Әлеумет

Мүгедек деп мүсіркемей, жұмыс тауып бер

Мүгедек деп мүсіркемей, жұмыс тауып бер

«Сенім» корпорациясының басшысы Алтынбек Садырбаев үлгісі осы ойға жетелейді

Ол жастайынан мүгедектігіне қарамастан ел қатарлы еңбек етумен келеді. Кезінде Талас, Мойынұм аудандарындағы,Ойық ауылындағы тұрғындардың тұрмыс қажетін өтеу мекемелерінде жұмысшы болды. Өз ісінің кәнігі шеберін нарыққа өтпелі кезең қиындықтары да мұқалта алған жоқ. Ауылдан ірге қозғалтпай, шайлық нәпәқасын етікшілік кәсібімен-ақ айырып отырған. Астында ескі болса да жеңіл көлігі бар-ды. Сонысымен онда-мында шапқылап, қорасындағы аздаған уақ тұяғының жем-шөбін, отын-суын да әзірлеп алатын. 

Ауылда етікші жігіт аяқ киімдерді көбінесе қарызға оңдайтын. Оның жағдайына қарасқанын біреу түсінеді, біреу «ұмытып» та кетеді. Ол аздай, өзінен қарыз ақша алып, қайтармай жүрген құрдастарының қатары көбейе берді. Жалғыз кәсібіне отбасы, өсіп қалған балалары қарап отыр. Қарапайым етікшіде қайбір қауқар бар? Алғашында ауылда отырып-ақ бизнесін ұлғайтуға ниеті ауған. Шағын несие де алмақ еді. Алайда, қолдау көрсетер ешкімі болмады. Қалаға біржола қоныс аударуды ойлағаны содан. Ауылға қажет-ақ адам еді... Елуді еңсерген азаматтың жаңа ортаға сіңісіп кетуі қайдан оңай болсын! Не үй, не жұмыс жоқ. Қала өмірі тосырқай қарсы алды оны. Нұрлан Әбілдашев сол күндері облыс баспасөзінің қарашаңырағы – «Ақ жол» газетінің редакциясына бас сұғып, жағдайын айтқан. Ол газетте жазылды. Кейін мүмкіндігі шектеулі азаматқа қарайласқандар табылып, базардан жеке кәсібін ашқанын естідік. Сол сол-ақ, шаруасы да дөңгелеп жүре берген. Жуырда жолым түсіп, орталық базарға барғанымда Нұрланның өзімен бетпе-бет жолығып қалдым. Екеуара әңгіме барысында оған көмек қолын созған «Сенім» корпорациясының басшысы, танымал кәсіпкер Алтынбек Садырбаев екенін, ісмер азаматтың қолынан шыққан саптама етік оның да назарын аударып, біреуін қолма-қол ақшасын төлеп, сатып алғанын білдік. Одан әрі базар аумағынан кішкене етікші құжырасын салуына жер бөлгізіп, азаматтық жасапты. Дайын өнімдерді сақтайтын қойма ретінде пайдалана тұруға үлкен ғимараттың бір бүйір бөлмесін және берген. Нұрлан Алтынбектей ағасының өзіне мүгедек деп мүсіркемей, жұмыс тауып бергеніне риза. Бізді қоярда қоймай жұмыс орнына шақырып, өз кәсібінің қалай өрісін кеңге жая бастағаны туралы ынты-шынтысымен әңгімелеп берді. Қатар тұрған үш бутиктің екеуі өзінікі екен. Екіншісіне жұмыссыз жүрген бір шебер қол азаматты көмекшілікке алыпты. Еңбекке жарағалы бері етікшілік кәсібін дөңгелетумен келе жатқан кәнігі шебер базардан осындай орынның тағы да бірін ашқалы жатқанын жеткізді. Орны да әзір тұр екен. Алдағы уақытта Астанадан өздерінің дайын өнімдерін сатуға арналған филиал ашпақ ниеті бар. Мұндай іске тәуекел етуіне негіз жоқ емес. Оның қолынан шыққан аяқ киімдерге, әсіресе көкпаршыларға лайықталған саптама етіктерге Алматы, Атырау, Ақтау қалаларынан, оңтүстік және солтүстік облыстардан тапсырыстар көптеп түсіп, есімі еліміз өңірлеріне танылып үлгеріпті. Нұрлан бауырымыз алдағы уақытта өздеріндегі аздаған технологиялық жаңғыртулардан кейін қытайдыкінен анағұрлым берік отандық аяқ киімдер тіге алатындарын да айтты. Шикізат ретінде көбінесе жергілікті жерде өңделген сапалы тері өнімдерін пайдаланады. Елге танылған етік оңдаушының осы іске қолынан іс келетін тағы да ондаған азаматты тартып, жұмыспен қамтысам деген де ниеті бар. Нұрлан Әбілдашевтің мүгедектігіне қарамай өз бетімен еңбектеніп қол жеткізген жетістіктері осындай. Келіншегі Мәрзия Сатаева (тіл мүкістігі бар, құлағы нашар еститін ол да 3-топтағы мүгедек) екеуі алтын асықтай ұл-қыздар тәрбиелеп өсіріп отыр. Осында көшіп келген соң балаларын өз қолдарына алған. Ал тұрмыстық, отбасылық мұқтажына келсек, тіліміз тұтқырлана беретіні бар. Етік оңдаушы бауырымыз қалада отбасымен пәтер жалдап тұрады ғой. Келіншегі екеуінің мүгедектіктеріне қарай алатын 17 мың теңге әлеуметтік жәрдемақыларын қосқан күннің өзінде пәтерақыға әупірімдеп жетеді. Жұмыссыз келіншегін, екі қыз, бір ұлын һәм немересін – алты бірдей жанды Нұрланның өзі қарапайым кәсібімен-ақ асырап-сақтап отыр. Осындай отбасылық тірлікпен жүріп, оның өзі де, келіншегі де мүгедектіктен оңалту бағдарламасы бойынша сауықтыру орындарында демалу, басқа да жеңілдіктер алу дегенді мүлде ойламапты да. Қолын жайып ешкімнің де алдына бармай, еңбегін еміп, қоғамдық белсенділігін бәсеңсітпеген мұндай жандар үлгі етуге де әбден лайық қой.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Тараз қаласы.