- Advertisement -

Кәсіби біліктілік кемелдікті керек етеді

145

- Advertisement -

Дүйсенбек ӘБДІРАЙЫМОВ,
«Жамбыл облысы
әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру» орталығының директоры, педагогика ғылымдарының докторы.

Қазақстан мемлекеттік қызмет саласында аймақтық көшбасшы болып табылады. Сарапшылардың пікірінше, бұл жетістіктерге негіз болған шешуші факторлардың бірі – мемлекеттік қызметтің кәсібилігін арттыруға және мемлекеттік қызметшілерді халыққа қызмет етуге бейімдеуге бағытталған Елбасының саяси ұстанымы. Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары бүгінгі қоғамдағы, ел дамуындағы болсын үлкен серпілістің алғышарты ретінде қабылдануда.

Елбасы ұсынған Бес институционалдық реформаның бірінші және ең басты бағыты ретінде мемлекеттік қызметті жаңа деңгейге көтеру, яғни кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселесі қарастырылған. «100 нақты қадамның» алғашқы бөлігі де осы мәселеге арналған. Кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселесі барлығы 15 қадамды қамтып отыр. Тәуелсіздік алған кезімізден бергі 25 жылға жуық уақыт ішінде Қазақстанда мемлекеттік аппарат құруға, кадр саясаты мәселесіне баса көңіл бөлінумен келеді.
«Қазақстан – 2050» Стратегиясында да елдің маңызды даму басымдықтарының бірі – қазіргі білім жүйесі, кадрларды даярлау мен қайта даярлау басты міндет екені атап көрсетілген. Өйткені еліміз жаңа даму сатысына өтуде. Осы маңызды құжатта айқындалған басымдықтар бойынша мемлекетті басқару жүйесін одан әрі демократияландыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жұмыстарын жүзеге асыра алатын кадрлар қажет. Бүгінгі заманның да, заңның да талабы мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілерге өздерінің жұмыстарына жаңаша көзқараспен, ерекше жауапкершілікпен қарауды міндеттеп отыр. Мемлекет басшысының Қазақстанды бәсекеге қабілетті ең озық отыз елдің қатарына шығару жөніндегі стратегиялық жоспары бұл саладағы реформаларды одан әрі қарай тереңдете жүргізуді қажет етеді.
Жалпы, әлем елдері бойынша алсақ, мемлекеттік қызметтің тарихи тамыры тым тереңде, мыңдаған жылдардан әріге кетеді. Мысалы, Қытайда сынақтан өткізген кезде қызметке алынатын адамның кім және қайдан екенін оны қабылдаушы мекеме де, комиссия мүшелері де білмейді. Ол адамның тек қана коды болады. Барлық сынақтан өткен соң ғана кім екені анықталады. Бұл орайда жемқорлық, сыбайластық арқылы мансапқа қол жеткізуге еш жол берілмейді. Базбір елдерде, қызметші бір рет сынақтан өтіп, мемлекеттік қызметке қабылданған соң, мекеме ішіндегі ауыс-түйістер жұмыс істеген жерінің мінездемесі, сондай-ақ онымен әңгімелесу, эссе жазу, өзінің қызметі мен тәжірибесін көрсету арқылы жүзеге асырылады. Біздің елде де мұндай кадрлар қызметте қабілетіне, білімі мен біліктілігіне қарай жоғарылайтын болса, мемлекеттік қызметте кәсіби шеберлігі мықты азаматтардың әлеуетті тобы қалыптасар еді.
Басқару мен мемлекеттік қызметтің заманауи, жоғары, сапалы мемлекеттік жүйесін қалыптастыру – бүгінгі таңда алға қойылып отырған түйінді мәселелердің бірі. Қазақстандағы экономикалық реформалардың барысы, қоғамды демократияландыру жолымен алға жылжыту, құқықтық мемлекет құру, елдегі тұрақтылық пен даму мемлекетті басқару тетігінің жағдайына, шенеуніктердің кәсіби біліктілігіне, олардың қабілеті мен бастамашылдығына, ел ұстанған бағытқа мүдделілігіне тікелей байланысты екені анық.
Мемлекеттік басқару билік жүйесі ретінде қоғамда қалыптасқан мәдениет пен оның деңгейіне арқа сүйей құрылады. Мәдениеті төмен, қоғам өмірінің деңгейі дамымаған ортада мемлекеттік басқару жүйесінің құрылымы да әлсіз болмақ. Мәдениет – мемлекеттік басқару мен кәсібиліктің мәнін құрайтын негіздердің бірі және ең бастысы.
Кез-келген кәсіпте белгілі дәрежеде еркіндік бар, сондықтан қайсыбір мамандықтың иесі қай мамандықта болсын әртүрлі дәрежедегі еркіндікке ие. Мысалы, Уильям Сомерсет Моэм кейбір кәсіптердегі еркіндік түрін былай баяндайды: «Ағаш ұстасы… ең сауатсыз жазушы, суретшілер қолданатын еркіндікті қолдана алмайды. Сіз сол мамандықтың заңдылықтарына бағынасыз, ондағы белгілі ереже талаптарды орындауға міндеттісіз».
Мемлекеттік қызметші «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, ал Ар-намыс кодексіне сәйкес, өздеріне сеніп тапсырылған мемлекеттік мүлікке ұқыпты қарап, оны ұтымды әрі тиімді пайдалануға тиіс. Аталмыш мәселе бүгінгі күні өте өзекті екендігі даусыз. Жалпы, кез-келген заңға қайшы әрекет жасаған лауазым иесінің жауапкершілікке тартылатындығын ұмытпағаны абзал. Ең бастысы, бұл індетке қарсы тұратын тиісті заң талаптары да, құзырлы органдар да бар. Елімізде мемлекеттік қызметшілердің этикалық тәртіптерінің қалыпты және логикалық негізделген заң жүйесі жұмыс істейді.
Яғни, мемлекеттік қызметшілер, барлық күш, білім және тәжірибені ел тұрғындары мәселелерін шешуге жұмсайтындығына сендіру керек. Яғни, Отанымыз Қазақстан Республикасына қалтқысыз және әділ қызмет ететіндігімізді, біздің азаматтарымыздың өмірінің жақсаруы үшін ғана жұмыс істейтіндігімізді дәлелдеу уақыты келді деп ойлаймын.
Қазіргі заман жоғары білікті, кәсіби шеберлігі мықты, жаңа технологиялар мен үрдістерді меңгере білетін, өз ісінің майталманы болатын мемлекеттік қызметкерлерді талап етеді. Бізде әлі де болса, ескі ойлайтын бір деңгейден аса қоймайтын қызметкерлер көптеп кездеседі. Уақыттың озып бара жатқаны сонша, кешегі талаптар, ережелер, жұмыс жасау әдіс-тәсілдері, басқа да толып жатқан мәселелердің бәрін жаңа жүйеге келтіріп, жаңа үрдіспен қызмет ету қажет болады. Тиімді қызмет ету мен мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудің нәтижесінде біз мемлекеттік органдар билігінің жағымды түрдегі беделін қалыптастыра аламыз. 2015 жылдың 23 қарашадағы «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» Заңында кадрлар саясатын жетілдірумен қатар, мемлекеттік қызметшінің оң бедел қалыптастыру басымдығы айқындалған. Мемлекеттік қызметшінің кәсіби біліктілігі оның беделіне әсер етеді. Алдымен, мемлекеттік қызметшінің білім деңгейі, арнайы кәсіби білімі, икемі мен дағдысы қаперге алынады. Мемлекеттік қызметші қызметін тиімді атқару арқылы қоғамдық мәдениет пен қоршаған ортаны танып біледі. Оның біліктілігі, тұлғалық және іскерлік қасиеті осындайда көрінеді.
Азаматтардың белгілі бір бөлігінде әлі де ақпараттық жетіспеушілік бар. Бұл ретте қоғамдық қолдау мәселесіне көбірек уақыт бөлу, қолжетімді ақпарат арналары арқылы бағалау маңызды. Осы орайда, қоғаммен жұмысты жақсартуға бағытталған қызметті жандандыру қажет. Осындайда мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметке адалдығы мен мемлекеттік органдардың беделі халықпен қарым-қатынасқа бірталай әсер етеді. Өткізілген реформалар мен олардың қызметі азаматтардың қолдау деңгейін анықтайды. Мемлекеттік қызметшінің тәрбиелі әрі кәсіби болуы қоғамдық қызметті ұйымдастыруда, жаңа байланыс пен қатынастарда мол мүмкіндік береді.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы басымдықтарының аясында орталық мемлекеттік органдардағы мемлекеттік қызметшілердің жергілікті орындардағы үдерістерді терең талдау мен зерделеу, өзгерістерге тез мән беру, инновациялық басқару шешімдерін қабылдау, жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды заманауи деңгейде ұтымды басқару сияқты құзыреттіліктеріне қойылатын талаптар арта түсуде. Орталығымыздағы дәріскерлер осы орайда «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының алғашқы 15 қадамы, «Кәсіби мемлекеттік аппарат», «Мемлекеттік кадрлық саясат», «Қазақстан Республикасындағы жаңа мемлекеттік басқару», «Корпоративті басқарудағы басқару шешімдерін қабылдау технологиясы және әдістері» тақырыптары бойынша ашық әңгіме, пікірсайыстарды көптеп өткізуде. Сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы жаңа заңды түсіндіруге бағытталған топтар арасында «Мемлекет пен қоғамға сыбайлас жемқорлықтың саяси, экономикалық, әлеуметтік әсері», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі принциптері», «Мемлекеттік қызметтегі тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру жағдайларындағы әлеуметтік-психологиялық мәселелері» атты «дөңгелек үстелдер» мемлекеттік қызметшілердің қызу пікірталасы алаңына айнала алды. Орталығымыз қазіргі заман талабына сай ақпараттық технологиялық құрал-жабдықтармен жеткілікті жабдықталып, интернетке қосылып, қашықтықтан оқыту әдістері қарқынды енгізіліп, мемлекеттік қызметшілерді оқытудың электрондық және on-line жүйесінде білім алу мүмкіндігі жасалған.
Еліміздің алға қойған мемлекеттік басқарудың тиімділігі, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби шеберліктері мен біліктіліктерінің деңгейін арттыру міндеттері қолданыстағы басқару тетіктерін жетілдіріп, заман ағымынан қалмауды талап ететіні сөзсіз. Сондықтан орталықта бұдан әрі жұмыстың даму болашағы ойластырылып, серпілістерге бастар тың идеялар іздестіру жолында жан-жақты жұмыстар жүргізілуде.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support