік қалыптастыру болып табылады. Бұл бағытта басқарма облыс әкімдігінің мүдделі мекемелермен, атап айтқанда, білім және жастар саясаты мәселелері басқармаларымен, сонымен қатар, жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орната отырып, түрлі кешенді іс-шараларды өткізуде. Екіншіден, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында құқық қорғау органдарымен жоспарлы шаралар қабылданып, радикалды көзқарастағы діни ағымдардың ықпалына ұшыраған азаматтармен ақпараттық-насихаттық және түсіндіру жұмыстары қолға алынған.Үшіншіден, конфессияаралық келісімді нығайту бойынша облыстағы мешіттер мен шіркеулерде өзара ықпалдасу тетіктері қалыптасқан.
Жангелді Омаров, облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы.