- Advertisement -

Әдептен озбаңыз, қызметші мырза!

141

- Advertisement -

Биылдан бастап «ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі» қолданысқа енгізілді. Мемлекеттік қызметшінің жұмыс пен тұрмыстағы жүріс-тұрысын реттеп берген бұл этикалық кодексті түсіндіру мақсатында «Кәсіби кадрлар – кәсіби мемлекет үшін» атты «дөңгелек үстел» отырысы ұйымдастырылып, облыс әкімдігінің барлық басқарма басшылары мен тиісті мекеме жетекшілері, әлеуметтік қызметшілер мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бірқатар оқытушылары, бұқаралық және электронды ақпарат құралдарының өкілдері аталған кодексті кеңінен талқылады. 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұйымдастыруымен өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысып, арнайы баяндама жасады. Ол баяндамасында мемлекеттік қызметші өзінің біліктілігі мен білімінің арқасында елге қызмет етумен қатар, белгіленген әдептілік нормаларын сақтай отырып, тек қызмет барысында ғана емес, барша азаматқа былайғы өмірде де үлгі болуы арқылы мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға үлес қосуы керектігін атап өтті. Сондай-ақ, аталған агенттік басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев «Әдеп кодексін» кеңінен түсіндіріп өтті.
– Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өткен жылы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жариялап, соған орай бірқатар заңдар қабылданғаны белгілі. Үстіміздегі жылдың бірінші қаңтарынан ол заңдар қолданысқа енгізілді. Яғни, Қазақстанда мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі бастау алды. Мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруда қолға алынған шаралар жүйені жандандыратын болады. Ең бастысы, әкімшілік мемлекеттік қызметшінің мансабы оның біліктілігі мен жинақтаған тәжірибесі есепке алына отырып құралады. Мемлекеттік қызмет саласын жетілдіре отырып, жемқорлықты азайтуға қол жеткізіледі. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызметшілерге талап күшейтілетін болады, – деген Тәртіптік кеңес төрағасы кодекске бастан-аяқ шолу жасап шықты.
Аталған заң аясында мемлекеттік қызметшілер жұмыс барысында адал, әділ, қарапайым болуға, моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестермен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға, қабылдайтын шешімдерінің заңдылығын қамтамасыз етуге, мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттерге қарсы тұруға, мінез-құлқымен қоғамдық сынға себепкер болмауға, жұмыс уақытын тиімді пайдалануға жеке мәселелерінде қызметін пайдаланбауға, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға міндеттелсе, жұмыстан тыс уақытта масаң күйде болмауға, қоғамға жат әрекеттерді жасауға тыйым салынған. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтегі басшылар өзінің мінез-құлқымен бейтараптық танытып, еңбекті, денсаулықты қорғауға, қызметшілердің тиімді қызмет етуі үшін қауіпсіз және қажетті жағдайларды жасауға, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітпеуге, негізсіз айыптауларға, дөрекілік, әдепсіздік және орынсыз мінез-құлық фактілеріне жол бермеуге тиіс. Кодексте, сонымен қатар, «Әдеп жөніндегі уәкіл» туралы да ереже бекітілген. Аталған уәкіл кодексте көрсетілген заңдылықтардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті және оның орындалуын бақылайды.

Маржан РАҚАЙ, 
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support