- Advertisement -

АРДАГЕРЛЕР ЕҢБЕГІ ЫНТАЛАНДЫРЫЛСА

101

- Advertisement -

Былтырғы жылдың тамыз айынан бастап барлық бастауыш ұйымдардағы есеп беру және сайлау жиналыстары үлкен ұйымшылдық әрі белсенді жағдайда жүзеге асқаны көңіл қуантады. Аталған жиындарда ардагерлер тек ұйым қызметінің төңірегінде ғана емес, өздері тұрып жатқан ауыл және аудан көлеміндегі өзекті мәселелер жөнінде ой қозғап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Біз де ұйымымыздың аудандық конференциясында атқарған жұмыстарымызға жан-жақты талдау жасап, алда тұрған міндеттерімізді белгіледік.
Бүгінгі таңда ауданымызда 6800-ден аса зейнеткер, 2 соғыс ардагері, 71 соғыс ардагеріне теңестірілгендер, 17 қайтыс болған ардагерлердің әйелдері, 557 тыл еңбеккері, 10 Қарулы Күштер қатарында қайтыс болғандардың отбасылары бар. Олар назардан тыс қалмауы үшін өзіміздің ықпал ету шараларымызды жүргізудеміз.
Әрбір атқарған жұмысымыздан, ұйымдастырған іс-шараларымыздан белгілі бір із қалып отыруы керек. Біздің бүгінгі жұмыстарымыз – ертеңгі тарихымыз. Сондықтан, аудандық ардагерлер ұйымы кеңесінің жаңа құрамы жұмысты уақыт талабына сай ұйымдастыру үшін ең алдымен өзімізге тиесілі құжаттардың іс номенклатурасын бекітуден бастады. Өйткені, бұдан бұрын облыстық ардагерлер ұйымы кеңесі тарапынан біздегі іс-қағаздардың талапқа сай жүргізілмей отырғандығы туралы сын айтылған болатын. Қазір біз іс-қағаздарды реттеп қана қоймай, оны бір жүйеге келтіріп, ел көретіндей, жариялы түрде жасақтадық. Оның тиімділігі өз нәтижесін беруде.
Облыстық ардагерлер ұйымының кезекті конференциясы – облыс ардагерлерінің қоғамдық өміріндегі маңызды оқиға. Облыстық ардагерлер ұйымының аудандық және бастауыш ардагерлер ұйымына ықпалы бұрынғыдан да белсендірек болса екен деген тілегі бар. Ол үшін ардагерлер активін оқыту, оларды іске үйрету секілді мәселелер бұдан да ширақ қолға алынса дұрыс болар еді. Бастауыш ардагерлер ұйымдары төрағаларына көптеген міндеттер жүктеп жатамыз. Олар атқарған жұмысына ешқандай жалақы алмайды. Бірақ, оларды мүмкіндігіне қарай моральдық және материалдық жағынан ынталандырудың, көтермелеудің жүйесін қалыптастыру керек деп есептеймін.

Бақыт СЫРЛЫБАЕВ,
аудандық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support