Мәдениет

«Алло! Бұл кім?»

«Алло! Бұл кім?»

Ерке Есмахан мен Төреғали Төреәлінің орындауындағы «Алло» әні өткен жылдың соңғы айларында көпшілікке жол тартқанымен, жыл ішінде хитке айналған көптеген әндерден «оза шауып», көпшіліктің мол сұранысына ие болды. Бейнебаян жарық көрген бір айдың ішінде «Аллоны» 2 миллионға жуық көрермен тамашалаған. Ал оған түрлі пародиялар мен қалжыңдар шығарылып, әлеуметтік желілер арқылы әлі күнге толастамай таралып жатыр. Ал аталмыш әннің авторларына келер болсақ, олар Төреәлінің бала кезден бірге өскен жан жолдастары, осыған дейінгі Төреғалидың шырқауындағы «Бол жанымда», «Төрешің» сынды танымал әндердің авторлары – ақын Қайнар Алакөзов пен сазгер Құрал Молжанов. Ән Төреғали мен Еркеге арналып шығарылған. Бейнебаян идеясының авторлары танымал продюсер Баян Есентаева мен Төреғалидың әкесі Төреәлі Төлепов. Бүгінгі күннің «ертегісі» деуге келетін бейнебаян көпшілікке кеңінен таралып, аталмыш ән хитке айналған соң ел арасында Төреғали Еркеге сезімін білдіріп, өлең арнапты-мыс деген әңгіме де тараған. Алайда, аталған сауалға әнші жігіт өзінің Еркеге ешқандай ерекше сезімінің жоқтығын және арнаған өлеңін әріптестік қалжың деп жауап береді.