«Таразға» соны серпіліс керек
«Таразға» соны серпіліс керек
Волейболдан ұлттық лиганың үшінші кіші туры аяқталды. «B» тобында өнер көрсететін «Тараз» волейбол клубы өткен жылғы додада қарсыластарынан қара үзіп кетіп, дебютант статусына қарамастан, чемпион атанған болатын. «Тараз» волейболшылары ағымдағы маусымда бірде жеңіп, бірде жеңіліп, ала-құла ойын көрсетіп жүр. Мәселен, Павлодарда өткен кіші турда жергілікті «Павлодар» командасымен бақ сынасқан жерлестеріміз 3:1 есебімен жеңетін мүмкіндікті қолдан жіберіп алды. Төртінші кезеңде төрт ұпайға дейін алдыға ұзап кеткен тараздық әуедоп шеберлері қолда тұрған мүмкіндікті мүлт жіберіп алды да, қарсыластарынан бар болғаны 3:2 есебімен басым түсті. Рас, «Павлодар» командасы оңай шағыла салатын жаңғақ емес. Дегенмен, таяқ тастам жерде тұрған партиядағы жеңісті қолдан сусытып алған жерлестерімізде жігер кемшін бе, әлде физикалық тұрғыдан әлсіз бе? «Тараз» бұдан соң Шығыс Қазақстанның үміті «Алтайға» жол берді. Сонымен, үшінші кіші турдан кейін «Алтай» командасы жеке дара көш тізгінін қолға алса, кезеңде сәтсіз ойын көрсеткен «Алматы» командасы екінші сатыға сырғыды. Үздік үштікті «Павлодар» командасы қорытындылап тұр. Төртінші орынға жайғасқан «Атырау» командасы 24 ұпайдан жинаған «Тараз» бен «Есілден» екі ұпай ғана алда. Өткен жылы қарсылас шақ келтірмеген жерлестерімізге алдағы уақытта серпілу керек.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».