Саясат

Төртінші бағыт жаңа міндеттер жүктейді

Төртінші бағыт жаңа міндеттер жүктейді

Дауыл Бейсенқұлов, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары.

 «Біздің жолымыз – ол бірлік жолы және азаматтық біртектілік негізінде ұлтты дәйектілікпен қалыптастыру жолы».

Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында қазақстандықтардың азаматтық біртектілігі мен біртұтастығын нығайтуға бағытталған төртінші реформаның мәні осылай ашып көрсетілген. Болашағы Біртұтас Ұлтты дәйекті түрде нығайтудың екі негізі бары да айтылған. Ол негіздер – біріншіден, миссиясы елді этносаралық бейбітшілік пен келісімнің мызғымастығына бастайтын Қазақстан халқы Ассамблеясы да, екіншіден, болашаққа деген жалпыхалықтық сенім айнадағыдай көрініс тапқан «Мәңгілік Ел» жалпы ұлттық идеясына ие болуымыз. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында атқарған ұлы істерімізбен жасампаз қазақстандық патриотизмнің негіздерін қалыптастырғанымыз, ендігі керегі оны нығайтып және көбейтіп қана қоймай, сонымен бірге, ұрпақтан-ұрпаққа, дәуірден-дәуірге ұластырып отыру керектігі, Мәңгілік Ел Патриоттық Актісінің тарихи және рухани күші де осыдан танылуы тиістігі Елбасы мақаласында айрықша атап көрсетілген. Ұлт жоспарында айқындап берілген бағыттар бойынша жұмысты жалғастыруда облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы алдында үлкен де, күрделі міндеттер тұр. Бұл ретте Ұлт жоспарының төртінші бағытын жүзеге асыруды заңнамалық қамтамасыз ету үшін Парламенттің Қазақстан халқы Ассамблеясы, мемлекеттік рәміздер, мәдениет және тарихи-мәдени мұралар, туризм, үкіметтік емес ұйымдар қызметі мәселелері туралы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуі дер кезінде атқарылғанын айту қажет. Жаңадан әзірленген біртектілік пен біртұтастықты нығайту және дамыту, Қазақстан халқы Ассамблеясын 2025 жылға дейін дамыту, дене тәрбиесі және спортты 2025 жылға дейін дамыту тұжырымдамаларының да жұмысымызға тигізер қолғабысы, әрине, мол болары айқын. Аталған тұжырымдамалар биылғы қаңтардан бастап жүзеге асырыла бастады. Бұларға қоса мәдени саясат тұжырымдамасына, мемлекеттік даму және тілдердің жұмыс істеуі, білім беру бағдарламасына енгізілген маңызды өзгертулер де іске зор көмегін тигізетін болады. Республика Үкіметінің Қазақстанның ұлттық және өңірлік брендтерін ілгерілету бойынша іс-қимылдар жоспарын бекітуі де алдағы уақыт еншісінде тұр. Ұлт жоспарында айтылған қазақстандық музейлерді және мемлекеттік рәміздерді пайдалану жүйесін жаңғырту бойынша жүргізілетін жұмыстарға басқарма өз үлесін қосады. Бұл орайда атқаратын жұмыстарымыздың бағдары айқындалып та қойған. Алдағы кезеңге арналған дербес жұмыс жоспарымызда, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылды нығайтуға да баса назар аударылмақ. Біздің облыста мұндай ұйымдардың саны барған сайын артып, қатары да көбейіп келеді. Көпшілігі айтарлықтай тәжірибе жинақтап, беделге ие болып отыр. Олардың алдағы кезеңде де дұрыс бағыт ұстануларына жәрдемдесу күн тәртібінен әсте түсіп көрген емес. Қазіргі заманда тұрғын халықтың экономикалық және азаматтық белсенділіктерін арттыруда, жастарды отансүйгіштік пен аға ұрпақтың жасампаз еңбек дәстүрлері бойынша тәрбиелеуде бұқаралық ақпарат құралдарына да үлкен міндеттер жүктеледі. Олардан болып жатқан оқиғалар туралы нақты, дәл ақпарат тарату талап етіледі. Өйткені, ақпарат дегеніңіз бүгінде адам санасына күшті әсер ететін идеологиялық құрал санатына жатады. Ұлт жоспарындағы төртінші бағытта Қазақстандық БАҚ-тарды жаңғырту, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ілгерілету, бірқатар мәдени-білім беру және ақпараттық жобалар жүзеге асырылатыны туралы айтылғаны, осыдан да біздің жұмысымыздың жаңа бағдарларын айқындап беруімен де құнды. Ұлт жоспары – баршаның биік мұраты. Оны жүзеге асыруға және реформаларды жүргізуге белсенді түрде қатысу арқылы елімізді жаңа белеске көтеруге, әлемдегі озық мемлекеттердің қатарына қосуға өз үлесімізді қосатын боламыз. Осыны әркімнің де жүрегіне жеткізу – насихат майданындағылардың басты міндеті.