Жыраудың азаматтық үні
Жыраудың азаматтық үні
немесе «Кедей күйі» өлеңі хақында бірер ой
Асқақ Алатаудың мұзарт шыңдарына көз тігіп өскен қазақ айтыс өнерінің ақтаңгері, ұлттық поэзияның кәусар бұлағынан сусындаған алдаспан ақын Жамбыл Жабаевтың азаматтық бейнесі әрдайым халықтың жүрек түкпірінде, сана төрінде асқақ болып қала берері сөзсіз. Әлбетте, кейбір сыншысымақтар Жамбылды да күстәналап, «Ленинградтық өренім» атты өлеңін биліктің қалауымен жазды дегенге дейін барды. Алайда, бұл қазаққа не жаққан?!
Әсілінде, Алатаудың алыбы Жамбыл Жабаев қай кезде болсын үстем тап өкілдерінің емес, халықтың қасынан табылып, әрдайым азаматтық үнін өлеңмен өрнектеп отырған. Сүйінбайдай ұстазынан суырыпсалмалық қасиетті өн бойына қондырып, шешендік пен тапқырлықты қоса дарыта білгені өз алдына бір бөлек әңгіме. Жетісудан бастау алып, күллі ел ақындарының арасында таралған – лирикалық, дидактикалық, эпикалық жанрлардың да үлгісін мықтап меңгерген Жәкеңді қара өлеңнің қара нары демей көр. Бір өлең бір әлем екені анық. Елдік мүддені жырлаудан танбаған Жамбылдың мына бір «Кедей күйі» атты өлеңі халықтың көкейін тамыршыдай тап басқанын аңғарта түседі.
«Ұзынағаш, Қаратас, Қалқабайдай қайран жас. Бекеттен нан қоймайды, Жалаң аяқ, жалаң бас.
Оған ауыз жарымас, Сонда дағы ар қылмас. Қалт-құлт етіп жүргені, Қысы-жазы қарны аш. Қайтіп жаның ашымас, Неткен заман қатыбас. Еткен еңбек, төккен тер Қалай түкке татымас?!
Болмайды ішкен асың ас, Қайтіп сүйек жасымас?! Мұныменен, Қалқабай, Сордан көзің ашылмас», –
деп келетін өлең жолдарын сол зар заманның бейнесін, бұқара таптың көңіл күйін тап басқанын аңғарамыз.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».