Қара шаңырақ

112

Күре жолда ерсілі-қарсылы заулап жатқан көліктерге қол көтеріп, екі жолаушы тұр. Зеңгір көкке шырай бере көтерілген күннің аптап ыстығы түс мезгілі жеткенде үдей түсті. Алдыңғы күні қалаға қызын оқуға түсіріп, енді соның жатар баспана-жайы болмай тұрғанын айтып, «келін-балаңыздың үйіне орналастырсаңыз» деп өтініш білдірген жалғыз бауырының қызы келгеннен кейін қарсылық білдіре алмаған еді. Іштей қалай боларын болжап та қойған.

– Е, Ақсарбас, ол келін кісі баласын сыйғызса, – деп айтып та қала жаздаған. Тілін тартып, отырған жерінен сәл қозғалақтап:
– Қызыңды бүгін осы үйге қалдыр. Бақшадан оны-мұны теріп ала барайық. Әйтпесе ылғи жалғыз өзім арқаланып, қаладағы ақсаусақтарға тасимын да жүремін, – деген болатын. Енді міне, жол бойында тосылып қалды.
Гүлбаршын апай аққұба өңді, мойылдай қара көздері мөлдіреп тұратын, сөйлегенде жан жібітетін мейірімге толы дауыс ырғағы жүрегі өте нәзік адам екенін аңғартатын. Қайсар мінезі мен бірбеткейлігі жесірліктің тауқыметіне жықпаған еді. Әйтсе де, жасы елудің үстіне келген соң бет-жүзіндегі тарамдалған әжімнің ойқы-шойқы сызықтары тағдыр тауқыметін көп көргендігін байқататын.
– Жұлдызка, анау дорба­ларды көлеңке жерге қойшы. Ішін­дегі сары май, қаймақ еріп кететін болды-ау. Қаладағы немерелер «әжемнің қаймағы» деп сүйсініп жейді, балапандарым! Өздері кіп-кішкентай болып алып, «ауылға барамыз, кетеміз» деп етегіме жармасып, мені қайтарда жібермей, әбден әуреге түседі.
– Апай, сіз мұнда ауылда жалғыз қалдыңыз ғой. Солардыкіне көшіп барсаңыз жақсы емес пе? – деген Жұлдыздың сұрағына жауап беру, оның себебін түсіндіру қиын екенін бұл сарыуыз бала қайдан білсін? Ләм-мим деместен үнсіз қалды.
Әйтеуір, бір көлікке отырып қалаға жеткендері осы еді. Ауылдан алты қадам аттап шықпаған қыз бала жүрексіне жүріп келеді. Етене жақын араласа қоймаса да, шалғайдағы туысқандықты сылтауратып келген мұны қаланың болмысы бөлек адамдары қабылдар ма екен дейді іштей қобалжып. Дидарындағы дірілді байқап қалған Гүлбаршын апай ойын бөліп:
– Мынау – Тараздың 8-шағын ауданы. Таяу тұстағы біз түскен аялдама «Сейфуллин» аялдамасы деп аталады. Мініп-түсетін жеріңді жаттап алсаң адаспайсың. Кейінірек қаланың түкпір-түкпірін өзің-ақ білетін боласың. Ең бастысы, үйдегі жеңгеңнің тілін таба біл. Сабағыңды жақсы оқы, – деп әлсін-әлсін өзінің өмірден түйгенін қыздың көкейіне үйіп-төгіп сіңіріп жатыр.
Көп қабатты үйдің пәтерлерінің біріне көтеріліп, қоңырауды басқаны сол еді, ұйқыдан бет-аузы ісіп-кепкен келіні есікті ашты. Бұлар ішке енгенде қарама-қарсы бөлменің есігін итеріп, жауып тастады.
Апайдың жалғыз ұлы Бауыржанның серігі бұл. Өзі жұмыста, немерелерінің бірі балабақшада, бірі мектепте екен. Бір дастарханның басында отырып, емен-жарқын көңіл ашылмай, үн-түнсіз кеңірдектен өткен ыстық шай осыншалықты ыңғайсыздық туғызатынын бұрын-соңды Жұлдыз сезініп көрмеген еді. Жарайды, алдымен орнықты, өзіме қолайлы баспана тауып алғанға дейін шыдап бағармын деп өзін-өзі қинап көндіргендей болды.
Кешкісін жұмысынан апайдың ұлы Бауыржан да келді.
– Мынау әпкеңнің қызын қалаға үйреніскенше қолдарыңда ұстаңдар. Екі бөлмелі пәтерге кісі баласын әкеліп жатқызды деп әйелің жақтырмай отырса да, маған үндемеді. Мен кеткеннен кейін сенің құлағыңды жеп, «ызыңдап» мазаңды аларын білемін. Кейінірек ыңғайлы пәтер жалдап тұрғанына көмектесерсің, – деді Гүлбаршын апай ойын еркін білдіріп.
– Мама, қойыңызшы. Қанша осында тұрамын десе, тұра берсін. Одан да осы тар үйді көп бөлмелі пәтерге ауыстырып алсақ жақсы болар еді. Ауылда не істейсіз? Жападан-жалғыз қалдыңыз ғой. Мұнда мен де алаңдаулымын. Айтыңызшы, ауылдағы үй неге саудасы келсе де өтпей тұр. Өткен жолы Балғабектің ұлы аламын деп барса, сіз сатпаймын деп, кері қайтарып жіберіпсіз.
– Жә, тоқта! Қалаға кетемін деп, әйеліңнің артынан қоярда-қоймай өзің еріп кеттің. Ауылда болашақ жоқ. Қаладан табысты боламын деп, мынау қайын жұртың алып берген пәтеріне кіріп алдың. Мені бұған араластырма. Әкеңнен қалған қара шаңырақты тірі тұрсам сатпаймын, – деді де, Гүлбаршын апай осы сөздерден кейін артық сөз айтпастан үйден шығып кетті. Ой үстінде ауылға жеткенін көлік кенеттен кілт тоқтағанда бір-ақ сезінді.
Ауыл сыртындағы жалғыз аяқ жолмен ілбіп келеді. Алыстан жасыл желекті теректердің арасынан мұнарланып көрінген үйіне жақындай келе, көзіне ыстық жас үйірілді. Бір кездері осы үйдің айналасы бала-шағаның улаған-шулаған күлкісіне толы еді. Олардың асыр салған ойындары көз алдында елес берді. Назгүлі, Айгүлі, Гүлнары, Бауыржаны апалап алдынан жүгіріп шығардай. Бұл болса әкеден ерте айырылған жетімектеріне елжірей келіп, Бауыржанын ерекше ерекелетуші еді. Қызды «қонақ» деген осы екен ғой, бәрі өз алдына отбасын құрып, әрқайсысы өз тіршілігімен әуре. Әнеугүні Гүлнары:
– Мама біздікіне келіп тұрсаңызшы, – деп, қанша үгіттесе де, көнбеген еді. Көңілдерін алаңдатпайын деп:
– Қойыңдар, маған өз үйім – өлең төсегім. Осында өзімді жайлы, жақсы сезінемін. Қайта ауылым дұрыс сияқты. Ешкім миымды ашытып, мазамды алмайды. Қарап отырған мал-жайым бар дегендей. Кешке дейін бау-бақшамнан шықпаймын. Шіркін, біздің үйдің жері адам қызығардай-ақ. Қарасудың қайнар көзі осы маңайдан басталып, айналасы әрдайым көгеріп жатады. Топырағына май жұққандай құнарлы. Не тастасаң да қылтиып шыға келеді, – деген.
Бірақ, іштегі бір өкініші өзегін өртеп барады. Әкенің кіндігін жалғар, қара шаңырақтың түтінін тұтатар Бауыржаны анасының ішкі арманына, тілегіне қайырылмай сырт айналып кетті. Әкесіне ұқсап мал дәрігері болып, ауыл шаруашылығымен айналысса деген. Кейде өзді-өзіне басу айтып, «Қайда жүрсе де аман болсын» дейтін.
Әй, қимастық-ай! Қиып қалай ғана кете барсын мына қара шаңырақты. Бүкіл ғұмыры осы жерде өтіп, бұл үйден не жамандық көрді. Шиеттей төрт баланы осында өсірді. Бұл үй оларға қорған болды. Ырыс-берекеден таршылық көрмей, нәсібі де осы жерден үзілмеді. Жолдасынан небары отызға қараған жасында айырылғанда, ақтық сапарға аттандырып тұрып, «Мен осы шаңырақты құлатпаймын» деп егіле өзді-өзіне уәде берген еді. Енді міне, жастайынан өзі қара тасына дейін қарап-баққан қара шаңырақты өзге адамдарға сатып, көңіліне жат жерге кетуі керек. Мұның кетпеймін деп қасарысып тұрған мінезін де, ішкі жан дүниесін де ешкім түсінбес.
Ауылдың сырт жағындағы үйде жалғыз отырған Гүлбаршын. Кезінде білектей қолаң шашы тірсегінен асып жығылған сұлу Гүлбаршын. Одан кейін жесір Гүлбаршын. Ал бүгін есінен алжасқан Гүлбаршын атанудың алдында тұр. Өткен жолы үй сатылады деп жұртшылыққа жария болып кеткеннен кейін мұның мазасын алып біраз адамдар есігін тоздырған еді. Әбден үгіттеп «маған сатып, саудасына келіс» дегендер көбейген-ді. Содан бері Гүлбаршын бір сұмдықты шығарып, айналасындағыларды дүрліктірген болатын. «Ойбай, не керек, осы үйге ағараңдаған белгісіз бірдеңе пайда болды. Әлгі пәлекет түн ортасы бірнеше мәрте көзіме көрінді» деп көршілеріне айтқалы бері осы әңгіме бүкіл жұртшылыққа тарап үлгерген-ді. Бұл сөз ауылдан ілгері жатқан жалғыз бауыры Манарбектің құлағына жетісімен, таудан сабыла түскен. Қарындасының жағдайы қашанда көңілін алаңдатып жүретін. Жастайынан жесір қалғанда ішіп-жемнен таршылық көрсетпеуге барын салып келді. Есіктің алдынан қарындасын көрісімен:
– Аман-есенсің бе? – деп, үзеңгіден аяғы жерге тиісімен, айналасына мұқият көз салып шықты. Гүлбаршын иығын бір көтеріп күлді де, қайнап тұрған самаурындағы шайын жасап, дастарқан шетіне жайғасты. Біраз әңгімелескеннен кейін ағасы бекер абыржығанын түсініп, көңілі жайланып, қайтып кетті.
Осыдан біраз жыл бұрын ауыл ішінде осындай бір «Ойбай, тұяқты, мүйізді ақ адам түнделетіп кезіп жүр» деген қауесет тараған болатын. Ауыл іші жарықсыз отырған кездері қызық қуған ауылдың жастары шығарса керек. Оған біраз аңқау адамдар сеніп те үлгерген еді. Тіпті ауылдың алпамсадай жігіттерінің өзі жалғыз-жарым қалғанда зәресі зәр түбіне кетіп, көлеңкесінен қорқып, ел іші қызық әңгімеге қарық болған. Бірде көрші ауылдың бір жас жігіті өзінің шарбағында түнделетіп алма жеп отырса, белгісіз бір сатыр-сұтыр дыбыстан зыта жүгіріп келе жатып, алдынан шыққан жолдасына соқтығысып қалады. Қорыққанға қос көрініп, тілі күрмеле «Тұ-тұяқты қыз» деген екен. Міне, енді бұл ізі суыған әңгіме қайта қызу талқыға түсіп, «Әлгі мақұлық қайта шыққан тәрізді» деген жорамалдарға Гүлбаршын апайдың сөздері мұрындық болды.
Таң құлан иектеніп атысымен қора-жайын жағалап, тірлігінен қол үзбейтін Гүлбаршын бүгін тым-тырыс жатыр. Мөңіреп тұрған қара сиыры үйдің есігіне телміре қарап тұр. Бұл жайбарақаттықтан жүрегі секем алған көршісі жүгіріп келді. Үй ішіне кіре бере босағада қисайып жатқан Гүлбаршынды көрді.
Абзал ана, сертіне берік Гүлбаршын дүниеден өтті. Түсінген жандар қаза басында ауыр күрсінді. Ал кезбе сөзге дауа бар ма? «Ой, сұмдық. Әлгі пәлекетті көріп, байқұстың жүрегі жарылып өлді» деген сөздер де айтылды. Айтыла-айтыла құлақ та үйренді. Уақыт өте қара шаңыраққа бөтен адамдар көшіп келгеннен кейін бұл қауесет те басылған еді.

Т.Рысқұлов ауданы.

12575818_921527791230005_829649761_nГүлжан Ниязқұлова.

Comments are closed.