Әлеумет

Ардагерлер алдыңғы сапта

Ардагерлер алдыңғы сапта

Газетімізде жазғанымыздай, облыстық әкімдікте «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының VII есеп беру-сайлау конференциясы өткені белгілі. Қала, аудандардағы құрылымдық бөлімшелерінен келген 63 делегат пен басқармалар, департаменттер, құқық қорғау органдары, бірқатар қоғамдық ұйымдар басшыларының басын қосқан ардагерлердің алқалы жиынында облыстық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев баяндама жасады.

Оның айтуынша, өңіріміздегі қариялар қауымдастығы әлеуетті ұйымға айналуы жолында екі конференция аралығында біршама күш жұмылдырылыпты. Ең бастысы, ұйымдық жағынан нығайтылып, жаңа құрылымдық өзгерістермен жетілдіріле түскен. Осы уақыт аралығында бастауыш ұйымдар саны екі есеге арттырылып, бүгінде 973-ке жетіп отыр. Есепті кезеңде, сондай-ақ ауылдық округтер мен тұрғынжай алаптарында 164 ардагерлер кеңесі құрылған. Өңірлік ұйым құрамында 111 мың зейнетке шыққан ардагер бар екен. Облыстық ардагерлер кеңесі төралқа отырыстарында аудандық деңгейде жұмыстар жүргізілуі жайы да тұрақты қаралып, тиісінше әдістемелік кеңестер де беріліп отырады. Ардагерлер бастамасымен облыста әлеуметтік дүкендер жүйесі іске қосылған, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде азық-түлік өнімдері төмен бағамен өткеріледі. Баяндамада, сондай-ақ аудандардағы ардагерлер кеңестері кеңсесінің материалдық тұрғыда нығайтылуына, ардагерлер кәсіпкерлігіне қолдау мен көмек көрсету мәселелері де қаузалды. Облыста жұмыс істеуге барлық қолайлы жағдай жасалған «Ардагерлер үйінің» ашылуы екі конференция аралығындағы маңызды оқиға болды. Бұл облыс әкімдігі тарапынан аға буын өкілдеріне көрсетілген құрметтің белгісі екені анық. Еркінбек Бейсенбекұлы осы тұрғыда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа қариялар атынан ризашылығын жеткізді. Ардагерлер кеңесінің төрағасы қарттарымыздың алдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауы мен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мерекеленуі кезінде әлеуетті қоғамдық-саяси күш ретінде өз үлестерін қосатынына сендірді. Бұдан кейін облыстық ұйымның тексеру комиссиясының төрайымы Тұрсынкүл Әшірбаева есеп беріп, бірқатар аудандық және бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары сөз сөйледі. Осы орайда «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің мүшесі А. Момышев өңірде көп жұмыстар атқарылғанын атап өтіп, сыртта жүрген, ұйымға қамтылмағандар есебінен ардагерлер қатарының толықтырылуы ісіне де назар аударды. Облыс әкімі К. Көкірекбаев есепті баяндаманы қанағаттанарлық деп бағалап, өмірде көргені, қоғамға берері, жастарға үйретері де мол ардагерлерді өңірдің бүгінгі және таяу жылдардағы экономикалық, индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларымен де қысқаша таныстырып өтті. Облыс басшысы бүгінде қоғам дамуының үлкен қозғаушы күшіне айналып отырған ардагерлер ұйымдарының бес жыл ішінде елді бірлік пен ынтымаққа шақыруда, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілгендерге тиісінше әлеуметтік, медициналық көмектер көрсетуде атқарған жұмыстарына оң баға бере келе, жаңа сайланған құрамның мешін жылында да жақсы істердің ұйытқысы бола беретініне сенім білдірді.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.