Саясат

Елбасы мақаласы жаңа міндеттер жүктеді

Елбасы мақаласы жаңа міндеттер жүктеді

Өңірлік коммуникация қызметінде Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласына орай «Индустрияландыру мен кәсіпкерлікті дамыту – экономиканы жаңғырту кешені» және «Бюрократтық шығынсыз экономикаға қадам басу» тақырыбында дәстүрлі брифинг өтті. 

Шараға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының директоры Қарлығаш Аралбекова мен Тараз мемлекеттік университетінің экономика саласы бойынша ғылым докторы Сұлтан Әбілдаев қатысып, республикалық, облыстық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне Елбасы мақаласындағы күн тәртібіне шығарылып отырған тақырыптар төңірегінде әңгімелеп, журналистердің сұрақтарына жан-жақты жауаптар қайтарды. – Елбасының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы алдымызға тағы да жаңа міндеттер қойды. Онда ел дамуының әр саласында атқарылатын қыруар істердің бағыт-бағдары нақты көрсетілген. Елбасының айтуынша, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. «Мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді. Бізге тарихымыздағы бұрын-соңды болмаған ауқымдағы ұлттық заңнамаға өзгерістерді бағамдау маңызды. Оның үстіне, олар біздің қазақстандық арманымыз ХХІ ғасырда көшбасшы отыз ұлттың бірі болуға жол ашады» деді Мемлекет басшысы, – деп Қ.Аралбекова салықтық және кедендік әкімшілік жүргізуді жақсарту мәселелеріне назар аударып, бұл салада қолға алынып жатқан жұмыстардан хабардар етті. «Президенттің айтуынша, бизнесті қорғау мен кәсіпкерлерге құқықтық көмек көрсетудің орталық тетігі болуы тиіс бизнес-омбудсмен институты нығайып келеді. Оның қызметінің заңнамалық негізі де Кәсіпкерлік кодексінде бекітілген», – деді ол. Сондай-ақ, аграрлық сала туралы кеңінен айта келе, облыстың аграрлы өңір саналатындығын еске алып, бұл бағытта шаруаларға қолдау-көмек көрсетуде қолға алып жатқан жұмыстарымен бөлісті. Мүлікті жария ету 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылғанына да назар аударған ол Елбасы пәрменінен кейін бизнесмендердің бойындағы үрей мен қорқыныш сейілгенін атап өтті. Қазір облыс кәсіпкерлері мемлекеттік маңызы бар бұл іске белсене кірісіпті. Экономист-ғалым С.Әбілдаев «Бюрократтық шығынсыз экономикаға қадам басу» тақырыбында өз ойларымен бөлісіп, Елбасы алға қойған тағы бір маңызды іс-жекешелендірудің екінші толқыны туралы кеңінен әңгімеледі. Жекешелендірудің халық пен мемлекетке тигізер пайдасы жайлы нақты мысалдар келтірді. Бюджет шығынын төмендету мақсатында Ұлттық экономика министрлігі жариялаған 2016-2020 жылдар аралығында жекешелендіруге жататын нысандар тізімінде 65 ірі нысан мен 666 қазақстандық ірі компаниялардың еншілес ұйымдары бар екенін алға тартып, бірқатар нысандардың атын атады. Облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы мен экономист-ғалымға журналистер тарапынан сұрақтар аз болмады. Ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендіру, мемлекеттік сатып алу, қазақстандық өнім өндірушілер тауарларының қымбаттығы, жекешелендіруге облыс кәсіпкерлерінің қатысуы, доллардан бас тарту, тағы басқа сұрақтарға олар нақты жауаптар қайтарды. Қ. Аралбекова брифингті қорытындылай келе, мына мәселеге назар аударды. Кезінде доллармен несие алған кәсіпкерлер қарызын қайтаруда қиналып жүрген көрінеді. Сондықтан да ондай азаматтардың бизнесін одан әрі ұлғайтпақ түгілі, сақтап қалуының өзі қиынға соғатын түрі бар. Дегенмен, облыстық кәсіпкерлер палатасы тарапынан оларға қолдан келген көмек-қолдау жалғаса береді деді.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».