- Advertisement -

Құс екеш құстың өзі балапанын қорғайды

318

- Advertisement -

тастанды балалар мен тасбауыр аналар қоғам қасіреті болып отыр

Бұрын «баласын тастап кетіпті» дегенді еститін құлағымыз соңғы кездері «сәбиін қоқыс жәшігіне не әжетханаға лақтырып кетіпті» деген сұмдық хабарларды да тыңдайтын болды. Туған баласын өз қолымен өлтірген аналар мен әкелер туралы хабарлар да екі күннің бірінде айтылатын жағдайға жеттік. аза бойың қаза болатын мұндай қатыгездік өңірімізде ай өтпей жатып екі рет тіркелді.

Өз баласын өзекке тепкен

88348656_V_DNEVNIKK загруженоБиылғы қыстың қақаған бір күнінде, 3-ші қаңтарда «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы бойындағы қоғамдық әжетханадан жаңа туған сәби табылғаны жөніндегі ақпарат жағамызды ұстатқан еді. Нәрестені шұңқырдан шығару үшін құтқарушыларға бетон еденді бұзуға тура келген. Жас сәби жылауға шамасы келмей, әрең қозғалып жатқан. Еденге жұққан қанға қарап, баланың әжетханада туылғанын болжауға болады. Абырой болғанда, сәби аман қалды. Қазіргі таңда дәрігерлердің бақылауында. Өкпесіне суық тиген қыз балаға дәрігерлер Жансая деген есім беріпті. Арада бес күн өткеннен кейін полицейлер дәретханаға жаңа туған сәбиін тастап кеткен азаматшаны іздеп тапты. Ол 21 жастағы келіншек болып шықты. Оны ата-аналық құқығынан айыру қарастырылып жатыр. Оған қатысты «кепіл» – бұлтартпау шарасы, сондай-ақ, бірқатар комиссиялық сот-медициналық сараптама тағайындалған. Қылмысына сай «Қылмысқа оқталу» және «Анасының баласын өлтіруге оқталуы» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. ІІД өкілдерінің айтуынша, бұл ісі үшін оған төрт жылға бас бостандығынан айырылуы немесе шектеу жазасы кесілуі мүмкін.
Осынау оқиғаның ізі суымай жатып, араға он күн салып мұндай жай тағы да қайталанды – Талас ауданындағы тас жол бойынан жаңа туған сәбидің мәйіті табылды. Сәбидің басы жарылған. Кейбір дереккөздерден алынған ақпаратқа қарағанда, сәби көлік ішінде дүниеге келіпті. Одан әрі оны жол бойына лақтырып кеткен. Облыстық ІІД болған жайтты растап, күдікті адамдарды анықтағандарын мәлімдеп отыр. Сәбиді дүниеге әкелген ана қазіргі уақытта ауруханада жатқан көрінеді. Баланың анасы – Талас ауданындағы ауылдық мектептердің бірінің оқушысы, 16 жастағы кәмелетке толмаған қыз бала деген де дерек бар.
Өңірімізде мұндай жағдай бірінші рет орын алып отырмағаны белгілі. Тараз қалалық ІІБ мәліметіне сүйенсек, бұған дейін қала сыртындағы тас жолдардың бірінен қапқа салынған бес айлық бала табылған. Оны кездейсоқ жолаушының бірі ауруханаға жеткізген. Сәби қаладағы бөбектер үйіне өткізіліпті. Қала маңы елді мекеніндегі қоқыс жәшігінен қапқа салынған күйі табылған тағы бір үш айлық нәрестені дәрігерлер аман алып қалған. Жергілікті полиция бүлдіршіннің 23 жастағы анасын тауып, оны ата-ана құқығынан айырғанын хабарлады. «Қоқыс жәшігіне тасталды», «әжетханадан табылды» дегенміз бер жағы екен. Еліміздің базбір өңірлерінде баланы көп қабатты үйдің терезесінен, балконынан лақтырып, су құбыры жүйесімен ағызып жібергендер де тіркелген… Бағзыдағы асыл әжелеріміздің «Айналайын баладан, тауып алған даладан, далада бала жата ма, түсіп қапты шанадан» деп келетін бесік жыры шындыққа айнала бастағаны қынжылтады…

«Байбөрі деген бай бопты, бір перзентке зар бопты»

Біреулер сәбиін қоқысқа тастап, нәжіске батырып… ал біреулер бір шақалаққа зар болып, қос қолдарын көкке жаюмен жүр. Жоғарыда біз айтқан өмірге келмей жатып, тағдырдың тәлкегіне түскен кішкентай Жансаяның жайына қанық болған, отау құрғандарына төрт жылдан астам уақыт өтсе де өз балалары болмаған Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылының тұрғындары, ерлі-зайыпты Елена мен Ескендір Ахметовтер дәретханада туылған шақалақты асырап алуға бел буып отыр. «Нәрестені бейнероликтен көргелі жандүнием күйзелісте жүр. Жұбайым екеуміз сол баланы асырап алып, бауырымызға басқымыз келеді. Еленаны «ана», мені «әке» деп атаса не арманымыз бар. Сол қызды бесігімізге бөлеп, құшағымызға бассақ дейміз. Бала асырау жөніндегі қажетті құжаттармен таныстым. Енді сол бір бақытқа бөленер сәттің ертерек туып, құжат дайындау барысында билік өкілдері тарапынан көмек, қолдау болса деген өтінішімді жеткізгім келеді», – дейді Ескендір Ахметов.
Жаратушы иеміз тасбауыр аналар мен тасжүрек әкелерге емес, осындай жұмсақ жүректілер мен ізгі тілектілерге сәби берсе екен, дейміз осындайда.Осындайда, «Байбөрі деген бай бопты, бір перзентке зар бопты» деп басталатын жыр жолдары еріксіз еске оралады. Болашақ Алпамыстарымызды айдалаға лақтырып тастап кетпейік, ағайын!

Жазықсыз сәбиді жазым еткендер жазасыз қалмайды

Қазақ ешқашан қандай бала болса да оны өлтіруге жол бермеген. Тәуке ханның заманында мұндай безбүйрек аналарды өлім жазасына кескен. Жеті жарғыда: «Некесіз туған баласын ұяттан (қасақана) өлтірген әйел өлім жазасына кесіледі» делінген. Қазақтың аналары «О, құдайым, бала бер, бала берсең, сана бер, сана бермесең, шетінен сыпырып ала бер» деп кері кеткен баласын адамның емес, Алланың үкіміне тапсырған.
Бейресми деректерге қарағанда, соңғы екі-үш жылда елімізде оннан астам бала өз анасының қолынан ажал құшқан. Осы тектес қылмыстардың көбейіп кеткендігі соншалық, соңғы жылдары Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне «Жаңа туған сәбиді анасының өлтіруі» деген арнайы, 97-бап енгізілген болатын. Бұл бап бойынша, «анасының өзінің жаңа туған сәбиін туып жатқан кезінде, сол сияқты одан кейінгі кезеңде психикасын бұзатын жағдайда немесе есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын психикасы бұзылуы жағдайында өлтіруі төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады».
Жаңа туған баласын өлтірген аналар туралы ғаламтордағы ақпараттарды оқып отырсаңыз, мұндай қадамға барғандардың ішінде оң жақта отырып, аяғы ауырлаған аруларымыздың баршылық екендігін байқайсыз. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін бойына «жолдан» біткен жазықсыз сәбиді «адамның сөзінен», «ұяттан», «анасынан қорыққаннан» о дүниеге аттандырып жатқан ананың күнәні күнәмен жууынан басқа жол жоқ па, сонда?..
Зерттеулерге қарағанда, жаңа туған балаларын өлтірген аналардың көпшілігінің психикасында ауытқушылық бар екендігі байқалған. Жаңа босанған аналардың қылмысқа баруы уақытша психикалық ауытқушылықтың әсері болуы мүмкін. Аффектілік жағдайда адам өз-өзін басқара алмайды, өзіне-өзі иелік ете алмайды.
Жүрегінің түбінен шыққан сәбиін жөргегінде далаға тастап кету – сирек кездесетін оқиға дей алмаймыз қазір. Қоқыс жәшіктерінің тастанды сәбилердің бесігіне айналғаны өтірік емес. Бүгінде сәбиін өлімге өз қолымен байлап берген қандықол әйелдер көбейгені қынжылтады.
«Бэби-бокс» аталатын «үміт бесіктері» бүгінгі күні біраз елде бар. Мысалы, чехиялықтар 2005 жылдан бастап тастанды сәбилерге арналған жәшіктер орнатқан. Көпшілігі клиникалар мен ауруханалардың жанында. Соның арқасында бұл ел мыңдаған нәрестенің өмірін аман сақтап қалды. Бүгінде Чехиядағы мұндай «төртбұрышты үйлердің» саны 50-ге жетіпті. Ал, алманиялықтар жүздеген жәшік орнатып үлгерген. Оңтүстік Корея елі де тастанды сәбилердің өмірін сақтап қалуда бар мүмкіндікті жасауда. «Тастанды нәрестелерге арналған жәшіктер орнатылады» деген әңгіме ашық күнде найзағай түскендей әсер қалдырса да, бұл қадамға олардың амалсыздан барып отырғандығын ескерген жөн.
Жоғарыдағыдай жантүршігерлік қылмыстық оқиғалардың жиі орын алуына орай біздің елімізде де «Бэби-бокс» – тастанды балаларға арналған жәшік пайда болады деп күтілуде… Мұндай қадамға түбінде біздің де баруымыз мүмкін. Ол да керек шығар.

Наурызбек САРША,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support