- Advertisement -

«Астана арландары» «Баку оттарын» ойсырата ұтты

63

- Advertisement -

жамбылдық жаттықтырушы Нұрлан Ақүрпеков баптайтын «Астана арландары» бүкіләлемдік
бокс сериясын сәтті бастады

Бүкіләлемдік бокс сериясының алтыншы маусымының алғашқы кездесуін әзірбайжандық «Баку оттарына» қарсы өткізген «Астана арландары» командасы Қарағандыдағы бәсекеде қарсыластарынан 4:1 есебімен басым түсті. Шаршы алаңға шарболаттай ширыққан С1 салмағындағы өрендеріміз шықты. 

Алғаш рингке көтерілген 49 келі салмақ дәрежесіндегі саңлағымыз Теміртас Жүсіпов бакулік Джавид Дадашовқа ешқандай мүмкіндік қалдырмады. Рингте еркін ойқастаған Жүсіповпен жақын қашықтықта ұрыс салғысы келген Дадашовтың ойлағаны жүзеге асқан жоқ. Бес раундты бір демде өткізген Теміртастың жеңісіне төрешілер де, жанкүйерлер де риза болғаны анық. Жүсіпов таразы басын қазақстандық командаға аударған соң шаршы алаңға 56 келі салмақ дәрежесіндегі саңлақтар көтерілді. «Астана арландарының» сапынан тәжірибелі өрен Мейірболат Тойытов ел намысын қорғаса, қонақ команда Яраш Магомедовке сенім артыпты. Бүкіләлемдік бокс сериясында бірнеше жыл өнер көрсетіп, команда үшін маңызды жеңістерге қол жеткізген Тойытов Магомедовті оңай жеңеді деп ойлағанбыз. Алайда алғашқы екі раундта Мейірболат мерейімізді асырудың орнына жанкүйерлерді кәдімгідей қобалжытып қойды.
«Баку оттары» командасының боксшылары негізінен жақын қашықтықта жүріп, қарсыластың қолын байлап ұрыс салғанға бейім екен. Осыны пайымдай білген Мейірболат арақашықтықты дұрыс сақтай біледі деп топшылағанбыз. Бірақ, бірінші раундта қарсыласына мүмкіндік беріп қойғаны қынжылтты. Жақын қашықтыққа ентелей енген, соққысын дөп тигізе білген Магомедовтен қаймығып қалдық. Рас, Тойытов есе қайтарды. Дегенмен, саны артық соққы жіберу оңай болып па?! Алғашқы екі кезеңнен кейін қазақстандық боксшы өзінің үйреншікті мәнеріне көшті. Бапкер Ақүрпековтің кеңесін тыңдаған Мейірболат рингте ойқастап жүріп қалауынша соққысын дарыта білгені сол екен, Магомедов бағанағы жүрісінен жаңылды. Рингтегі рефери әзірбайжандық боксшыдан ұпай кемітіп, ескерту жасады. Бұл жағдай төртінші раундта да қайталанды. Тағы да Магомедовтің ұпайы шегерілді. Дөп тиген соққылардан шаршаған Магомедовтің аяқта еркін жүруі де қиындап кетті. Әттең, Тойытовтың соққысы сәл жойқын болғанда жанкүйерлер нокдаунды да көрер ме еді. Шешуші сәтте жеңісті жұлып ала білетін қабілеті бар Мейірболат осылайша қоржынымызға екінші ұпайды сыйлады.
Бұдан соң рингке көтерілген 91 келі салмақ дәрежесіндегі жас саңлақ Еркін Мұхамеджан тәжірибелі қарсыласы Гаджи Муртузалиевтен басым түсті. Еркін жоба аясындағы алғашқы кездесуін өткізсе, Муртузалиев бұған дейін аса ауыр салмақта әзірбайжандық клубтың намысын қорғаған болатын. Жаңа маусымда салмақ қуып, жаңа салмаққа ауысыпты. Екі боксшының кездесуі жақын қашықтықта өрбіді. Қарсыластан гөрі белсенді қимылдаған Еркіннің жеңісінен кейін «Астана арландары» 3:0 есебімен командалық жеңіске қол жеткізіп те қойды. Төртінші болып шаршы рингке шыққан 64 келі салмақтағы боксшымыз Асхат Уәлиханов үшінші мәрте Гайбатулла Гаджиалиевке жол берді. Уәлихановтың қарсыластан бойы да, қолы да ұзын бола тұра, арақашықтықты дұрыс таңдай алмайтыны өкінішті. Соңғы кездесуде рингке беттеген 75 келідегі Мейірім Нұрсұлтанов өзінің шын мықты екендігіне күмән келтірген жоқ. Ол тіпті Бадри Хардзианиді төртінші раундта нокдаунға жіберіп, бір есеңгіретіп алды. «D» тобының екінші кездесуінде өзбекстандық команда Пуэрто-Рико боксшыларын 5:0 есебімен жеңді. Енді «Арландар» 6 ақпанда қонақта Пуэрто-Рико командасына қарсы өтетін кездесуге С2 салмағындағы боксшыларды алып барады. С2 салмағында жамбылдық Олжас Сәттібаев пен Асланбек Шымберген бар екенін еске сала кетейік. Ендеше, «Баку оттарын» 4:1 есебімен айқын жеңген Нұрлан Ақүрпеков баптайтын «Астана арландарының» жеңісті жорығы алда екені сөзсіз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support