- Advertisement -

Дипломат

145

- Advertisement -

2015 жыл. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге белгілі бір топ тұлғаларды наградтады. Солардың арасында Шу ауданының орталығы Төле би ауылында туып-өскен Сайлау Батыршаұлы «Парасат» орденімен марапатталды. Ол белгілі дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлағаты ұстаз.

Қой жылы соңында Астана қаласындағы «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шарада Нұрсұлтан Назарбаев: «Тұтас бір дәуірлердің куәгері болған біздің халық өз дамуында көпғасырлық күрделі жолдан өтті. Әл-Фараби айтқан екен, мемлекет те адам сияқты өз өмірінде екі табалдырықтан аттайды. Біріншісі – өмірге келуі, екіншісі – ересек өмірге қадам басуы. Осы кезеңдердің әрқайсысы қайталанбайтын әрі қымбат кезең болып саналады. Біздер, қазақ халқы, ұлт өрлеуінің қазақстандық дәуірінің негізін қалаушыға әрі тұңғыш ізбасарына айналдық. Біз өз егемендігімізді бабалардың өнегесі мен халқымыздың парасаттылығының арқасында алдық. Шексіз арман жолында Отан үшін орасан қиындықтардан өтуге болады. Тәуелсіздік – күшті рухпен және мықты мінезбен ғана ұстап тұруға болатын тарих толқыны», – деп өз ойын айтты.
Сол қиын-қыстау кезең саналатын 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болатынына күмәнмен қарағандардың қарасы қылаң берген. Елбасы Н.Назарбаев барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, сол жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жариялады. Бүгінгі күні ел тәуелсіздігінің ширек ғасырға басқан қадамын тойлауға кірісті.
Бұл жетістікке қазақ дипломаттары да өзіндік үлесін қосты. С.Батыршаұлы 1990 жылдан бастап Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, министрдің міндетін атқарды. Ол еңбек жолын 1965 жылы Қазақ ССР Сыртқы істер министрлігінің бірінші хатшысы қызметінен бастады. Мәскеуде Жоғарғы дипломатиялық мектебін (академия) бітірген соң Францияда, Алжирде, Конгода совет елшілігінде дипломат қызметінде болды.
Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған соң шет мемлекеттермен дипломатиялық қатынас орнатуда Сайлау көп еңбек атқарады. Еліміздің Өзбекстан Республикасындағы бірінші Төтенше және Өкілетті елшісі ретінде екі ел арасындағы қатынасты реттеуге үлкен үлес қосып, Өзбекстандағы қазақ қандастарымызбен тығыз байланыс жасап, олардың ата жұртына оралуына жол ашты. Солардың ішінде қазіргі Қазақстан Республикасы елтаңбасының авторы, әйгілі дизайнер-архитектор Жандарбек Мәлібековке Қазақстан азаматтығын өз қолымен берген осы С.Батыршаұлы болатын. Ол кезде біз бұрынғы Совет одағының куәлігін пайдаланып жүрдік. Жаңа Қазақстан Республикасының паспорты 1995 жылы 1 қаңтардан бастап енгізілді. Айта кететін тағы бір жайт, Алаш көсемдері және бүгінгі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің суретін салған Өзбекстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ұлты қазақ Әбдімәлік Бұхарбаев сынды өнер қайраткеріне де Қазақстан азаматтығын берген – Елші С.Батыршаұлы. Сондай-ақ, Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі, Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы, Израильдегі елшіліктердің кеңесшісі болып тер төкті. Соңғы жылдары Сыртқы істер министрінің кеңесшісі лауызымынан зейнетке шықты.
Бүгінде дипломатия қызметіне келгеніне 50 жыл толып отыр. 1944 жылы Республикада Сыртқы істер министрлігі құрылғаннан бері 15 министр қызмет атқарса, дипломат ардагер – солардың 13-імен қызметтес болып, сұхбаттасқан тұлға.
Бұған дәлел белгілі дипломат, мемлекет қайраткері Қ. Тоқаев: «С.Батыршаұлы – білімді, белсенді, өмірлік ұстанымы бар азамат және табиғатынан халықтық дипломатиясынан сусындаған» – деп, «Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар» оқулығына жазған алғы сөзінде өз ойын білдірген.
Тәуелсіздікті алар алдындағы 1991 жылғы тамыз айында Елбасы Н. Назарбаевтың шақыруымен Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер Қазақстанға келген болатын. Алып елдің Мемлекеттік хатшысын Елбасы қабылдап, екі ел арасындағы саяси, экономикалық түрлі мәселелер және болашақтағы қарым-қатынас туралы толғамды ойлар талқыланды. Өйткені Қазақстан жерінде стратегиялық ракеталар және ядролық полигондар орналасқан, сонымен қоса, елімізде үлкен мұнай қоры анықталған болатын. АҚШ осы жайларды ескеріп, елімізбен саяси, сауда-экономикалық қатынас орнатуға бел байлады. Сөйтіп, олар тиімді келіссөз жасай алды. АҚШ-тың тәжірибелі ірі компаниялары Қазақстан мұнайын игеруге көмектесетін болып келісілді. Сол уақытта еліміз тәуелсіздікті әлі жарияламаған, қазақ дипломатиясының тәжірибесі де аз болатын. Соған қарамастан, Америка делегациясын жоғары дәрежеде қарсы алып, нәтижелі келіссөз жүргізілді. Жоғары дәрежелі делегацияны қарсы алып, оларды күтуде қазақ дипломатиясы үлкен іс атқарды. Оған дәлел Джеймс Бейкер Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы С.Батыршаұлына арнайы алғыс білдіріп, хат жазады.
1990 жылы 25 қазанда қазақ дипломатиясы «Мемлекеттік егемендік» туралы Декларация даярлауға өз үлесін қосты. Бұл декларацияда тұңғыш рет «мемлекет» деген сөз қолданылып, шетелдермен байланыс жасау мәселесі бекітілді. Тәуелсіздік алу жолында бұл құжаттың маңызы өте зор болды. Қазақ Үкіметінің тапсырмасы бойынша Мәскеуде одақтық министрлігінде Сыртқы істер министрлерімен кездесу, жиындарда дипломат тәуелсіздік алу жолына белсенді кіріседі. Ол Республика жұртшылығын, оның ішінде басқа да ұлт өкілдерін егемендікке иландыру үшін көп әрекет жасайды, соның бірін айтар болсақ: 1990 жылғы 6 қазанда «Ленинская смена» газетіне берген сұхбатында «Қазақ ССР-і Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуға толық құқылы және бұл мәселе күн тәртібінде тұр» деп мәлімдейді. Ал корреспондент дипломаттың пікірін «фантазия» деп есептейді. Сөйтіп, «Казахстан – полноправный член ООН. Фантазия или реальность?» деген тақырыппен мақала береді. Бірақ, бұл ешқандай да фантазия болған жоқ. Өткен күннің еншісінде қалған шындық. Тәуелсіздіктің таңы атып, көк байрағымыз желбіреп, ел еңсесін көтеріп, болашаққа нық сеніммен қадам басты.
Қазақстан Республикасы 1992 жылы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды мүшелігіне қабылданды. Қазірде Қазақстан мемлекеті әлемдік аренада беделді мемлекетке айналды. Әрине, бұл ең алдымен тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының жемісі және бұған қазақ дипломатиясының да қосқан үлесі мол екендігі хақ.
1991 жылы қазан айында Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының сессиясына Кеңес одағының делегациясы құрамында Сыртқы істер министрінің орынбасары С.Батыршаұлы да қатысады. Біздің дипломат осы сәтті пайдаланып, БҰҰ-ға мүше елдердің делегацияларымен жұмыс жүргізіп, Қазақстан туралы мәлімет береді. Ол осы тұста АҚШ Мемлекеттік департаментінің бөлім басшысы Джонсон және АҚШ Конгресінің жауапты хатшысы Джоунстқа Қазақстан басшысының тәуелсіздікке баратын идеясын да жеткізеді.
БҰҰ ғимаратында шетел корреспонденттерінмен баспасөз мәслихатын өткізеді. Оған қатысқан ТАСС агенттігінің корреспонденті біздің дипломаттан сұхбат алады. 1991 жылғы 24 қазанда ТАСС корреспондентінің баспасөз мәслихатынан берген мақаласы республикалық ақпарат құралдары «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» «Жетісу», «Вечерняя Алма-ата» газеттерінде жарияланды. Осы жағдайлардан кейін Министр дипломатты қызметтен босату әрекеттерін жасайды. Осы мәселе жөнінде сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары М.Жолдасбеков С.Батыршаұлын кабинетіне шақырып, мән-жайды сұрайды. Сұхбатта көтерілген Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болатындығына көзі жетіп, дипломаттың өз қызметінде қалуына жәрдем береді.
Бір жарым айдан соң, Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда мемлекеттік Тәуелсіздігін жариялады. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары Сыртқы істер министрлігі, елшілер, дипломаттар туралы заңнама, қаулы, ережелер даярлауда мол тәжірибесі пайдаға асты. Сол жылдары Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қалыптасуына, шетелдерде біздің елшіліктеріміздің ашылуына үлкен жұмыс жасалды.
Шын мәнінде Сәкең – «Сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға. Ол кісі тек мемлекет қайраткері, дипломат қана емес, үлкен ғалым-ұстаз. Ол 60-жылдарда Қазақ ССР Сыртқы істер министрлігіндегі қызметінен қол үзбей жүріп, қосымша Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде, Қазақ педагогикалық институты, Қазақ ауыл шаруашылық институты, Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры ретінде қосымша қызмет атқарады.
Халықаралық тәжірибесін, білімін бүгінгі студенттерге беріп келеді. 28 жылдық ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілі бар профессор, Еуразия ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультетінде дипломаттар даярлауда бакалавр, магистрант және докторанттарға дипломатиялық хаттама және халықаралық қатынастар, халықаралық шиеленістер туралы лекция оқып жүр.
С.Батыршаұлы дипломатиялық қызметпен бірге ғылымда, халықаралық қатынастар мамандығына маман даярлауда жемісті еңбек етуде. 2005-2010 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде докторлық диссертация кеңесінің мүшесі, 2002 жылдан бастап Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің профессоры және ғылыми кеңесінің мүшесі болды.
Еліміздің қоғамдық жұмыстарына белсене араласып жүрген ардагер дипломат, ұстаз Астанадағы «Мемлекеттік тіл» қозғалысының төрағасы қызметін атқаруда қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесіне жеткізу мақсатында көптеген игілікті істер атқарып келеді.
Ол көптеген ғылыми-публицистикалық еңбектер жазды. «Развитие промышленности в развивающихся странах», «Внешнеэкономические и культурные связи Казахстана» және «Дипломатия тек сыртқы саясат емес…», «Мысырдағы Мәмлүк сәулет өнерінің тарихы», «Оман Сұлтандығы» кітаптарының авторы. Республика тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде «Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар» оқулығын жазып шыққан бірегей дипломат. Осы еңбегі үшін Қазақстан жоғарғы оқу ассоциациясының шешімімен «Ахмет Байтұрсынұлы» республикалық медалі тапсырылды. Сондай-ақ, Қазақстанның және шетелдердің саяси-экономикалық, әлеуметтік проблемаларына байланысты жүзге жуық мақалалары мен еңбектері жарық көрді.
Дипломатия саласында атқарған ерен еңбегі үшін Кеңес одағы, Қазақстан Сыртқы істер министрлерінің көптеген грамоталары мен Алғыс хаттарын алды. «Қазақстан Республикасы Дипломатия қызметінің еңбек сіңірген қызметкері», Елдің тәуелсіздігіне қосқан еңбегі үшін Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына қосқан үлесі үшін «Нәзір Төреқұлов» медалімен марапатталған.
Белгілі дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, Еуразия ұлттық университетінің профессоры ретінде студенттерге білім берумен ғана шектеліп қалмай, жастарға ұлттық сананы бойларына сіңіріп, қалыптастыруда атқарып жүрген еңбегі еселі жерлесімізді мақтан тұтамыз.

Лариса АЛДАБЕРГЕНОВА,
журналист.

Астана қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support