- Advertisement -

Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтудың жайы қалай?

49

- Advertisement -

Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиевтың төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы және ауыл шаруашылығына қатысты бірқатар мәселелер қаралып, талқыланды. Оған ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау, табиғи ресурстар, жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармаларының және облыстық кәсіпкерлік палатасы мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының басшылары қатысты. 

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ж.Баубеков баяндама жасап, өздерінде өткен жылы тұрғындардың әлеуметтік қорғалуы, жұмыспен қамтылуы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, «Нұр Отан» партиясының «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» атты бірлескен жобасын жүзеге асыру жайына жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, биыл пилоттық режімде жүзеге асырылатын жоба бойынша 2 миллиард 5 миллион теңге бөлінбек. Бұрын «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мұндай несиелендіру әлеуметтік аз қамтылғандарға ғана арналса, ендігі жерде өз бетімен жұмыспен айналысушы азаматтардың да аталмыш жобаға қатысуға мүмкіндіктері бар. Олар бұл үшін кәсіпкерлік негіздерін оқытудан өтіп, салық органдарына тіркеліп, әлеуметтік аударымдарды уақтылы жасап отыруы тиіс. 6 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады. Жоба шағын отбасылық құс өсіретін, мал бордақылайтын, тауарлы сүт фермаларын құруға арналып отыр. Мұндай кәсіпкерлік нысандарын құрып, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар міндетті түрде өзін қоса есептегенде, басқа азаматтарды да жұмыспен қамтуға тиіс.
Облыс әкімінің орынбасары бұл несиелеу түрінің өте-мөте қолжетімді, әсіресе, ауылдық тауар өндірушілерге қажеттігін еске салып, осынау отбасылық шағын фермаларды құрудың жобасы, есептемелері аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдеріне танысу үшін ұсынылатынын айтып, аудан әкімдеріне бұл істі бақылауға алуды, ұйымдастыруды, тиісінше тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жүктеді.
Абдалы Тоқбергенұлы облыста өндірілетін сүт сапасының төмендігіне де назар аударды. Осы орайда сүттің технологиялық талаптарға сай сапалы сауылып, сақталуы қамтамасыз етілуі тиістігін, бұл үшін ауылдық округтерде сүт қабылдау пункттері ұйымдастырылуы қажеттігін атап көрсетті. Мұндай бір пунктті салу мен жабдықтауға 6 миллион 850 мың теңге жұмсалады екен. Бұл – облыстағы сүт өнімдері ысырабының алдын алуға да септеспек.
Кеңесте Т.Рысқұлов және Шу аудандарында қант қызылшасын егіп, өсіруге арналған алқаптарда сүдігер көтеру жоспары әлі толық орындалмай отырғаны сын тезіне алынды. Биыл ақпан айының үшінші онкүндігінде ауа райының температурасы 30 градусқа дейін төмендеп, наурыз айының да салқын болатынын еске салған облыс әкімінің орынбасары аудан әкімдеріне көктемнің әрбір күнін тиімді пайдалану үшін тұқым мен жанар-жағармайдың жеткілікті қорын жасап, егіс-дала жұмыстарына дайындықты қазірден ширатуды тапсырды.
Жиын барысында әлеуметтік нан бағасының тұрақтандырылу жайы да айтылды. Әр ай сайын әлеуметтік нан бағасы 1,5 теңгеге өсіп отыратын болады. Нанның қазіргі бағасы сәуір айында 55 теңге болып, жаз айында 60 теңгеге дейін көтерілмек. Жағдай тұрақты бақылауда. Бұл тұрғыда жеткілікті ұн қоры жасалған.
Облыстық тиісті мекемелер басшылары­ның берген мәліметтеріне қарағанда, өңірімізде былтыр 62 мың 300 гектар егістік жер пайдаланусыз қалған. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы І.Тортаев бірқатар аудандарда едәуір жердің бүлінгені тіркелгенін атап көрсетті. Осыған байланысты А.Нұралиев аудан басшыларына тиісінше шаралар қолдануды жүктеді.
Тараз қаласының және аудандар орталықтарының айналасында абаттандыру жасыл белдеулерін құруға байланысты облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ж.Ханалиев хабарлама жасады. Оның айтуынша, бұл жоба бойынша 2016-2017 жылдары облыс көлемінде 1456 гектар жерге 1 миллионнан астам ағаш көшеттері отырғызылуы тиіс. Орман шаруашылығы мекемесі өз кезегінде екпе көшеттермен жеткілікті қамтамасыз етпек.
Жиында осы және басқа да мәселелердің жүзеге асырылуы жайы қаралып, пысықталды.

Баймаханбет Ахмет,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support