Алда қыруар тірлік күтіп тұр
Алда қыруар тірлік күтіп тұр
Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев бірқатар шаруашылық жетекшілерімен кездесіп, егінжайларды аралап көрді. Облыс әкімі орынбасарының ауданға сапарының негізгі мақсаты – шаруашылық жетекшілерімен кездесіп, келелі кеңес өткізу, ауыл шаруашылығы кооперативін құру, ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, ірілендіру, ет және сүт бағытындағы мал басын көбейту, «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» бағдарламалары арқылы несие алу, жаңа үлгідегі ауыл шаруашылығы техникасын алу, жеке мал иелерінің табынына асыл тұқымды бұқа қосу, қант қызылшасын орналастыру. Көлқайнар ауылдық округі аппаратының кеңсесінде Абдалы Тоқбергенұлы өткен жылы облыс еңбеккерлері ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосқанын, оның ішінде Жамбыл ауданының да үлесі бар екендігін айтып, алда қыруар тірліктің күтіп тұрғанын тілге тиек етті. Мысалы, биыл Жамбыл ауданының шаруашылықтарына 1200 гектарға қант қызылшасын өсіру міндеттеліп отыр екен. Осы тұста «Пионер», «Қызылдихан» өндірістік кооперативтерінің төрағалары Алпысбай Жұмаханов, Нұриддин Бегманов және қызылша өсіруде көпжылдық тәжірибесі бар «Пионер» өндірістік кооперативінің бас агрономы Әлиомар Есенаманов өз ойларын бүкпесіз ортаға салды. Бірі тұқымның сапасына мән берсе, бірі дер кезінде судың тапшылығы қолбайлау болатындығын жасырмады. Шаруашылық жетекшілерінің уәжіне мән берген облыстық басқарманың басшысы мен бас гидротехнигі биыл тұқым сапасына айрықша көңіл бөлінетіндігін, су тұрақты жеткізілетінін айтты. Қызылдихандықтар да, пионерліктер де қант қызылшасын қажетті көлемде орналастыратын болды. Тіпті, облыстан келген басшыларды алма бағымен қызықтырған «АгроKZT» шаруашылығы да (төрағасы Асылбек Қырықбаев) ауқымды алқапқа қызылша егуді жоспарлап отыр. Жері дайын. Басшылардың келесі тоқтаған жері Айша бибі ауылы болды. Мұнда да көпшіліктің көкейінде қайтсек ауылды көркейтеміз, қайтсек егін және мал шаруашылығын дамытамыз деген маңызды мәселе тұрғаны анық еді. Ауылдық Мәдениет үйінде өткен басқосуда өзекті мәселелер ортаға салынды. Мұнда «Ақкөл» шаруа қожалығының басшысы Алтынбек Керімбеков қызылша егуге жер дайын екендігін жеткізді, ұсыныс жасады. Кездесуден соң басшылар «мың естігеннен бір көрген артық» деген ниетпен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойының оң жақ қапталынан орын тепкен «Жиделі» шаруа қожалығына келген. Шаруашылық ет бағытына негізделген. Заманауи үлгіде бой көтерген базда 83 бас ақбас тұқымды бұқа бордақылауға қойылған. Барлық керек-жарақпен қамтылған баз 200 бас ірі қара малын ұстауға арналған. Шаруашылыққа жас болса да бас бола білген Мәди Тасболатовтың айтуынша, келешекте 500 басқа дейін мал ұстамақ. Жас жетекшіге ризашылық танытқан облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев оның жұмысына оң бағасын беріп, табыс тіледі.
Дүйсенбек Орманов, журналист.
Жамбыл ауданы.