Әдебиет

Өсірсін үлгілі етіп ұрпақтарын

Өсірсін үлгілі етіп ұрпақтарын

(Бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «ҚР Білім беру ісінің үздігі», Жуалы ауданының «Құрметті азаматы» Тұрлыбек Көпжасаровқа)

Мүмкін ол біреуге – жез, біреуге – алтын, Біледі бейнеткештің халқым парқын. Еліне елеулі еңбек еткеннен соң, Тұрлыбек ел алдында жүзі жарқын. Екі адам адал болса, біреуі – осы, Бірде-бір дұшпаны жоқ, бәрі – досы. Жаратпас артық сөзді пәруана жан, Тіл қатады келсе егер көңіл қошы.

Ақкөңіл, жаны жомарт, аңғал кісі, Ауылында құрметтейді үлкен-кіші. Жаратқан о бастан-ақ ұстаз етіп, Кішілік, көңіл жықпас – осал тұсы.

Мінезі бар жер көшсе білдірмейді, Кесірлік айтып істі бүлдірмейді. Жүзінде – нұр, жүрегінде – жақсылық, Қылаудай қабаққа кір ілдірмейді.

Жыр болып нәзік сезім өріледі, Тым қымбат інім маған көрінеді. Бойында бар сан қырлы қасиеті, Алладан сирек жанға беріледі.

Аз сөзбен шәкіртімен ұғысады, Ақылмен ақырындап туысады. Ескертіп жеткіншекке кемшін жерін, Тимеуге көңіліне тырысады. Пейілі періштедей кірсіз ғана, Көп тыңдап, мақұлдайды үнсіз ғана. Жанында көлеңке жоқ, шәйдай ашық, Секілді жаратылған мұңсыз бала.

Бауырым келеді асып арман тауын, Екшемей, сұрыптамай Дос пен Жауын. Санасын билеп алған сырбаз ойлар, Желпіндіріп, кетірер көңіл дағын.

Жүреді жанарыма жас тұндырып, Байқағыш, сезімтал да әзиз қылық. Өзегін өзге десе үзіп берер, Қазақы қасиеті қандай қызық!..

Мәңгіге бұл фәниде қалмас ешкім, Мазмұнды, мағыналы өмір кешсін. Сәулелі сезім болып, ұлы үміт боп, Гулетіп әлі-ақ өтер жалған Бес күн.

Мәпелеп асыл текті ұландарын, Мәуелеп, көбейсінші боп бір қауым. Ұзақ жасап, қазыналы қария боп Өсірсін үлгілі етіп ұрпақтарын.

Айша Көпжасарова.