Баршамыздың мақсатымыз бақытты болу
Баршамыздың мақсатымыз бақытты болу
Шәрбат ҚашҚымбекова, Т. Рысқұлов атындағы тірек мектебінің директоры.
Қазақстан азаматтарының мемлекет болашағын ойлап, ортақ мақсат жолында ұйыса білуі – елдіктің белгісі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 5-ші шақырылымдағы Парламент Мәжілісін тарату туралы Жарлыққа қол қоюына, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындауға байланысты халыққа үндеуінде айтып өткендей, баршамыздың мақсатымыз – халық пен елдің игілігі. Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасы бірден қызу талқыға түсіп, көпшіліктің қолдауына ие болуы да сондықтан. – Бәріміз Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында еңбек етіп, бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Біз бірлесе отырып, бүгінгі заман алдымызға тосып отырған барша қиындықтар мен сын-қатерлерді міндетті түрде еңсеретін боламыз, - деді Елбасы. Жалпы, әлемді дағдарыс жайлады деп қарап отырудың еш реті жоқ. Дағдарысқа қарсы шараларды жедел қолға алу керек. Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын мерзімінен бұрын өткізу ұсынысы осындай қажеттіліктен туып отырғанын түсіну керек. Бастысы, Мәжіліс құрамы Елбасының 5 институттық реформасын жүзеге асыруда халыққа қалтқысыз қызмет ететін, жаңа жағдайда уақыт тынысын дөп баса білетін азаматтардың сайлануына баса мән беру керек. Президентіміз «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында білім саласына да ерекше көңіл бөлген. 76-қадамында ЭЫДҰ елдері стандарттары негізінде адам капиталының сапасын көтеру, 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу, функциялық сауаттылықты дамыту үшін мектептегі оқыту стандарттарын жаңарту, жоғары сыныптарда жанбасылық қаржыландыруды енгізу, табысты мектептерді ынталандыру жүйесін құру жолдары нақтыланған. Бұл қадам өз кезегінде орта білім беру сатысын дамытуға ықпал ететін болады. Сондықтан, сайлауды ерте өткізу туралы Елбасы шешімін қолдаймын. Барша ұстаздарды Президент үндеуіне үн қосуға шақырамын.
Мойынқұм ауданы.