Компанияларымыз ешкімдікінен кем емес
Компанияларымыз ешкімдікінен кем емес
Тек салдыр-салақтыққа жол бермеу керек
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің қатысуымен өткен есеп беру жиынында облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының өткен жылы атқарылған жұмыстары қорытындыланды. Басқарма басшысы Ержан Ахметов облыс тұрғындарының әлеуметтік, тұрмыстық хал-ахуалын жақсартуға байланысты атқарып жатқан жұмыстары қомақты екенін, өз қызметтерін ҚР 2001 жылғы 16 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметтері туралы» Заңына сәйкес жүргізіп отырғандарына тоқталды.
Ержан Әбдірахманұлының баяндамасына сүйенсек, облыс әкімдігінің 2011 жылғы 23 ақпанда қабылдаған «Елді мекендердің Бас жоспарын әзірлеу туралы» №42 Қаулысына сәйкес, аймақ басшысының тікелей қолдауымен 2010-2015 жылдары аралығында Тараз қаласы мен аудан орталықтарының Бас жоспарын әзірлеуге облыстық және аудандық бюджеттерден 1 миллиард 373 миллион теңге бөлінген. Осы жылдар аралығында 327 елді мекеннің Бас жоспары әзірленіп, аудандық мәслихаттардың шешімімен бекітіліпті. Былтырғы жоспарға сай 91 елді мекеннің оңайлатылған Бас жоспары мен біріктірілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленген. Алайда, үш ауданның әкімдіктері тиісті қаржыны бөлуге асықпағандықтан, облыс бойынша 32 елді мекеннің Бас жоспарын әзірлеу кешеуілдеп қалған. Атап айтқанда, Жуалыда – 27, Мойынқұмда – 4, Байзақта 1 елді мекеннің Бас жоспары жоқ. Ал Тараз қаласындағы «Родничок», «Мичуринец», «Ақ жол», «Қайнар» алқаптарының топографиялық түсірілім карталары дайындалып, құжаттары дер кезінде әзірленіпті. Басқарма басшысының айтуынша, Жамбыл ауданында рұқсат берілмеген жерге дәмхана, кафе салу, Мойынқұм ауданында тиісті мекеменің шешімінсіз мешіт құрылысын салу фактісі орын алған. Мұндай келеңсіздіктер Тараз қаласында да кездескен. Ержан Ахметов биыл өңірді дамытудың қала құрылысы кешенді сызбасын әзірлеу үшін 2016-2017 жылдарға облыстық бюджеттен 350 миллион теңге, облысты дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша Тараз, Қаратау, Шу, Жаңатас қалаларының сейсмокартасын әзірлеуге 1 миллиард 260 миллион теңге қаражат қарастырылғанын айтады. Жиында облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Өсербай Тоғысбаевтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, өңірде салынып жатқан құрылыстарда бірқатар кемшіліктер анықталған. Құрылыс заңдылығын сақтамағандарға жалпы көлемі 11 миллион 295 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салыныпты. Құрылыстағы олқылық ең алдымен материалдың сапасына назар аудармаудан туындайды екен. Өсербай Аралбайұлы ең арзан материалдар қолданғандықтан құрылыс нысандары талапқа сай болмайтынын айтты. Мәселен, Жуалы ауданындағы Ертай ауылындағы 120 орындық орта мектеп құрылысында бетондау жұмыстары өз дәрежесінде жүргізілмеген, жабынды плиталардың геометриялық өлшемдері стандарттан ауытқыған. Сол себепті бас мердігер «Фирма Самғау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 297 мың теңге әкімшілік айыппұл салған. Мойынқұм ауданы, Шығанақ ауылындағы 140 орындық балабақша құрылысының шатырлау жұмыстары мен ағаш құрастырмаларын жасау да жобаға сай емес болып шыққан. Бұл үшін де бас мердігер «Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тиісті айыппұлын төлеп, лицензиясы бір айға тоқтатылыпты. Жалпы былтыр осындай кемшіліктерді қалпына келтіру үшін басқарма тиісті тараптарға 85 нұсқама берген. Есеп беру жиынында «ҚазНИНСА» АҚ облыстық филиалының директоры Мұхан Байтеміров саман кірпіштен салынатын үйлердің құрылысы сапасыз болатынын, жеке тұлғалардың мұндай әрекеттеріне қалайда тосқауыл қою қажеттігін қозғады. «Құрылысконсалтинг» ЖШС-ның директоры Дәулет Медетов құрылыс жұмысындағы кемшіліктер аудандарда сәулет пен құрылыс саласының бір бөлімге қосақталғанынан орын алып отырғанын айтты. Ардагер Берікшал Имашев құрылыс мәселесіне қатысты, автокөлік жолдарының сапасыздығына алаңдаушылық білдірді. Есеп беру жиынын облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қорытындылап, аймақтағы құрылыс компанияларының шеберлігі ешкімнен кем емес екенін, құрылысқа жергілікті компанияларды көбірек тарту қажеттігін сөз етті. Өткен жылы кеткен олқылықты биыл қайталамауды ескертті. Алдағы уақытта сәулет жұмысына да көбірек көңіл бөлу қажеттігін, жауапкершілік жоғары болса, жұмыс сапалы болатынын айта келе, Бекболат Серікбекұлы есеп берген басқарма басшыларының жұмысына қанағаттанарлық баға берді.
Есет Досалы, «Ақ жол».