- Advertisement -

Өркендеу, өсу өзімізге байланысты

96

- Advertisement -

Бейбітбек
Жайлыбаев,
Сарысу
ауданының әкімі.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында: «Сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал болуы керек. Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отырамыз» деп ерекше атап өтті. Елбасы айтқандай, қазіргі таңда аудан жұртшылығы Жолдаудан және «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» еңбегінен туындайтын міндеттерді басшылыққа алып, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін шұғыл іс-жоспарлар жасап, бетбұрысты кезеңге қадам жасауда. Өйткені, олардың талабы өзгеше.
Мәселен, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында индустрияландыру және экономикалық өсім туралы кәсіби мемлекеттік аппарат құру, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру жолдары айқындалғаны белгілі. Ал дағдарысты еңсеру мен дамуға бастайтын нақты қадамдар Жолдау мен «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» еңбегінде көрініс тауып отыр. Жалпы, Жолдаудан туындаған ой – экономикалық өсімге қол жеткізудің бірден-бір жолы еңбек.
Әлеуметтік ахуалдың тұрақтануы жұмыссыздыққа қарсы жүргізілген күрестің нәтижесіне байланысты. Ал тұрғындарды толықтай жұмыспен қамту еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандарды қайта даярлау ісін ілгерілеткенде ғана мүмкін болмақ. Мұның өзі көпшіліктің масылдық психологиядан арылып, жұмысшы мамандықтарға деген көзқарасы өзгергенде жемісін береді.
Жалпы, мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөлуде. Оның айқын дәлелі – агроқұрылымдардың ісін ілгерілетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар. Бірақ, жасыратыны жоқ, мұндай жеңілдіктер туралы қарапайым еңбеккерлер, тіпті тәжірибесі бар, белгілі кәсіпкерлер де жете біле бермейді. Сол себепті, біз осы бағыттағы жұмысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы жандандыруға бел буып отырмыз.
Былтыр ауданда облыстық деңгейде үлкен инвест форум болып өтті. Бұл басқосуға облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы, екінші деңгейлі банк филиалдарының өкілдері, облыстағы «ҚазАгроҚаржы» және «Аграрлық несие корпорациясы», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамдарының филалдарының жетекшілері, аудандық мекеме-кәсіпорын басшылары, аудандағы ауыл шаруашылық құрылымдары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің директорлары, өндірістік кооператив төрағалары мен жеке кәсіпкерлер қатысқан болатын. Сол жиында аудан әкімдігі мен инвестициялық жобаларды іске асырушы ауыл шаруашылығы құрылымдары басшылары ынтымақтастық меморандумға қол қойды. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қандай жеңілдіктер жасалатыны жайлы кеңірек әңгіме қозғалды.
Меморандумға қол қою арқылы шаруалар ауданда 100 басқа арналған мал бордақылау алаңын салу, 150 сиыр сыятын тауарлы-сүт фермасының құрылысын жүргізу келісімдеріне қол жеткізді. Сонымен қатар, инвест форумда кәсіпкерлер көтерген мәселелер бойынша, нақтырақ айтсақ, жаңадан тұз өңдейтін зауыт салу, сонымен бірге асфальт жасайтын өндіріс орнын пайдалануға беру, құрылыс материалдарын өңдейтін цехтар ашу секілді жұмыстарға нақты қолдау көрсетіле бастады. Сондай-ақ құс фабрикасы, жүн жуу, қамыстан құрылыс материалдарын дайындау, шұжық цехтарын ашу секілді ірі жобалар да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жалпы, кәсіпкерлікті дамытуға арналып ауданда арнайы индустриялық аймақ құрылды. Жүзеге асырылатын жаңа инвестициялық 12 жобаның құны 1,2 миллиард теңгені құрайды.
Ауданда шаруаның өнімді жұмыс істеп, кәсіп жасауына барынша мүмкіндіктер жасалуда. Дегенмен, әлі күнге өз жерін игере алмай немесе бірігіп, ірілене алмай отырған қауқарсыз шаруа қожалықтары да жоқ емес. Олар кешегі кеңшар мен өндірістік кооперативтердің тараған тұсында пайлық үлестеріне жер, техника, жылжымайтын мүлік алып, бірақ оны әрі қарай дамыта алмаған шаруалар қатарына жатады. Бірнеше жыл бойы егін еге алмай, қолдағы бар техникасын сатып жіберген шаруалардың бүгінде жерлерін жалға бергеннен басқа амалдары қалмаған. Ұсақ шаруашылықтардың қолға алған ісі де ұсақ. Өнімсіз. Бірігіп, іріленбейінше алға жылжу жоқ. Осы мәселелер шаруа қожалық басшыларына кеңінен түсіндіріліп, қозғау салынуда.
Қазіргі таңда пайдаланылмайтын жерлерге талдау жасалып, игерілмей жатқан жерлер конкурс арқылы нағыз егелеріне қайта берілуде. Бұл жұмыс өз нәтижесін беруде. Бір кездері ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Түркістан осылай туған» атты очеркіне негіз болған, кезінде 12 мың гектарға дейін егін жайқалып тұратын Сарысудың қырлары игерілмей жатқаны дұрыс емес. Талай жанның, шаруаның нәсібі осы қырат белдерде жатыр. Жүйелі жүргізілген жұмыстардың арқасында соңғы жылдарда ғана қырлар қайта түрленіп, тұрғындар қызыл қырманның қызығын, ырзыған көре бастады. Ауданда егін шаруашылығы бойынша 2015 жыл қорытындысында 1,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілуі – соның айғағы.
Былтыр егін шаруашылығына 17040 гектар жер пайдаланылды. Бұл бұдан бұрынағы жылдармен салыстырғанда бірнеше есе жоғары көрсеткіш. Гектар түсімділігін арттыру үшін агротехникалық шараларға да барынша назар аударылуда. Әсіресе, шаруалар лизингке жаңа техника ала бастағалы жер өңдеудің сапасы арта түсті. Орайы келгенде «Игілік» өндірістік кооперативі лизингке қосымша техника алып, машина-трактор паркін жаңалап алғанын, мемлекет тарапынан тегін, өтемақысыз бір МТЗ-80 тракторы берілгенін айта кету керек.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін «Сыбаға» мемлекеттің ең қолжетімді несиелендіру бағдарламасы болып табылады. Аталған бағдарлама аясында соңғы үш жыл көлемінде 11 шаруашылық барлығы 99,1 миллион теңге несиеге 569 мүйізді ірі қара сатып алды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша «Ұшқын» шаруа қожалығы 188 саулық, 7 асыл тұқымды қошқар, «Әсем» шаруа қожалығы 246 саулық, 19 асыл тұқымды қошқар, ал «Құлан» бағдарламасы шеңберінде 21,3 миллион теңге несиеге 86 жылқы сатып алынды.
Бүгінде аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің саны 124-ке өсіп 1882 бірлікті құрап отыр. Оның 1651-і немесе 87,7 пайызы белсенді жұмыс жасауда. «Саудакент-НС» несие ұйымы арқылы қаңтар-қазан айларында 11 шаруашылық 57,5 миллион теңге, «КазМикроФинанс» шағын несие ұйымы арқылы 1417 азамат 388,5 миллион теңге несие алды.
Моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында кәсіпкерлердің банк филиалдарынан алған несиелерінің пайыздық ставкаларын субсидиялауға бағытталған 5 жобаның 4,9 миллион теңге қаржысы «Даму» қорына аударылып берілді. Ал жаңа өндірістерді дамытуға гранттар беруге 5 миллион теңге қаржы бөлініп, 2 жобаға 3,5 миллион теңге грант берілді.
Аудан көлемінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында әр аптаның сенбі күндері Жаңатас қаласында Орталық базар аумағында және орталық алаңда жәрмеңкелер өткізіліп, былтыр 87,1 миллион теңгенің тауары арзан бағамен сатылды. Қазір әлемде қалыптасқан экономикалық ахуал, теңгенің еркін айналымға шығарылуы кәсіпкерлердің жұмысына кері әсерін тигізуде. Соған қарамастан әрбір кәсіпкермен жеке жұмыстар жүргізіліп, бағаның қалыпты қалпын сақтауға күш салынуда.
«Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесі ерекше. Іргелі кәсіпорынның 70 жылға жуық тарихы бар. Бүгінде ұжымда 1500-ден аса адам еңбек етуде. Оның бәрі аудан тұрғындары. Бір сөзбен айтқанда, сарысулықтарды жұмыспен қамтып отырған үлкен өндіріс орны. Жыл өткен сайын кәсіпорында өндірілетін өнім көлемі ұлғайып келеді. Кешен қазбаларды (фосфор) өндіру және өңдеумен айналысады. Комбинаттың жалпы пайдаланымдағы жер көлемі 10648,7 гектар. Онда 3 кен орны және 1 ұсақтау-сұрыптау фабрикасы жұмыс істейді. Аудандағы ірі кәсіпорынның бірі – «ЕвроХимТыңайтқыш» компаниясының зауытына қажетті 100 мың тоннаға жуық өнім осы фабрикада өңделіп берілді. Облыстық мәслихаттың депутаты, кешен директоры Мұратқали Сәрсенов басқаратын еңбек ұжымы аудан көлеміндегі түрлі қайырымдылық шаралардан сырт қалған емес. Ауданның тыныс-тіршілігіне, қоғамдық-саяси, мәдени-спорттық шараларына белсенді араласады.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруында химия өнеркәсібі саласындағы алпауыттардың бірі – «ЕвроХим-Тыңайтқыш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де үлкен үлес қосып отыр. Қаратау қойнауындағы кен орындарын игеруге кіріскен компания аудан экономикасын өркендетуге де септігін тигізуде. Компания Сарысудағы «Көкжон» және «Гиммельфарб» кен орындарында минералдық тыңайтқыштарды өндіру үшін химиялық зауыт құрылысын салу жұмыстарын жүргізуде.
Кәсіпорын басшылары өздерінің қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершіліктерін жақсы түсінеді. Аудандағы әртүрлі әлеуметтік-маңызды нысандарды күрделі жөндеулер өткізуге көмектесуден тартынған емес. Алдағы уақытта өндірісте жұмыс істейтін еңбеккерлердің орташа еңбек ақысы 100 мың теңгені құрап, 2000 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр.
Жалпы, ауданымызда аграрлық-өнеркәсіптік аймаққа айналдыру үшін жасалынып жатқан жұмыстар ауқымды. Кемшіліктер де жоқ емес. Әсіресе, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында қабылданған бағдарламалар бойынша атқарылатын жұмыстар жанданбаған. Жаңа индустрияландырудың екінші бесжылдығына жаңа инвестиция тарту ісі де кемшін тартуда. Дегенмен, біз олқылықтарды жоюдың нақты жолдарын іздестірудеміз.
2016 жыл еліміз үшін өркендеу, өрлеу, өсу жылы болады деп сенейік. Оған мүмкіндіктеріміз бен резервтеріміз толық жетеді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support