Саясат

Мемлекеттік қызметкерлерге талап күшейді

Мемлекеттік қызметкерлерге талап күшейді

Өңірлік коммуникация қызметінде «Мемлекеттің беделі – мемлекеттік қызметкердің абыройы» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласын түсіндіру және іске асыру бағыты жөнінде ұйымдастырылған жиында облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменті басшысының орынбасары, Тәртіптік кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев БАҚ өкілдеріне мемлекеттік қызметкерлерге қатысты жаңа өзгерістер жөнінде тарата айтып берді. – Елбасы атап өткендей, мемлекетіміз Тәуелсіздіктің 25 жылдығына аяқ басқан уақытта Ұлы арманға қол жеткізу үшін бес институттық реформаны жүзеге асыру міндеті тұр. Елбасының Жарлығымен «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы қабылданып, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілгені белгілі. Бұл – елімізде мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі басталды деген сөз. Яғни мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруда қолға алынған ауқымды шаралар жүйені жандандырмақ. Жаңа жүйе бойынша мемлекеттік қызмет саласын жетілдіре отырып, жемқорлық мәселесін азайтуға да қол жеткізудің жолдары қарастырылған. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік қызметшілерге талап күшейтілетін болады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің жаңа Этикалық кодексі де жасақталған. Ұлт жоспарындағы реформаның мәні – мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру болғандықтан, 100 нақты қадамның алғашқы 15 қадамы осы мақсатқа қол жеткізуге бағытталған. – Елімізде мемлекеттік қызмет саласын реформалау сонау 1995 жылдан басталды. Содан бері аталған қызмет саласы даму үстінде. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде конкурстық, кадрлық жүйелер арқылы көш бастаған еді. Биылғы жылы салаға қатысты өзгерістерге тоқталсақ, ең басты мәселе, біздің елімізде мемлекеттік қызмет саласында позициялық, аралас жүйелер болды. Ол қазіргі таңда мансаптық жүйеге ауысты. Бұл – мемлекеттік қызметке орналасу ең төменгі лауазымдардан басталады деген сөз. Ол ашық конкурс түрінде жүргізіледі. Ал ары қарай өсу тек қана мемлекеттік қызметшілердің арасында ғана жүргізілетін болады. Конкурс үш сатылы болады, – деді Ғалым Сұлтанұлы. Жаңа қағидаттар бойынша тестілеу бағдарламасына да өзгерістер енгізілген. Мәселен, үшінші бағдарлама бойынша берілген 90 сұрақтың енді 45-іне дұрыс жауап беру қажет. Екінші бағдарлама бойынша 120 сұрақтың 78-іне, бірінші бағдарлама бойынша 135 сұрақтың 110-ына дұрыс жауап берсе жеткілікті. Есепті кезеңнің ішінде тестілеуден өту мақсатында барлығы 2286 азамат өтініш білдірсе, олардың 770-і, яғни 33,7 пайызы ғана тестілеудің шекті мәнінен өткен. Мұндай аз көрсеткіш біздің өңірде ғана емес, республика бойынша сарапталып отыр. Дейтұрғанмен, Ғалым Сұлтанұлының айтуынша, биылғы жылдың 5 қаңтарынан бастап тестілеуден өту деңгейі 50 пайызға артып отыр екен. Сондай-ақ, күні бүгінге дейін жас мамандар жұмысқа орналасу үшін 3 ай сынақ мерзімінен өтсе, енді бұл 3 айдан 6 айға дейінгі мерзімге белгіленіп отыр. Бұған қоса, Ғалым Сұлтанұлы мемлекеттік қызметтің мониторингі бойынша гендерлік, сапалық және жастар құрамына тоқталып, конкурстық іріктеу нәтижелері мен мемлекеттік қызметшілерді оқыту, олардың алмасушылығына қатысты бірқатар деректермен бөлісті. Мәселен, бізде мемлекеттік қызметшілер санының 45,2 пайызын әйел азаматтар құрайды екен. 2015 жылы облыста мемлекеттік органдар 946 бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға конкурс жарияласа, оған 850 үміткер қатысып, 455 жеңімпаз анықталыпты. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту мәселесі бойынша, 1501 маман кәсіби оқудан өткен. Жоспар 97,4 пайыз деңгейінде орындалған. Ал қызметінен теріс себептермен 50 мемлекеттік қызметші босатылса, олардың 21-і сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылыққа жол берген.  

Наурызбек САРША, «Ақ жол».