Жаһан

Бастама кеңінен қолдау тапты

Бастама кеңінен қолдау тапты

Елбасы Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен консультация өткізді. Кездесуге сондай-ақ Президент Әкімшілігінің Басшысы Н.Нығматулин қатысты. Консультация барысында кезектен тыс Парламент сайлауын өткізу туралы Мәжіліс депутаттарының бастамасы қаралды. Қазақстан Президенті бұл бастама қазақстандықтар арасында кеңінен қолдау тапқанын және мемлекет жүзеге асырып жатқан терең реформалар мен әлемдік нарықтағы ахуал тұрғысынан өзекті болып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бастаманың Мәжіліс пен мәслихат сайлауын біріктіруге, қаржылық және ұйымдастырушылық шығыстарды оңтайландыруға мүмкіндік беретініне назар аударды. Қ.Тоқаев кезектен тыс сайлау өткізу жөніндегі бастама дер кезінде көтерілгенін, өйткені Мәжіліске бүгінде ел алдында тұрған міндеттерді нақты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа мандатын алу қажет екенін айтты.

* * *

Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыповпен және Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен консультация өткізді. Кездесуге сондай-ақ Президент Әкімшілігінің Басшысы Н.Нығматулин қатысты. Елбасы Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс Парламент сайлауын өткізу туралы бастамасы түрлі пікірталас алаңдарында, сарапшылар арасында және бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен талқыланып жатқанын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық пікірді анықтауға арналған сауалнама да бұл ұсыныстың кеңінен қолдау тапқанын көрсетіп отырғанына назар аударды. Қ.Жақыпов партиялардың сайлаушылардан жаңа сенім мандатын алу, кең қоғамдық ұйысу, сондай-ақ жүргізілетін реформаларды барлық деңгейде жүзеге асыру үшін Мәжіліс пен мәслихаттар іс-қимылын сәйкестендіру қажеттігі мұндай шешімнің қабыл­дануына басты себеп болғанын атап өтті.

* * *

Елбасы Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Роговпен консультация өткізді. Кездесу барысында кезектен тыс Парламент сайлауын өткізу мәселесі талқыланды. Мемлекет басшысы Мәжіліс депутаттарының үндеуін алғанын, онда аталған бастамаға реформаларды және мемлекет белгілеген дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру қажеттігі негіз болғанын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Парламенттің қос палатасының төраға­ларымен және Премьер-Министрмен консультация өткізгенін айтты. И.Рогов Конституцияның 63-бабының 1-тармағына сәйкес, Парламентті немесе Парламент Мәжілісін Қазақстан Президенті Парламент палаталарының төрағаларымен және Премьер-Министрмен консультациядан кейін тарата алатынын айтты. Сонымен бірге, Конституциялық кеңес төрағасы кезектен тыс сайлау Парламент немесе Парламент Мәжілісі өкілеттігін мерзімінен бұрын доғарған күннен кейін екі ай ішінде өткізілетініне назар аударды. И.Рогов Мәжіліске кезектен тыс сайлауды алдағы барлық деңгейдегі мәслихат сайлауымен бір мезгілде өткізу Конституция нормаларына толық сай келетінін атап өтті.