Саясат

Жаңашыл, бастамашыл жандарға ашылған жол

Жаңашыл, бастамашыл жандарға ашылған жол

бейсембаев-001Садат Бисембаев, №3 Өрнек сайлау округінен аудандық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі.

Бүгінде зымырандай зулаған уақыттың тегершігі қас-қағым сәттегідей жылдам айналып барады. Әсілінде, әлемдегі орын алып жатқан барлық факторлар біздің де жаңа кезеңнің тосын талаптарына сай болуымызды көксейді. Ал қоғамдық жаңарулардың ағымына ілесу, сол ырғақтан қалыспау тың ізденістер мен тосын талпыныстарды талап етеді. Бәріміз соған сай болуымыз шарт. Осы орайда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Қазақстан халқы мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өзін-өзі тарату жөнінде Үндеу жолдағанын көрдік, естідік, білдік. Бұл ретте депутаттар осы бір ұсынысты айту үшін жеті рет ойланып, бір рет пішкені ешқандай да күмән тудырмайды. Ақиқатын айтайық, бұл дер кезінде көтерілген орынды бастама болғаны анық. Әрине депутаттардың да қырағылығын байқатса керек. Елбасы ілгеріде: «Алдымен экономика, одан кейін саясат» деген еді ғой. Жалпы алғанда, экономиканың тұрақты болуы әлемде болып жатқан жағдайларға да тікелей байланысты екенін бәріміз білеміз. Шыны керек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бұл жолғы қаржылық дағдарыстың да салқыны оңай тимейтінін айтып отыр. Жәй ғана тілге тиек етпей, төтеннен келген дағдарысты бір кісідей жұмылып еңсерудің нақты жолдарын да сан сала бойынша талдап, жіктеп, таразылап берді. Алайда, «Жалғыз ағаш орман болмас» дегенді ескерсек, пайымдасақ, біз Мемлекет басшысының нұсқаған жоспарларын «бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай» бірігіп, жүзеге асырумыз қажет. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейтінін» түйсінген Парламент Мәжілісі депутаттарының өзін-өзі таратуы – жаңашыл, бастамашыл жандарға да ашылған даңғыл жол. Бұрынғы депутаттардың жаңаша ойлауына берілген мүмкіндік әрі нағыз демократиялық қадам деп айта аламын. Осы тұрғыдан келгенде, ұтымды ұсынысты қолдаймын. Қай деңгейдегі депутат болса да, бұл бастамаға қос қолын көтеріп қолдау білдіретіндігіне сенімім кәміл. Т. Рысқұлов ауданы.