- Advertisement -

Жылына – 2000 тонна электрод

92

- Advertisement -

Электрод – құрылыста металл дәнекерлеу үшін кеңінен қолданылатын материал. Ол елімізде Қарағанды және Жезқазған қалаларында өндіріледі. Шағын кәсіпорындардағы өнім аз болғандықтан, еліміздің нарығына оның дені Қытай және Ресей мемлекеттерінен жеткізіледі. Сырттан әкелінетін тауардың бағасы қымбат болатыны әрі ақша сырқа кететіні айтпаса да түсінікті. Осыны ескерген, нарықты зерттеген кәсіпкер Айдын Алтай өткен жылы Таразда электродтың ОНИ-13-55, ТМУ-21, ЦУ-5 және МР-3 маркаларын өндіретін кәсіпорын ашты. Әр марканың еуростандартқа сай лицензиялары мен сертификаттары бар. Өнім өндіретін жабдықтар Қытай, Ресей және Украинадан жеткізілді. Кәсіпкер бұл мақсатқа 120 миллион теңге жеке инвестициясын жұмсаған. Жақында Екібастұздан тағы екінші желінің қондырғыларын әкеліп, іске қосқан. Зауыт толық қуатында жұмыс істеген кезде жылына 2 мың тонна электрод өндіреді. Өндірісте жаңа 20 жұмыс орны ашылған. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы – 80 мың теңге.

Кәсіпорын тауар өндіру үшін темір ұнтағы, ферромарганец және басқа да материалдарды Қытай, Ресей және Украина мемлекеттерінен алады. Еліміз аумағынан целлюлоза, мәрмәр және плавиктік шпат жеткізіледі. Серіктестікте қазақстандық үлес 70 пайызды құрайды. Шығарылған өнім толық арнайы зертханада тексеруден өткізіліп, сертификат беріледі. Мамандар сапаға ерекше көңіл бөледі. «Бағұл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде шығарылған электродтың құны шеттен келетіндерге қарағанда 10 пайызға дейін төмен. Тұтынушылар осында өндірілетін электродтың сапасына жақсы баға беруде. Бүгінде «Бағұлдың» өніміне Шымкент, Балқаш, Қарағанды, Өскемен және Орал қалаларынан тапсырыс көптеп түсуде. Тараздағы бірнеше дүкен және кәсіпорындармен өнім өткеруге келісімшарт жасалған. 

– Таяуда Шымкент қаласында электрод шығаратын филиалымызды аштық. Келешекте осындай шағын өндіріс орны Қызылорда қаласында да іске қосылады. Астана және Өскемен қалаларында да осындай филиалдар ашу көзделуде. Өткен жылдың желтоқсан айында кәсіпорында осындай құрылысқа аса қажетті 40 тонна материал өндірілді. Тараздағы цех толық қуатында істегенде оның көлемі айына 100 тоннаға жетеді. Мұның өзі тағы да қосымша алты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Отандық тауарымыздың еліміздегі шетелдік электродтарды нарықтан ығыстыратын күн де алыс емес, – дейді «Бағұл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Айдын Алтай.

Ақылжан МАМЫТ,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support