- Advertisement -

Өз отыңды өшірме

220

- Advertisement -

6Біз отбасы қадіріне жетіп жүрміз бе?

«Он үште отау иесі» деп ой топшыла­ған дана халқымыз о бастан отбасы мәселесіне айрықша мән берген. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп ұлағат қалдыруы да сондықтан. Өмірге шыр етіп келген сәби балауса балғын кезінен бастап ұлттық тәрбие­мен қанаттанады. Шілдехана, бесік тойы, тұсаукесер, сүндет тойы, тоқымқағар, тілашар, құда түсу, қыз айттыру, отау тігу қуаныштарының бәрінде өнеге өрнектері жатыр. Қарап отырсаңыз, осының өзі тұнып тұрған тәрбие емес пе? Түптеп келгенде, үлгілі отбасы – Отанның олжасы. Ұлттық ұлағатпен сусындап, ұрпақ тәрбиесіне баса назар аударып отырған отбасылар қазір де баршылық. Ол үшін қуанамыз. Алайда, «Үй болған соң ыдыс- аяқ сылдырламай тұрмайды» дегендей, отауы опырылып түскен отбасылар санының артып бара жатқандығы жанды ауыртып, жүректі сыздатады. Біз бүгін, Халықаралық отбасы күнінде осы тақырыпты қозғап, ой елегінен өткізу үшін қолымызға қалам алдық. 

Шаңырақ неге шайқалады?

Облыстық әділет департаментінен сұрап білгеніміздей, өңірде 2012 жылы – 10267, 2013 жылы 10482 неке қию актілері тіркеліпті. Бастапқыда біз де «О-о» деп эмоцияға ерік бергеніміз рас.Сөйтсек, өкінішке қарай, неке бұзушылардың да қатары артпаса кеміп жатқан жоқ екен. Мысалы, 2012 жылы 2230 отбасы неке бұзу туралы өтініш берсе, былтыр 2518 жанұяның дәм-тұзы жараспапты. Биылғы алғашқы тоқсанның өзінде 621 отбасы араздасқан, артынан ажырасқан. Көріп отырғандай, көрсеткіш көңіл шошытады. «Ыдыс-аяқ сылдырласа» мейлі ғой, біржола шытынап, шашылып түскеніне ішің удай ашиды. Солардың басым көпшілігі он екіде бір гүлі ашылмаған жастар. Осы орайда «Неге жастар арасында ажырасу оқиғалары жиілеп кетті?» деген заңды сұрақ туады. Бұл жастардың болашағына, қоғамның дамуына жаны ашитын кез-келген жанды алаңдатпай қоймасы сөзсіз.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілі, орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабайұлы жастар арасындағы ажырасу оқиғаларының көбейіп бара жатқандығына үш себепті мысалға келтірді. Олардың біріншісі, имансыздық, екіншісі әке-шеше тәрбиесінің жоқтығы, үшіншісі ерлі-зайыптылардың өз міндеттерін жетік білмеуі.
– Қазір жігіттердің көбінде намыс жоқ. Көлік мініп, қызмет қуған қыз-келіншектерге қызығады. Пайғамбарымыз өз хадисінде жар таңдағанда ең әуелі имандысына қарау керектігін түсіндіреді. Болашақ қалыңдық әрі текті әулеттен шыққан, әрі сұлу, әрі иманды болып тұрса, онда нұр үстіне нұр әрине. Сондықтан жар таңдауда ең әуелі имандылығына зер салған жөн. «Әйелді бастан» деген сөз осы мағынада айтылған. Ал, кейбір азаматтар осы аталы сөздің астарына үңілмей, әйелін балағаттап, «тәрбиелеу» үшін соққыға жығып жатады.
Жаһандану үдерісін жаңсақ түсінетін жастар бас құрарда ата-ананың батасын алуды ұмыт қалдырып бара жатыр. Интернет немесе әралуан әлеуметтік желілер арқылы танысып, некелесіп жатқандар бар. Бақытты болсын дейміз, бірақ солардың көбінің шаттыққа кенеліп жатқандары шамалы. «Отбасы мен үшін керек, мен бақытты болсам болды» дейді. Әке-шешемен санасатындар аз. Оның арты көбінде ажырасуға алып барады.
Алла тағала әу баста ерді ер, әйелді әйел қылып жаратқан. Сондықтан да әркімнің өз міндеті бар. Ер адам отбасын адал қамтамасыз етіп, әйеліне, бала-шағасына қамқоршы болуы қажет. Әйел баласы да бірінші кезекте ерінің жағдайына, ұл-қызының тәрбиесіне көңіл бөлгені абзал. Сонан кейінгі кезекте нәпақа табуды ойлау қажет. Бізде кейде керісінше болып жатады. Қыз-келіншектер «Мен әуелі өзімнің күтіміме қарауым керек, қызметте өсуім қажет» деп отбасына көңіл бөлуді кейінгі кезекке ысырады. Бұл оның өз міндетін білмейтіндігін көрсетеді. Содан барып қоғамда күнә артып, ажырасу жайттары көбейіп барады. Ешкім өздігінен өмір кешіп, бақытқа жете алмайды. Қазақтың «екі жарты – бір бүтін» деген сөзі осы орайда тауып айтылған, – дейді Данияр Жұмабайұлы.
Ал, психолог Фатима Бизақова ажырасуға басты фактор – отбасын құруға дайындықтың аздығы деп есептейді. Ол бұл бағытта жастар арасында сауалнама да жүргізіпті. «Көлік жүргізуге куәлік алу үшін де оқып, емтихан тапсырасың. Жол ережесін тәжірибе жүзінде автодромға барып, үйренесің. Өзіне сенімді болған кезде ғана жеке рульге отыруға болады. Ал, ондай болмаса жол-көлік оқиғасына тап болатының ақиқат. Үйлену де сол сияқты. Неке куәлігінің еш дайындықсыз берілетіні, жастардың оны тек әдемі көйлек пен тамаша көліктің ішінде отыруды аңсап барып алатыны сауалнамада анықталды», – дейді психолог.
Осы орайда ұстаздардың да өз айтары бар. Ұзақ жылдар бойы ұрпақ тәрбиесімен айналысып келе жатқан педагог- ғалым, Тараз мемлекеттік педагогика институтының тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орталығының басшысы Лескүл Ибраимова: «Бұл иммуно-психологиялық проблема тек қазір ғана емес бұрын да болған, бола береді де. Ол кеңестік кезеңнен қалған жағымсыз жұрнақ. Тек оның тамырланып, өршіп бара жатқандығы қынжылтады. Оған басты себеп – тұрмыстық жетіспеушіліктер. Рас, мемлекеттік бағдарламалар аясында жастарға баспана беріліп жатыр. Бірақ, жастардың бәріне бірдей пәтер қайда? Барлық отбасындағы кикілжің бірінші жетіспеушіліктен, жұмыссыздықтан болады», – дейді. Облыстық әділет департаменті АХАЖ бөлімінің басшысы Күлшат Сабырқұлова да «Жастардың ажырасуына көбінде әлеуметтік жағдайдың әлсіздігі себеп» деп отыр. Бұл пікірді біз әңгімелескен жастардың басым көбі қостай жөнелді.

Бала – бауыр етің

«Адамның бір қызығы бала деген» деп һакім Абай айтқандай, перзент – шаңырақтың шаттығы ғана емес, егемен еліміздің ертеңгі сенімді тірегі де. «Бір қозы туса бір түп жусан артық шығады» дегендей, әр сәбидің өз ырзығы, өз несібесі болады. Жаңадан көтерілген жас отаудан үлкендер осындай сый күтетіні рас. Алайда, бір перзентке зар болған талай отбасыларды көз көріп жүр. Осыдан бірер жыл бұрын Жаңатас қаласында тұратын бір досымыздың шаңырағында үлкен қуаныш болды. Жас отбасы отау тіктеген сегіз жылдан кейін перзент сүйді. Аңсап жеткен қыздарына Сағыныш деп ат қойып, дүркіретіп тұсаукесер тойын жасады. Міне, махаббат, міне, төзім! Күтті, құрсаққа ұрпақ бітті. Ал, жарты жыл күтуге жарамай, ұрыс-керіске бой алдырып, ажырасып жатқандарға не айтуға болады?
Енді қараңыз, бір отбасылар осылайша зарыға перзент тосып жүрсе, енді бірі өз баласынан басын ала қашып әлек. Қазір облыстық сот актілерін орындау департаментінің аумақтық бөлімдерінде алимент өндіру ісі бойынша 10 мыңнан астам атқарушылық құжат жатыр. Ол аздай жасанды түсік жасатып жат­қан бойжеткендер қаншама?! Жасанды түсік жасатуға шариғат тыйым салатынын, бұл әрекет тірі адамды өлтірумен бірдей ауыр күнә екенін бірі білсе, бірі білмес. Әлдекімнің «сүйдім, күйдім» деген ертегісіне елітіп, төсек ләззатына бой алдырып қалып жатқан аруларға жаның ашиды-ақ. Ойланбай істелген осындай қадамның кесірінен қоқыс жәшіктеріне лақтырылған тастанды балалардың да қатары көбеюде. Қоғамда белең алып бара жатқан осындай опасыздыққа іші күйген бір апамыздың «Құдай осыларға бала бергенше, сана берсе ғой» деп налығанын құлақ естіді. Перзент – ата-анаға берілген Алланың аманаты. Олардың жүрегі пәк, кіршіксіз таза. Әрбір сәбидің отбасына береке дарытатынын ұмытпаған абзал.
Бала демекші, облыстық әділет департаменті­нің АХАЖ бөлімі соңғы төрт айда сәбилерге ең жиі қойылған есімдердің тізбесін түзіпті. Ер балалар арасында Ерасыл есімі көш бастап тұр. Бұл есім облыстағы 91 балаға қойылыпты. Ал, қыздар арасында Айзере есімі 177 бүлдіршінге қойылып, бірінші орынға шығыпты.

Азаматтық неке ашыналықтың «өркениетті» түрі ме?

Заңды некедегі жұптарды жарастыра алмай жүргенде қазақ қоғамына азаматтық некелесу үрдісі етене болып бара жатыр. Мамандар оны ашыналықтың «өркениетті» түрі деп ашына айтуда. Яғни, көңілің қалаған адаммен заңды түрде неке қидырмай-ақ бір шаңырақтың астында ғұмыр кеше бересің. Облыстық әділет департаменті АХАЖ бөлімінің басшысы Күлшат Сабырқұлова мұндай қарым-қатынастың келешекте кездесетін кедергілерінің көп екендігін алға тартады. «Бұл жерде опық жейтін – әйелдер. Мысалы, отбасы болған соң шаңырақта бала туылуы мүмкін. Сонда ер азамат әкесі болып есептелмейді. Яғни, басы бос. Ертеңгі күні ол басқа адаммен қол ұстасып кете барады. Алимент төлеу жауапкершілігіне де тартылмайды. Кейде жүрегінде иманы бар әкелер кездесіп жатады. Олар мұндай жағдайда заңды түрде өз мүддесін қорғай алмайды. Емханаға барсын, шетелге қыдырып шықсын, бәрібір ол әкесі екенін дәлелдей алмайды. Бұл жерде балаларға да қиын. Сондықтан азаматтық некедегі жұптарды отбасы деп айтуға аузың да бармайды. Ақыры бір – бірін ұнатты ма, болашаққа мақсат құрды ма, онда некелерін заңдастыру керек»,-дейді ол.
Біз осы мәселе төңірегінде психолог Фатима Бизақоваға «Азаматтық неке туралы көзқарасыңыз қандай? Қарым- қатынастың бұл түрі жалпы қазақ қоғамына қаншалықты қажет деп ойлайсыз?» деген сұрақ қойдық.
– Азаматтық неке деген психология тілінде фобия. Фобия дегеніміз адам бойындағы қорқынышты бақылаудың шамадан тыс көбеюі. Түсінікті тілде айтсақ – үйленуден қорқу. Қорқудың астарында жауапкершілік алмау жатыр. Бұл, әсіресе, ер азаматқа пайдалы. Ал, азаматтық некеге баратын жастардың өскен отбасындағы қарым-қатынас дұрыс болмаған. Үйде жиі шиеленістің болуынан бала жалығып, жас кездің өзінде-ақ «үйленсем, осындай өмір сүргеннен сүрмеген жақсы» деген ой түйіп қояды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бергі статистикаға сүйенсек елмізде 40-60 жас аралығында 380 мыңнан астам сүрбойдақ кездескен. Ал, қазір сол сүр бойдақтың орнын азаматтық неке ауыстыруда. Бұл басқа елдерден келген ұғым болғанымен, қазіргі отбастарындағы психологиялық мәселені көрсетеді.
Басты түбірі – отбасы тәрбиесінің өз деңгейінде болмауын байқатады. Отбасы татулығы некеден құралады. Азаматтық неке «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, екінші мәрте отбасын құратын жанға қолайлы болуы мүмкін. Себебі, оларда «Үйлене қалсам қалай болар екен?» деген ой тұрады. Осы орайда қыз балаларды өзін сыйла­туды қолға алуға шақырамын. Маман ретінде неке сенімділік пен болашаққа бағдаршам болуы керек деп кеңес беремін, – дейді Ф. Бизақова.
Азаматтық неке батыс елдерінде кең өріс алған. Ондағылар бірге тұру арқылы сынақ та жүргізіп көреді. Қарапайым тілмен айтқанда, егер лайықты болса бірге ғұмыр кешеді. Лайықсыз болса өз жолымен кете береді. Біз пікірлескен тұрғындардың бір парасы азаматтық некені қолдайтындықтарын айтып қалды. «Отбасы болған соң, ерлі –зайыпты бір-біріне үйренісуі керек. Үйреніспей болмайды. Ажырасудың бәрі содан басталады» дейді олар. Ал, енді он жыл бойы неке қидырмастан бірге тұрып жүрген жандар туралы не уәж айтармыз? Қалай десек те бұл үрдіс шын мәнінде қазақ қоғамына жат. Уақытша некеге дәстүрлі Исламда да тыйым салынған.
Исламда бір ғана неке бар, ол – өмірлік неке. Адам шаңырақ көтеріп, бала сүйеді. Отағасы отбасы мүшелері үшін жауапкершілікті өз мойнына алады. Сөйтіп шаңырақ көтерген зайыбымен қол ұстасып, өмірінің ақырына дейін ғұмыр кешеді. Бұл некенің басқа түрі де жоқ.

Жастарға сілтер жол қайсы?

Шаңырақтың шырқын бұзбай, керісінше шаттығын шалқыту үшін не істеу керек? Қайтсек жас отбасылар жарасымды ғұмыр кешеді? Біз мақаланы жазу барысында осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Амангелді Шәкірәлиев: еңбек ардагері, «Алтын той» иегері:
– Құдай қосқан қосағым Ұлтусын Керімбаева екеуміз жарты ғасыр жұп жазбай, құстың қос қанатындай қалықтап келеміз. Шүкір, жеті бала тәрбиелеп өсіріп, немере сүйіп отырмыз. Менің ойымша, жастар бақытты болу үшін құда мен құданың, құдағи мен құдағидың арасында жоғары дәрежеде қарым- қатынас болу керек. Түймедейді түйедей етіп, «маған киіт кигізбеді, жақсылап дастарқан жасамады» деп ұсақ-түйек әңгіме өрбітудің қажеті жоқ. Әр ата-ана өз балаларына ақыл- кеңестерін айтудан жалықпау керек. Сонымен қатар, жастар да үйленбес бұрын бір-бірінің мінез-құлқына қанық болу қажет. Белгілі бір дәрежеде бір-біріне деген махаббаты болғаны абзал. Сонда ғана әрдайым олар бір- бірін түсіне білетін болады.
Лескүл Ибраимова, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент:
– Отбасылық тәрбиені ұлттық құндылықтармен ұштастырып, жастарды ұлттық рухта қанаттандыру керек. Ұлттық құндылық дегеніміз не? Ол біздің ата тарихымыз, салт-дәстүріміз, төл мәдениетіміз, тіліміз, дініміз, діліміз…«Алтын басты әйелден бақа басты еркек артық» дейді дана қазақ. Әйелді ешқашан еркекпен қатар қоюға болмайды. Еркек – үйдің иесі, тірегі. Әкенің сөзі мірдің оғындай болу керек. Бұрындары отағасы үйге кірмей ешкім дастарқанға отырмаған. Он бала болса да әкесі жайғасып « Әумин» дегеннен кейін барып нанды үзіп алған. Қазір үлкендер осыған мән беріп жатыр ма? Бала тәрбиесімен айналысуға олардың уақыты жоқ. Сондықтан ұлттық құндылықтарды отбасы тәрбиесімен ұштастырмай, тірлік оңалмайды.
Фатима Бизақова, психолог:
– Жапон елінде бес жылдық отбасы институты бар. Онда, жастарды отбасы ережесіне үйретеді екен. Қыз-келіншектерге алғашқы 3 жылда ер- азаматқа күтім жасауды меңгертсе, төртінші жылы бала күтімін, ал бесінші жылы туған-туыспен арадағы қарым-қатынасты қалай ұстау керектігін үйретеді. Мен қоғам болып осы жүйені іске қосуды ұсынар едім. Керек. Егілген талды өсіру үшін де оған күтім қажет қой. Ал, шаңырақ көтергендер аптасында бір сағат отбасы жарасымы туралы ашық әңгіме өткізіп тұрса нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Серікболсын Құдайбергенов, асаба:
Жастардың шаңырағын ата-аналар да бұзып жатады. Өз басым ішімдікке сылқия тойған құдалардың той үстінде керісіп, төрде отырған қалыңдықты алып кеткенін көргенім бар. Одан бөлек осыған ұқсас үш жағдайдың куәсі болдым. Сондықтан бірінші кезекте ата-аналар балаларына дұрыс жол көрсетуі керек деп есептеймін.
Міне, көптің пікірі «Әкесін көріп ұл өсер, шешесін көріп қыз өсер» дегенге саяды. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп шырылдағаны да тегін емес. Қазір елімізде отбасы институтын нығайту мәселесіне мемле­кеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айрықша маңыз берілуде. Мәуелі мұрат «Қазақстан-2050» Стратегиясының да негізгі арқауына айналды. Былтыр Елбасы Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі Отбасы күні мерекесі болып белгіленді. Биыл республика көлемінде тұңғыш рет «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізілуде. Осындай ауқымды шаралар облысымызда да жалғасын табуда. Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық – демографиялық саясат жөніндегі комиссия жүйелі жұмыстар атқаруда.Таяуда ғана Тараз төрінде Астана, Алматы қалаларының, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары делегаттарының қатысуымен өткен республикалық конференция- соның бір айғағы. Комиссия хатшысы Сара Мадиеваның айтуынша, алдағы уақытта әкелер слетін, өнерлі отбасылар фестивалін, отбасы құндылығын нығайту және отбасылық бизнесті дамыту мақсатында түрлі басқосулар, мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр екен.
Орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде де жастардың ақ некесін қию рәсімін ұйымдастыру жақсы жолға қойылған. Бас имам Данияр Жұмабайұлының айтуынша, жылына мыңнан астам жас отбасылар некесін қидырады екен. Жас жұбайларға неке куәлігімен қатар ерлі- зайыптылардың міндеттері жазылған арнайы кітапша да сыйлық ретінде ұсынылады. Мұның бәрі де жас отбасыларға ой салатын тірліктер.
Мемлекеттің сан мыңдаған отбасылардан тұратынын ескерсек, сол отбасының иесі- еркек, киесі – әйел. Қазақтың «Әке-асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген мақалында терең тағылым жатыр. Ендеше, боса­ғаның беріктігін босаңсытпай, еңсе тіктеп, ес жиятын кез жетті. Сіз не дейсіз, зерделі оқырман!

7Тұрсынбек
Сұлтанбеков,
«Ақ жол».

Partners have to be international students enroled and registered at the ph ludwigsburg you can already specify in your online application with which person you would like to share one double ghostwriter preise diese Seite bed room.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support