- Advertisement -

Арқаны кеңге салуға болмайды

110

- Advertisement -

облыс әкімдігі аппаратының кеңесінде
қаузалған жайттар осындай ойға қалдырды

Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығында облысымызда жалпы құны 581,7 миллиард теңгені құрайтын 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл туралы өңір басшысы Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігі аппарат кеңесінде айтылды. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Олжас Ағабеков аталмыш жобаларды іске асыру барысында салынатын құрылыс жұмыстары кезінде 6,6 мың адам жұмысқа тартылып, ал іске қосылғанда 5,7 мың жаңа жұмыс орны ашылатынын мәлімдеді.

– Былтыр жалпы құны 30,5 миллиард тенгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылып, 425 жаңа жұмыс орны ашылды. 2015 жылы іске қосылған жобалар 3 миллиардтан астам теңгенің өнімін өндірді. Индустриялық-инновациялық жобалар мемлекет тарапынан әртүрлі қолдау тауып отырды. Биыл 12 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, олардың жалпы құны 65,6 миллиард теңгені құрайды. 1378 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде, – дей келе Олжас Пернеханұлы мемлекеттік бағдарламаның екінші бесжылдығында атқарылатын жобаларға тоқталып өтті. Басқарма басшысы орынбасарының айтуы бойынша, Индустрияландыру картасына Тараз қаласынан – 8, Қордай ауданынан – 4, Шу және Мойынқұм аудандарында – 3, Жамбыл, Меркі, Т.Рысқұлов және Сарысу аудандарында бір-бір жобадан енген екен.
Баяндамашы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру бағытында атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті. Аталмыш бағдарламаны іске асыру үшін 2015 жылға республикалық бюджеттен 2220,7 миллион теңге бөлінген. Оның ішінде субсидиялауға 1256,8 миллион теңге, жетіспейтін инфрақұрылымды дамытуға 828,9 миллион теңге, кредиттерге кепілдік беруге 116,0 миллион теңге, гранттық қаржыландыруға 19,0 миллион теңге қарастырылған.

Бағдарламаның облысымызда кеңінен жүзеге асырылуына екінші деңгейдегі 12 банк ат салысқан. Кәсіпкерлерге кредиттік қолдау көрсетуде 129 жобаны қаржыландырған «Қазақстан Халық Банкі» алда тұр. Тиісінше, қаржылай қолдау танытып отырған банктер үштігін «Банк ЦентрКредит» пен «Форте банк» құрап отыр. Олардың алғашқысы 65 жобаны, екіншісі 47 жобаны қаржыландырған. Кәсіпкерлерге қолдау білдіруде сылбырлық танытып отырғандар – «Қазақстан даму Банкі» мен «Дельта Банк». Осы мәліметтерді алға тартқан Олжас Ағабеков аудандарда бағдарламаның орындалуы әлі күнге төмен деңгейде екенін жасырмады. Оған екінші деңгейлі банктердің кепілге қойылатын мүлікті төмен бағалаумен қатар, аудандардағы аталған бағдарламаға жауапты мамандардың және кәсіпкерлердің көптеген жаңалықтардан хабарсыздығы кері әсерін тигізуде.

Облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев баяндамашыдан ағымдағы жылы нақты іске қосылатын жобалар туралы, олардың қаншауы бірінші жартыжылдықта немесе екінші жартыжылдықта жүзеге асатынын, өңір өндірісін дамытуға қандай үлес қоса алатынын сұрады. Басқарма басшысының орынбасары жаңа ғана өзі мәлімдеген 12 жобаның түрін түстеп, атын атауға келгенде мүдіріп қалды. Олжас Ағабеков бір серіктестік жетекшісінің есімін ұмытып қалса, кейбір жобалардың қаншалықты дайын екеніне нақты жауап бере алмай абдырады. Кәрім Нәсбекұлы мардымсыз жауаптарға қанағаттанбайтынын айтып, бірқатар жұмыстарды сынады. Онлайн режімінде байланысқа шыққан Байзақ ауданының әкімінен Мырзатай ауылдық округіндегі жылына 3500 тонна бройлер етін өндіретін «Әулиеата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Құс фабрикасын қайта жарақтандыру» жобасы туралы сұраған облыс басшысы ондағы құрылыс жұмыстары толық аяқталмай жатып мемлекеттік қабылдаудан өткенін, «АлинаХолдинг» ЖШС-ның «Құрғақ құрылыс қоспаларын және гипс өндіретін зауыттар кешенінің құрылысы жұмыстарының әлі күнге аяқталмай келе жатқанына баса назар аударды. Cонымен қатар, Т.Рысқұлов ауданындағы осы жылдың ақпанында іске қосылады деп күтілген «Луговой жылқы зауытының» жаңа кешені аталмыш инвестициялық жобалардың қатарына ілікпегенін де өткір сынға алды.
Сондай-ақ, жиында күн тәртібіндегі келесі мәселе туралы баяндама жасаған облыс әкімдігінің аппарат басшысы Рахметілдә Рахманбердиев қаңтардың 18-інен бастап Жамбыл, Жуалы, Қордай, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында ауылдық округ әкімдерінің халық алдында есеп беру кездесулері басталғанын айтты.
Облыс басшысы аудан әкімдерінің халық алдындағы есепті жиындарына өзінің орынбасарлары мен басқарма басшылары, облыс әкімі аппаратының қызметкерлеріне қатысуды тапсырды. Сондай-ақ, облыс басшысы жиын барысында кейінгі кездері өңірімізде орын алып жатқан келеңсіз жағдайларға да тоқталып өтті.
– Өздеріңізге де белгілі, жақында орын алған жайттар бәріміздің жағамызды ұстатты. Т.Рысқұлов ауданындағы әжетханадан табылған шақалақтың жайы мен Талас ауданындағы өз баласын ашықтан-ашық көшеге лақтырып тастап кеткен безбүйрек ананың мәселесі бүкіл елдің алаңдауына себеп болуда. Біреу бір шаранаға жете алмай зар жылап жүрсе, енді біреулер жаңа туған сәбиін қатыгездікке қиюда. Бұған жауаптылар қайда қарап отыр? Осындай опасыздыққа жол бергендер жазасыз қалмауы керек. Талас ауданындағы өз баласына қиянат жасаған жас ана мектеп оқушысы екені анықталған. Сонда жүкті болған қыздың осы уақытқа дейінгі жағдайынан мектеп директоры, аудан басшылығы, аудандық білім бөлімі қалайша хабардар болмаған? – дей келе, Кәрім Нәсбекұлы Талас ауданындағы Ақкөл ауылындағы мектеп қазандығының оқыс жағдайын да сын тезіне алды. Облыс әкімдігінің білім және денсаулық сақтау басқармаларының басшылары осы мәселеге қатысты жауап беріп, тиісті шаралар қолданып жатқандығын жеткізді.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support