Дәулет – үздік технолог
Дәулет – үздік технолог
«Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек». Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауынан.
Жасыратыны жоқ, жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру мақсатында арнайы байқау өткізілетінінен алдын ала құлағдар болғанымызбен, дәл осы жоба жастар арасында үлкен серпіліс тудырады деп ешкім ойлаған жоқ. Білім және ғылым министрлігі мен «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысы бірлесе ұйымдастырған шараға қатысуға еліміз бойынша 150-ден астам жас маман өтініш білдіріп, соның ішінде 20-сы конкурстың лауреаттары атанғанын естігенде ғана көпшілік елең етісті. Біз де дереу жеңімпаздардың тізіміне үңіліп, үздіктер қатарына іліккен жамбылдық жас маманмен кездесіп, байқаудан алған әсерімен бөлісуге тырыстық.
– Шынымды айтсам, конкурсқа өз жобамды ұсынғаныммен, жеңіске жетем деп ойлаған жоқпын. Байқауда әділ төрелік жүреді дегенге сенімсіздеу болдым ба, білмеймін. Бірақ, ұйымдастырушылар телефон шалып, лауреаттар тізімінде бар екенімді, марапаттау салтанатына қатысуға Астана қаласына бару керектігін ескерткенде абдырап қалдым. Бұл жоба, расымен, жұмысшы мамандықтарға деген қоғамдық көзқарасты өзгерту мақсатында қолға алынған екен. Марапаттау шарасы елорда төріндегі «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында өткізілді. Бұл өзі қаладағы адам аяғы үзілмейтін ірі орталықтың бірі емес пе?! Айрықша сән-салтанатпен темір ұстасын, электрші, технолог, дәнекерлеуші мамандарды марапаттап жатқанын көріп, қызықпаған адам кемде-кем. Жұрт алдында жұмысшылардың мәртебесі өскенін көріп, қуандым. Мен өз кәсібімді жақсы көремін. Жұмысты бар ынтамен істегенде ғана ол өз жемісін береді, – дейді республикалық жарыста «Үздік технолог» аталымын жеңіп алған «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС-ның технолог маманы Дәулет Егембердиев. Облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Талғат Ахымбековтің айтуынша, бұл байқауға облысымыздан он аталым бойынша жобалар ұсынылған. Солардың арасында Дәулет үздік шығыпты. Былтыр «Қазфосфат» ЖШС-ның екі жас маманы жүлдегер атанған екен. «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысының облыс бойынша үйлестірушісі Жандос Исахаев бұл конкурс биыл екінші рет өткізіліп отырғанымен, талаптары өзгергенін айтады. Жобалар алдын ала ұсынылып, жеңімпаздар жабық кеңесте анықталады дейді.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».