2,8 Миллион шаршы метр тұрғын үй
2,8 Миллион шаршы метр тұрғын үй
2020 жылға дейін жамбылдықтардың құтты қонысына айналады
Облыста құрылыс қарқынды жүргізілуде. Мәселен, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы бойынша 2020 жылға дейін барлық қаржыландыру көздерінен 78,4 миллиард теңгеге 2,8 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланса, биыл осы құрылыстың 256,9 мың шаршы метрі пайдалануға беріледі деп күтілуде. Өткен төрт айда 56,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, талай отбасы қоныстойын тойлады. Үй алуға кезекте тұрған азаматтар үшін тұрғын үй құрылысына 526,4 миллион теңге қаралып, 5,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға жоспарланыпты, алайда, жыл соңына дейін 11,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Баспасөз мәслихатында осындай жағымды жаңалықты облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев облыстық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне жария етті. Биыл Тараз қаласындағы «Бәйтерек» шағын ауданынан бесқабатты 75 пәтерлі үш үйге жас отбасылары ие болады. Осы шағын ауданнан осындай 65 пәтерлі екі үй несиеге беріледі. Тұрғын үй құрылысын жаз айларында пайдалануға бітіру жағын қолға алып жатқандарын атап өтті ол. Бұл жөн енді. Негізінен қандай да бір құрылыс нысаны пайдалануға күн жылыда берілсе, оның сапасы жоғары болады. Осы жерде журналистерге жеткізген тағы бір жаңалығы – құрылыс нысандарына тартылған мердігер-мекемелерге қатаң талап қойылатын болды. Жұмысқа немқұрайлы қараған мердігерлерден сот арқылы 352 миллион теңге өндіріліпті. «Қара тізімге» ілінген мердігер-мекемелер құрылысқа жарияланатын тендердің маңайынан да жүрмейтін көрінеді. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өңірді аралаған сапарларында міндетті түрде қандай да бір жүргізіліп жатқан құрылыс нысанының жұмысымен танысатынын еске салған Р. Байтелиев одан әрі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 1045,2 миллион теңге бөлініп, үш жоба жүзеге асырылып жатқанын да сөз етті. 2014 жылы білім саласына құрылысқа 9 922,6 миллион теңге бөлініп, 35 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 20-сы биыл, қалғаны келесі жылы пайдалануға берілетін көрінеді. Денсаулық сақтау саласының құрылысы туралы да журналистерді хабардар ете келе, Тараз қаласында құрылысы 2012 жылы басталған, сметалық құны 8 074,4 миллион теңгенің 300 төсектік көпбейінді аурухана мен сметалық құны 7 037,2 миллион теңгені құрайтын 200 төсектік облыстық перинаталдық орталығы құрылысының барысы туралы кеңінен түсінік берді. Екі нысан да келер жылы пайдалануға беріледі. 2014 жылы осы сала бойынша барлығы 27 нысанның құрылысы жүргізіліп жатса, оған ел қазынасынан 3 150,1 миллион теңге және жергілікті бюджеттен 2 402,0 миллион теңге бөлініпті. Жыл соңына дейін 25 құрылыс нысаны пайдалануға беріледі. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 2011 жылдан бері 26 инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізіліп, 16-сы тапсырылса, оның 512,5 миллион теңгені құрайтын 10-ы биылға өтпелі екен. Ал, биылғы жылға 4 нысанның құрылысына республикалық бюджеттен 1 092,1 миллион теңге, жергілікті қазынадан 273,3 миллион теңге бөлініпті. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша биыл 18 нысанның құрылысы жүргізіліп жатса, тағы да 8 нысанның жобасы дайындалуда. Жыл соңына дейін 29 500 адам тұрып жатқан 11 елді мекен ауызсумен қамтамасыз етіледі. «Ардагерлер» және «Достық» үйлерінің құрылысының басталуы алдағы уақыттың еншісінде екен. Жол жөндеуге әртүрлі бюджет көздерінен 6 650 миллион теңге бөлініпті. Аз қаржы емес. Енді осы мол қаржының мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алу қажет. 2 миллиард теңге аудандарға қаралыпты. Дегенмен, басқарма басшысы қыста қардың, көктемде жауын-шашынның мол түсуінен жерасты суы көтеріліп, кей аймақтарда жолдардың бүлінгенін еске салды. Оның үстіне аса ауыр салмақты көліктер шектен тыс жүк артып, жаңадан күрделі немесе ағымды жөндеуден өткен жолды бүлдіріп жататынына да назар аударды. Ауыл тұстарынан өтетін жол бойларына қойылған жол ереже белгілерін тұрғындардың бау-бақшасын қоршауға немесе арық-атыз тоғандарына пайдаланып жататынына да алаңдаушылық білдірді. «Жол азабын жүрген біледі» дегендей көбіне сапарда жүретін журналистер қауымы Р. Байтелиевті сұрақтың астына алды. Әсіресе, әріптестерді облыстық мәндегі «Мойынқұм-Ұланбел» жолының жыры, сондай-ақ, «Тараз-Ұланбел» және «Тараз-Cаудакент» жолы жыл сайын жөнделгенімен қайта бүлініп жататыны мазалады. Р. Байтелиев «Мойынқұм-Ұланбел» жолының 30 шақырымы жөнделгенін, биыл 800 миллион теңгеге 100 шақырымы жөнделетінін жеткізді. Ал, келесі жылы жөндеу жұмыстары толық аяқталады деді. «Тараз-Ұланбел» жолы қанша рет жөнделгенімен «Амангелді Газ» кен орнынан шығатын ауыр техника жолды бүлдіріп жатады. Осы жолды жөндеуге кәсіпорын 2011 жылы 200 миллион теңге бөліпті. Алайда, кейінгі жылдары қаржы бөлу мәселесі ұмыт қалған. «Тараз-Саудакент» жолында да көрші облыстардан қатынайтын ауыр жүк көліктерінің қозғалысынан жол тез тозады. Жуалы ауданындағы «Көксай» каналының құрылысы басталғалы бері Нұрлыкент ауылындағы жол тоза бастапты. Басқарма басшысының сөзіне қарағанда жаз мезгілінде күн ыстық күндері ауыр жүк көліктерінің асфальт жолмен жүруіне тыйым салынған. Бірақ, оны елеп жатқан ешкім жоқ. Көлік инспекциясының бекеттері республикалық маңызы бар жолдарда ғана орналасқандықтан облыстық, аудандық мәндегі жолдардағы қозғалысты бақыламайды дейді. «Жол-экономиканың күретамыры» дейміз, оның үстіне ең бастысы адамдар қатынайды, сондықтан аудан әкімдері, ішкі істер бөлімдерінің жол полициясы, көлік инспекциясы бірлесіп, түйткілді мәселеге назар аударулары қажет.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».