Мақтанышым Мақажан аға
Қазақ даласына қырғидай тиген колхоздастыру заманының лаңы оңай тиген жоқ. Атамыз Бибазар Қыдыр дарыған, дәулеті әулетіне қызмет еткен, елге сыйлы, ортасына қадірлі кісі болғанын күні кешеге дейін көнекөз қариялар айтып отыратын. Ақтылы қойы, үйірлі жылқылары өріске сыймай, жайлаудың сәнін келтіріп жатады екен. Бәйге аттары алыс-жақынды дүбірлі той-думандарда доданың алдын бермей жүлдемен оралыпты. Бибазар байдың аты Әулиеата өңіріне кеңінен мәлім болған деседі. Құдай берген осы есепсіз малдан әп-сәтте айырылу оңай ма? Кәмпескеге ілінген бай қысастық пен қорлыққа шыдамай, 63 жасында дүниеден озады. «Жұт жеті ағайынды» деген, сол жолы байдың отбасынан жеті адам дүниеден өтіпті.
Бар болса көре алмайтын, жоқ болса бере алмайтын ағайынның көрсетуімен байдың үш баласы Байсары, Сәдуақас, Жақыпбайды колхозға алмай қойған. Халықтың «Нағашысы жақсы қандай-ды, жоғыңды сырттан қамдайды» дегені рас келіп, ағайындылар Түрксіб темір жолын жағалап, Құмшағал стансасының Казарма, Күркіреу су разъездеріне жұмысқа тұрады. Әкеміз Байсары қырық жыл бойы темір жолда тер төгіп, Еңбек Қызыл Ту орденді Құрметі теміржолшы атанды. Әкемнің тұңғышы, әулеттің нәубеттен кейінгі қуанышы Мақажан аға еді.
1938 жылы өмірге келген Мақажан аға соғыс аяқталған жылы мектеп табалдырығын аттап, Бибазаровтар әулетін қуанышқа бөлейді. Әжеміз Алмагүлдің айтуынша, Мақаң жастайынан зерек болған. Жасынан қолына қалам алып, табиғатты, тіршілікті айнытпай сурет қылып салады екен. Алтыншы, әлде жетінші сыныпта оқып жүрген кезде ауылға мотоцикл айдап келген жігіттің көлігін сұрап мініп, зырылдатып айдапты. Сонда өзіне таңғалғандарға «Мен бұл адамның мотоциклін қалай оталдырғанын, жүргізгенін, тоқтатқанын мұқият бақылап тұрдым, бар болғаны соны қайталадым» депті жайбарақат.
Жамбылдағы №38-ші мектеп-интернатты үздік бітірген Мақажан нағашы ағасы Үйсін екеуі ҚырМУ-дың механика факультетіне құжат тапсырады. Мақажан жолы болып оқуға түскенмен, Фрунзе қаласында қалғысы келмейді. Себебі, Үйсіннің балы жетпеген соң одан қалғысы келмей, ауылға қайтқан. «Жан жолдасы Үйсінді жалғыз қайтарғысы келмеген шығар» деп ойлаймын осы күні. Достыққа адалдық деген осы шығар.
Содан №12-ші қалалық кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түсіп, тепловоз машинисі мамандығын алып шығады. Екі жыл Арыс пен Шудың арасында жолаушы тасымалдайтын тепловоз машинисі болып еңбек етеді. Одан Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын Мәскеу қаласында өтейді. 1964 жылы Жамбыл гидромелиорациялық институтының құрылыс факультетіне түседі. Жас маман «Жамбылхимстрой» тресіне қызметке тұрады. Ірі құрылыс мекемесінің қазанында шыңдалған жас маман еңбекке деген тыңдырымдылығын танытып, 1972 жылы сол трестің өндірістік құрылыс материалдары комбинатының бас инженері қызметіне жіберіледі. Сол жылдары Қаратау-Жамбыл аумақтық химия комплексінің құрылысы басталып, жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық, техникалық қауіпсіздігін бақылауға білікті маман ретінде таңдау Мақажан Бибазаровқа түсті. Алып құрылыстың аясында еңбек еткен қыруар жұмысшының проблемасы жеткілікті еді. Адам тағдырына сергек қарау, өндірісте жазатайым жарақат алғандарға жәрдемақы төлеу, зейнетке шығару – осының бәрі іскерлікті, адамгершілікті керек ететін. Осы талаптар Мақажан ағаның бойынан табылғанын көпшілік әлі күнге дейін айтып отырады. Осы қызметтегі адал қызметі үшін ол кісі мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Бұл күнде өмірден озған Мақажан ағаммен 47 жыл отандасып, тату-тәтті отбасын құрған асыл жеңешем Тазакүл Молдашқызы бізге әрқашан құрметті, сыйлы. Ол ұзақ жылдар «Мир», «Еңбек», К.Әзірбаев атындағы кинотеатрларының директоры болып халыққа қызмет етті. Қазір құрметті еңбек демалысында.
Мақаң әке жолын қуып тепловоз машинисі болып алғаш еңбек жолын бастаған еді. Енді аталар дәстүріне адал балалары Ержан Тараздағы темір жол депосында тепловоз, электровоз ауысымының бастығы болып, Нұрлан осы салада, қызы Алтынай Тараз қалалық салық инспекциясында жемісті еңбек етуде.
Оспанәлі Бибазаров,
зейнеткер.
Тараз қаласы.
Суретте: Мақажан Бибазаров.
Comments are closed.