Әкімдердің халық алдында есеп беруі
Әкімдердің халық алдында есеп беруі
Қаңтардан бастап Ұлт жоспарын орындаудың нақты қадамының практикалық кезеңі басталғаны белгілі. Оны жүзеге асыруға негіз болатын заңдық құжаттар қабылданды. Бұл – ұлы мұратқа жетудің алғашқы белесіне қадам жасалды деген сөз. Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңінде мемлекетті аппаратты кәсібилендіру қазақстандық арманға жетудің шешуші тетігі болады. Жалпы, «100 нақты қадам» елімізді өзгертетін кешенді жүйені жүзеге асыруды міндеттеп отырғанын айта кету керек. «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» деп аталатын мақаласында: «Біз өзіміздің жаңа арманымызға қарай жақындауды Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жасаудан бастадық» деді Елбасымыз. Біздің арманымыз – экономикасы дамыған, әлеуеті жоғары, халқы бақуатты өмір сүретін, әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу, Мәңгілік Елге айналу. Бұл айтуға ғана оңай. Ол үшін жүйелі әрі белсенді іс-әрекет, ең бастысы, халықтың үлкен ерік-жігері керек. Қазақстандықтар жұмыла жұмыс істегенде ғана оған жетуге мүмкіндігі бар. Себебі, Ұлт Көшбасшысының Ұлт жоспары сол армандарға жеткізеді. Көздеген межеге жету үшін ең алдымен мемлекетшіл азаматтар, қызметшілер, саясаткерлер белсенді болуы керек. Елбасының Ұлт жоспарында ең алдымен мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруді алға қоюы да сондықтан. Елге шын берілген, қолы таза, жемқорлықтан ада адам ғана мемлекеттік қызмет сатысымен жоғарылай алады. Ол білгір, іскер болуы тиіс. Сол себепті мемлекеттік қызметке орналасуды тек төменгі лауазымдардан бастау туралы талап қойылуда. Ал мансаптық жоғарылау конкурстық негізде ғана жүзеге асырылмақ. Алдағы күтілетін өзгерістердің ішінде бір нәрсені атап айтуымыз керек. Ендігі уақытта жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмысы қоғамға ашық есеп беретін мемлекет саясатымен үйлесім табатын болады. Бірқатар мемлекеттік функциялар үкіметтік емес ұйымдарға беріледі. Бір сөзбен айтқанда, атқарушы органының жұмысын саралап отыратын жергілікті ұйымдар пайда болмақ. Мұндай қадамдар халықтық басқару жүйесін құруға жетелейді. Жыл басында жергілікті әкімдер халық алдында есеп береді. Бұл да демократиялық үрдістің бір көрінісі. Есепті жиындар арқылы халық бір жылда атқарған жұмысымызға баға береді, ал бізге алдағы атқарар жұмыстарымызды саралауға мүмкіндік туады. Ең бастысы осы жиналыстарда Елбасының тапсырмаларының тұрғындар тілегімен үндесіп жататына көз жеткіземіз, жыл ішінде жүзеге асырар жұмыс жоспарын екшеп аламыз. Міне, сондықтан да есеп беру науқанына түрлі деңгейдегі әкімдер жан-жақты дайындалады. Өйткені, біз – халық қызметшілеріміз. Бұл да 5 институттық реформада көрсетілген талаптың бірі.
Талас ауданы.